Жеңімпазға құрмет көрсетті

Жеңімпазға құрмет көрсетті
ашық дереккөз
Жеңімпазға құрмет көрсетті
Жуырда Абай облысында еркін күрестен түндігі түрілген ел біріншілігінде жерлесіміз Өсімжан Дастанбек үздік деп танылды. Меркілік балуан 61 килограмм салмақта өнер көрсетіп, барлық қарсыластарын қапыда қалдырды. Өңір намысын абыройлы қорғаған спортшыны күні кеше жерлестері қарсы алып, құрмет көрсетті. Жалпы, Өсімжан бұған дейін біраз жетістіктерге жетіп үлгерген. Атап айтқанда, оның ел чемпионы деген атағы бар. Бұдан бөлек, VI Жазғы спартакиаданың күміс жүлдегері, Болгария мемлекетінің София қаласындағы Петко Сираков- Иван Ильева халықаралық турнирінің күміс жүлдегері және Иран астанасы Тегеран қаласында өткен әлем біріншілігі Кубогының иегері. Салтанатты кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Нәрікбаев, ауыл қариялары, жас палуандар, ақжаулықты әжелер қатысты. Ақсақалдар жас спортшыға ізгі тілек, ниеттерін білдіріп, ақ баталарын берді. Тұрғындар чемпионды шашу шашып қарсы алып, оған тұлпар мінгізіп, құрмет көрсетті. Ал, ауылдағы аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайнаркүл Тәттіғұлова жеңімпазға ауылдың мәртебесін көтеріп, облысымыздың абыройын көтергені үшін шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, бұл күні спортшының ата-анасы Дастанбек пен Халима, жаттықтырушысы Рауан Алжанбаев та құрметке бөленді. Жиналған қауым оларға шапан жауып, ілтипат білдірді. Чемпионның жаттықтырушысы Рауан Алжанбаев Өсімжанның ауылдағы еркін күрес үйірмесіне 10 жасында келіп, осы күнге дейін көптеген жарыстардың жеңімпазы атанып үлгергенін жеткізді. – Өсімжанды бала кезінен тәрбиеледім. Шәкіртім 7-сыныптан соң спорт мектебіне түсіп, тәжірибесін шыңдады. Ол жасөспірімдер арасындағы бірнеше турнирдің жеңімпазы. Биыл Семей қаласында өткен жарыста 23 жасқа дейінгі жастар арасында алтын жүлдеге ие болып отыр. Ауылымызда оның ізбасарлары көп. Атап айтсақ, кеше ғана Сәтімбек Ерасыл деген баламыз Алматы төрінде самбо күресінен өткен жарыста үздік үштікті түйіндеді. Ал, Темірхан Мансұр Семей қаласында қазақ күресінен өткен сайыста бірінші орынға ие болды. Аядай ғана ауылдан көпке үлгі болар шәкірттеріміз келешекте де көптеп шығады деп сенеміз. Өсімжанның алар асуы мен бағындырар белесі көп болсын. Ол алдағы уақытта Азия және олимпиада чемпионы болады деген үміт мол, – деді Р.Алжанбаев. Бұдан кейін, ауылдық мәдениет үйінде басқосу болды. Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Нәрікбаев, ауыл әкімі Мерей Рамаданов және ауыл имамы Қожай Күрішбаев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Әуелі сөз алған Нұрсұлтан Бақытжанұлы спортшыға аудан басшысының Алғыс хатын тапсырды. Жиын барысында чемпион да ортаға шығып сөз сөйлеп, жерлестеріне алғысын білдірді. – Бұл менің үлкен жарыстардағы алғашқы қадамым деп білемін. Алдағы Азия чемпионатына қатысуға ниетім бар. Сол байрақты бәсекеде топ жарамын деген үміттемін. Ол үшін тыңғылықты дайындаламын. Ауылдың, облыстың намысын қолдан бермеймін. Күні-түні еңбек етемін. Діттеген мақсатыма жетемін деп ойлаймын. Барша ауыл жұртшылығына мені құрметтеп, ат мінгізіп, ізгі тілек білдіріп жатқандары үшін рақмет айтамын. Үкілі үміттеріңізді ақтаймын, – деді Өсімжан Дастанбек.  

Есен ӨТЕУЛІ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар