«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірлікті ел бұзылмас

Бірлікті ел бұзылмас
ашық дереккөз
Бірлікті ел бұзылмас

ТарМУ-дың Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында университет басшылығы мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Этномәдени өзара әрекеттесу – қазіргі заманғы өркениеттік және саяси қатынастарды үйлестірудің негізгі факторы ретінде» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы және университеттің оқытушылары мен студенттері, облыстағы этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты.

Алдымен жиналғандарды еліміздің Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаған Ерқанат Манжуов кіріспе сөзімен конференция жұмысын ашып берді. – Бүгінгі күннің басты мақсаты – Елбасы қойған аса маңызды міндеттерді жүзеге асыру. Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға әрбір қазақстандық этномәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғам, саяси партиялар үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әлем елдерінде болып жатқан түрлі саяси қиын жағдайлардың Қазақстанға әсер етпеуін басты назарға алуымыз керек. Сондықтан, қазіргі таңда біз үшін этносаралық бірлік өте маңызды, – дей келе конференция тақырыбына орай өз ойымен бөлісті. Одан кейін бекітілген регламент бойынша ТарМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалы, ТарМУ-дың профессоры Парида Мамедова, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының жетекшісі Дуниядар Абдуллаев және тағы да бірқатар ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Олар өз баяндамаларында негізінен еліміздегі саяси тұрақтылық пен өзара этномәдени қарым-қатынасты қамтыған. Ғылыми конференция соңында арнайы қарар қабылданды. – 1992 жылы Қазақстан халықтарының форумының бірінші конгресінде Елбасы этномәдени қатынастар жөнінде алғаш рет айтқан болатын. Сол идея 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға алып келді. Міне, содан бері елімізде орын алып жатқан барлық өзгерістерде, алға жылжуларда осы қоғамдық институттың орны жоғары болғандығын жақсы білеміз. Қай уақытта болмасын этномәдени қатынастардың орны мен өзектілігі қоғам, мемлекет үшін, әсіресе көпұлтты Қазақстан үшін ерекше маңызды. Сондықтан, айтылған ойлары мен көзқарастары Ассамблеяның бұдан кейінгі жұмыстарына да азық болып, жаңаша серпін берсін деген ниетпен бүгінгі шараға облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен белгілі ғалымдарды арнайы шақырдық, – деді тілшілерге берген сұхбатында конференцияға төрағалық еткен ТарМУ проректоры А.Абдуалы.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар