Көпшілікке қажет жоба

Көпшілікке қажет жоба
ашық дереккөз
Көпшілікке қажет жоба

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыс көлемінде кестеге сәйкес жиын өткізіп, аудан тұрғындарына жеңілдетілген несиені қалай алуға болатындығын түсіндірді. Берілетін несие көлемі 2,5 пайызды құрайды.

Аудандарды аралап, тұрғындармен кездесу барысында өңір тұрғындары топ мүшелері – облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтен, «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыровтан, аталған корпорацияның агротехникалық қызметінің басшылары Берікбол Мандибаевтан, IT- сектор Нұрлан Расмамбетовтен және пилоттық жобаны ілгерілету және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу секторы Асыл Ақбердіден көп мағлұмат алды. Көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойған аудан тұрғындары мамандардың жан- жақты талдай отырып айтқан тұшымды жауаптарына риза болды. – Несиелеудің барлық кезеңдері бұрын ешқашан автоматтандырылған емес, бірақ KEZEKTE. KZ электрондық сервисінің пайда болуымен бүкіл құжат айналымы толығымен онлайн режимде болатынын түсіну маңызды. Енді ауылдың әрбір тұрғыны үйден шықпай-ақ өтініш беріп, бүкіл процесті өз бетінше бақылай алады. Яғни, барлығы қолжетімді және ашық, – дейді IT- секторының меңгерушісі Нұрлан Расмамбетов. Естеріңізге сала кетейік, VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тұжырымдамасының негізі болуға тиіс екенін атап өткен еді. «Сайлауалды тұғырнамам да мен ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауыл кәсіпкерлігін дамытуды айқындадым. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылады, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайызбен 5-7 жыл мерзімге шағын не сиелер берілетін болады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа сервистік-тұрмыстық қызмет көрсету үшін құрылатын болады, олар жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға субсидияларға қол жеткізе алады. Бұл мақсаттарға шамамен 1 триллион теңге бағытталатын болады», деп атап өтті Президент. Үгіт-насихат жұмысымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ облысымыздың 26 ауылдық округінде болып, халықпен кездесу өткізген. Атап айт с ақ, Жамбыл ауданында Айша бибі, Қарасу, Тоғызтарау, Жуалыда – Қарасаз, Қызыларық, Т.Рысқұловта–Көк дөнен, Көгершін, Қарасу, Қаракемер, Байзақта – Ынтымақ, Көптерек, Таласта – Берікқара, Бостандық, Аққұм, Шуда – Көкқайнар, Жаңажол, Қорағаты, Меркіде – Ақтоған, Ақарал, Жаңатоған, Сарысуда – Игілік, Жаңаталап, Жаңаарық және Мойынқұм ауданында Бірлік, Қызылтал, Қызылотау ауылдарында болып, халықпен кездесіп, «Ауыл аманаты жобасы аясында берілетін несие жайын талқылаған болатын. Ауылдық округ тұрғындарымен кездесулерде «Ауыл аманаты» жобасының бес бағыты бойынша ақпарат берілді. Яғни, үй маңындағы жерлерді тиімді пайдалану, мал мен құстың өнімділігін арттыру, жемшөп пен жайылым проблемаларын шешу үшін пай учаскелерін ұтымды пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жарақтандыру және ауылдағы бизнес-жобаларды қаржыландыру. Мемлекеттің қолдауы жергілікті өндірістің әл- ауқатын, жұмыспен қамтылуын арттыруға және өнімін ұлғайтуға бағытталғаны сөз болды. – Көптеген азаматтарды бесінші бағыт – ауылдағы бизнес-жобаларды қаржыландыру қызықтырады. Мысалы, құс фабрикаларын салу. Біз өз кезегімізде халыққа мемлекеттік қолдаудың орасан зор мүмкіндіктерін мүмкіндігінше оңай жеткізуге тырыстық. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлінген 6 миллиардтан астам теңге «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» қанатқақты жобасына бөлініп, бүгінгі таңда жоба аясында 1211 несие рәсімделген, – дейді «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров. Ауыл тұрғындарының жобаға деген қызығушылықтары жоғары. Олар бағдарламаны талқылауға қуана қатысып, сондай-ақ өте өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарында қоюларына мүмкіндік алды. Ауыл тұрғындарына үлестірме материалдар (буклеттер) таратылды, баннер орнатылды. – Бұл жоба барлық тұрғындарға өте қажет. Осы қолайлы шарттармен мен өзім несие аламын деп үміттенемін. Мен мал шаруашылығымен айналысамын. Сиыр, қой және жылқы өсіремін. Енді өз шаруашылығымды дамыту үшін несие алуды көздеп отырмын, – деді Байзақ ауданы, Көптерек ауылдық округінің тұрғыны Маратбай Таласбаев.  

Кирилл БЕРДЕЦКИЙ,

«Тараз» ӘКК» АҚ-ның баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар