2023 жылдың 22-24 ақпан күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінде Қазақстан Республикасы ҰҒА құрметті Академигі Х.Қ.Оспановтың туғанына 90 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы және шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Физхимик-2023» халықаралық пәндік олимпиадасы өтті.
Оспанов Хабиболла Құсайынұлы 1932 жылы 10 шілдеде Павлодар облысы Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында қызметкердің отбасында дүниеге келген. Оспанов Х.Қ. химия ғылымдарының докторы (1979), профессор (1981), 1200-нан астам мақаланың, өнертабыстар мен патенттер бойынша 115 авторлық куәліктің, 22 монографияның, 20 оқулық пен оқу-әдістемелік құралдардың авторы болып табылады, сонымен қатар 20 жылдан астам әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физикалық химия және электрохимия кафедрасын басқарды.
Х.Қ.Оспанов көптеген минералдардың (оксидтер, силикаттар, сульфидтер, халькогенидтер) таңдамалы еру процестерінің термодинамикалық және кинетикалық сипаттамаларын көп жылдар бойы жүйелі түрде зерттеу негізінде үлкен теориялық және қолданбалы маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Физикалық-химиялық процестерді басқару теориясын құру процесінде ол жаңа бірегей термодинамикалық функцияны – Гиббстің орташа атомдық түзілу энергиясын енгізді, ол химияның, гидрометаллургияның, геохимияның, кенді флотациялаудың және ғылымның әртүрлі салаларында қолданудың кең ауқымын тапты.
Осы функцияны пайдалана отырып, Х.Қ.Оспанов қатты минералдардың әртүрлі сұйықтықтарда еруінің негізгі заңдылықтарын белгіледі, бұл оған минералдардың еру реттілігін (гидрометаллургия жағдайында) немесе бөлуді (флотация, химиялық байыту) болжаудың жалпы принципінің теориялық негіздерін жасауға мүмкіндік берді. Бұл функция кендерден, концентраттардан, шламдардан бағалы компоненттерді ерітіп алудың оңтайлы шарттарын таңдаудың дәстүрлі эмпирикалық әдісінің орнына Х.Қ.Оспанов ұсынған заңдылықтарды қолдану айтарлықтай табысты болды.
Х.Қ.Оспановтың ғылыми ізденістерінің практикалық маңыздылығының дәлелі ол жасаған теориялық база негізінде Жезқазған, Балқаш гидрометаллургиялық зауыттарында, «Майқайыңалтын» зауытында, сондай-ақ Қазақстан геология министрлігінің кәсіпорындарында, мұнай-газ және өнеркәсіптік кешендерде, Мәскеудегі химия өнеркәсібі кәсіпорындарында, Березникидегі (Ресей) титан-магний комбинатында сәтті жүзеге асырылған бірқатар тиімді технологиялар әзірленді.
Х.Қ.Оспанов ғылыми жұмысты педагогикалық қызметпен сәтті ұштастыра білді. Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасында магистранттарға арналған авторлық курстар бойынша дәріс оқыды, мемлекеттік тілдегі тұңғыш «Физикалық химия» оқулығының жазылуын ұйымдастырушы және авторларының бірі. Оның жетекшілігімен 45 кандидаттық және 6 докторлық диссертация дайындалып, қорғалды.
Химия және химиялық технология факультетінің қабырғасында физика-химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасы аталмыш олимпиаданы алғаш рет өткізіп отыр. Олимпиадаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің 2, 3, 4 курс студенттері қатысты. Олимпиада барысында химия және химиялық технология факультетінің деканы х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Галеева Алина Кулбаевна, физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.д., қауымдастырылған профессор Әубәкіров Ермек Айтқазыұлы және физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының профессоры Оспанова Алия Қапанқызы және И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті химия және оны оқыту технологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Сатывалдиев Абдураим Сатывалдиевич жарыс шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиада онлайн, 2 турда өтті. Бірінші турда қатысушылар «Физикалық химия» курсының химиялық термодинамика және химиялық кинетика бөлімдері бойынш тест тапсырмасын орындады. Екінші турда студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ғылыми-зерттеу іс-әрекетіне қызығушылықтарын оятуға бағытталған күрделілігі әртүрлі есептер шығарды.
Жұмыстарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және И.Арабаев ҚМУ оқытушылары кіретін құзыретті қазылар алқасы тексерді. ҚазҰУ студенттері Жақсыбай Бағашар, Ергешов Мақсат сәйкес 100 000 және 75 000 теңге материалдық ынталандырумен I, II дәрежелі дипломдармен марапатталса, 3 орынды ҚазҰУ студенті Мұқанов Асқар мен И.Арабаев атындағы ҚМУ студенті Ташматова Огулай (әрқайсысы 50 000 теңге) бөлісті. Олимпиадаға қатысушылар сертификаттарға ие болды.
Олимпиаданың демеушісі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультетінің физикалық химия және электрохимия кафедрасының түлегі, профессор Х.Қ.Оспанов және профессор А.Қ.Оспанованың шәкірттерінің бірі Алдабергенова Қарлығаш Қабиденқызы.
Қарлығаш Қабиденқызы – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы табысты іскер әйелдерінің бірі. Ол біздің еліміздегі туристік индустрияның дамуының бастауында тұр және көптеген шетелдік серіктестермен іскерлік қарым-қатынас орнатып, халықаралық деңгейде осы салада бизнесті бастаған алғашқылардың бірі болды. Ол өзінің еңбекқорлығы мен іскерлік қасиеттерінің арқасында туризм, логистика, тасымалдау, кедендік ресімдеу және басқа да халықаралық жобаларды басқаруда айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Бүгінде Қарлығаш Қабиденқызы қазақстандық «Aliya Star» компаниясының басшысы. Ол Қазақстанның белсенді және беделді іскер әйелдерінің арасында ерекше көзге түскен тәжірибелі басшы және ұйымдастырушы.
Олимпиаданы ұйымдастыруға және өткізуге физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының оқытушылары, докторанттары және студенттері белсенді қатысты.
Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының оқытушылары Тусупбекова А.С., Усипбекова Е.Ж.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді