Ізденген жетер мұратқа

Ізденген жетер мұратқа
ашық дереккөз
Ізденген жетер мұратқа

Немесе Мемлекет байлығы – дарынды адамдар

16Өркениетті елдерде ішкі жалпы өнімнің 70-80 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері өндіреді. Еліміз нарықтық экономикаға көшкелі бері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасы және қолдауымен кәсіпкерлік саласын өркендетуде ауыз толтырып айтарлықтай істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Елбасы жуырдағы Жолдауында Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдік пен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлуге тапсырма берді. Осыған қарамастан елімізде бұл сала баяу өркендеуде. Шағын және орта бизнес көңілдегідей серпін алмай келеді. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 20 пайыздан аспайды. Саланы серпінді өркендету жолдары қандай? Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін қалай ұлғайтуға болады? 

Осы мәселе Қазақстан Инвесторлар альянсының президенті Азаматхан Сайлауұлы Әміртаевты ұзақ уақыттан бері толғандырып келеді. Ол өзінің осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерін алқалы жиындарда жиі айтып келеді. Азаматхан жетекшілік ететін 10 кәсіпорында бүгінде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. А. Әміртаев сөзіне ісі сай азамат. Осы мерзімде ол оншақты кәсіпорынға инвестиция құйып, олардың аяғынан тұрып кетуіне үлкен қолдау көрсеткен. Шағын және орта бизнестің өркендеуі әсіресе, ауылдық жерлерде көңіл көншітпейді. Соның салдарынан қыруар резервтер іске қосылмай, ауыл азаматтары иелігіндегі жерді толық игере алмауда. Мал басын көбейтуге ділгірлер де аз емес. Ауылдағы кәсіпкерлікті қалай дамытамыз, оның жолдары қандай? Азаматхан Әміртаев осы мәселелер жөнінде ой өрбітеді. – Әуелі өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, алған біліміңіз және еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз? – Мен Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жақсылық ауылының тумасымын. Әкем Сайлау шаруашылықта бас малдәрігері болып істеді. Анам Роза сауда-саттықпен айналысты. Қазір олар зейнетте. Жақсылық ауылында 7-сыныпқа дейін оқыған соң Алматыдағы арнайы физика-математика мектебіне ауыстым. Жоғары сыныптарда жүргенде физикадан республикалық олимпиадаларға қатысып, бірнеше рет жүлделерге ие болдым. Орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Энергетика және байланыс институтына оқуға түстім. Кәсіпкерлікпен институт қабырғасында оқып жүрген кезде айналыса бастадым. Компьютер бөлшектерін құрастырып, саттық. Оларға бағдарламалар енгіздік. Елімізде мекеме, кәсіпорындарға алғашқылардың бірі болып пейджингтік байланыс орнаттық. Жоғары оқу орнын бітірген соң «Казкомнет» деген фирма аштым. Осы кезде Мемлекет басшысының электронды құжатты мемлекеттік мекемелерге енгізу туралы Жарлығы шыққан болатын. Осы құжатты алып оңтүстік облыстардың әкімдеріне кірдім. Бұл жобаны сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов бірден қолдап, оны енгізуге тапсырма берді. Көп ұзамай IТ технологиясы компаниясын құрдық. Біраз жыл темір жол саласының кеңесшісі болып істеген соң 2008 жылы Англиядағы Кэмбридж университетінде оқыдым. Одан кейін оқуымды Америкадағы Сан-Францискода жалғастырдым. Елге 2010 жылы қайтып оралдым. Шетелдерде алған білімімді еліміздің өркендеуі үшін жұмсап келемін. Қазір біздің кәсіпорындар бес бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – сауда-саттық, екіншісі – ІТ нарығы, үшіншісі – өндірістік (құрылыс материалдарын өндіреміз) төртіншісі – консалтинглік және бесіншісі – трансформация. Бізде көп кәсіпкерлер ірі кәсіпорындар құруға құштар. Бұл – тиімсіз. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде көптеген ірі кәсіпорындар жабылып қалды. Мұндай кәсіпорындар өнімдерін өткеруде де үлкен қиындықтарға кездеседі. Біздің мемлекетіміз де жұмысы тұралап қалған көптеген зауыт, фабрикаларды қаржылай сауықтыруға мәжбүр болды. Ал шағын және орта бизнес субъектілері мұндай қиындықтарды жеңіл еңсереді. Жағдайға қарай тез бейімделеді. Бізде осы саланы өркендетуде қыруар мүмкіндіктер мен резервтер бар. Еліміздің экологиялық жағынан таза жеміс-жидегі, көкөнісі, ет және сүт өнімдері Еуропада үлкен сұранысқа ие. Өкінішке орай, біз қолда барымызды ұқсатып, оларды экспортқа шығара алмай отырмыз. – Оған не кедергі? – Бұл өзі айта-айта жұртты жалықтырған әңгіме. Басқаны былай қойғанда, біздің облысымызға өңделген көкөністің 90 пайызы сырттан жеткізіледі екен. Аймақта өндірілген еттің – 40 және сүттің – 30 пайызынан астамы ғана өңделеді. Соның салдарынан дүкендеріміздің сөрелері сапасы күмәнді шетелдік азық-түлікке сықасып тұр. Ауылдағы ағайындарда жер және мал жоқ емес, әйтсе де елді мекендерде өңдеу өнеркәсібінің өркендемеуінен олар өз өнімдерін арзанға өткеруде. Ал шетелдік азық-түлікті қымбат бағаға сатып алуда. Егер әр ауылда көкөніс, жеміс, ет және сүт өңдейтін шағын кәсіпорындар ашсақ, ішкі нарық сапалы өніммен қамтамасыз етіледі. Артылғаны экспортқа шығарылады. Біз осындай игілікті істі жүзеге асыру арқылы дүкендеріміздің сөрелерінен шетелдік тауарларды да ығыстырар едік. – Мемлекет кәсіпкерлердің өз істерін ашып, аяқтарынан тұрып кетуі үшін аз қамқорлық жасап жатқан жоқ. Әйтсе де, олар осындай игілікті істі неге қолға алмай отыр? – Шағын және орта бизнесті дамыту үшін елімізде көптеген бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Мемлекет тіпті осындай кәсіпорындар ашқандардың жұмсаған шығынының жартысын өтеп беретін болды. Өкінішке орай, бізде көп азаматтар өздерінің қарақан басының қамын ғана ойлайды. Тез табыс түсіретін мейрамхана салуға және қызмет көрсету орындарын ашуға құштар. Қазақ тойшыл халық. Бар тапқанын мейрамхана иелеріне беріп, қарызданып-қауғаланып қалады. Әрбір кәсіпкер өз елінің патриоты болуға тиіс. Ол үшін әлбетте, жаңа кәсіпорындар ашып, өз өнімімізді өндіруге тиіспіз. Кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындар ашу арқылы халықтың тұрмысы түзеледі. Сіздің шығарған өніміңізді халық сонда ғана сатып алады. Рас, мемлекеттік бағдарламалар бойынша банктер кәсіпкерлерге белгілі бір өсіммен несие үлестіруде. Оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Кепілге жылжымайтын мүлік талап етеді. Оны жарты бағасына ғана бағалайды. Несие алу үшін жүздеген қағаз толтырған, әбден жүйкесі жұқарған кәсіпкердің одан кейін жұмыс істеуге құлқы болмай қалады. Демек, банктер елімізде бұл саланың дамуына жанашырлық танытып отырған жоқ. Ауылдарда істің көзін табатын, қолға алған ісін дөңгелетіп кететін дарынды азаматтар жоқ емес. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші, олар өз ісін ашу үшін қаржыға ділгір болып отыр. Егер осындай азаматтарға қаржылай қолдау көрсетсек, олар жұртқа аса қажет тауар өндірумен қатар көп адамға жұмыс тауып берер еді. Еліміз экономикасын өркендетуге кең жол ашылады. – Бұл бағыттағы сіздің ұсынысыңыз көп адамның қолдауына ие болғаны қуантады. – Құдайға шүкір, бүгінде қай ауыл, қай өңірде болсын тасы өрге домалап, аяғына нық тұрған ірі кәсіпкерлер жоқ емес. Осындай азаматтар ауылдарына келіп, ауылдастарының өз істерін ашуына, аяқтарынан тұрып кетуіне қаржылай көмек беруі тиіс. Сонда бір қолын екі ете алмай отырған адамдар жерін игеруге, мал басын көбейтуге мүмкіндік алады. Қалтасында қаржысы бар азамат нарықта өтімтал өсімдік өсіреді. Малын көбейткен кәсіпкер артығын сатып пайда табады. Қаншама адам жұмысты болады? Әркім өзінің елін, жерін сүйгенде оған аянбай еңбек еткенде ғана мемлекетіміз бақуатты болып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосыла алады. Барлық нәрсе салыстыру арқылы бағаланады. Шетелдердегі кәсіпкерлерді және олардың жасап жатқан жұмыстарын көргенде патриоттығына, жауапкершіліктерінің жоғарылығына жүрегің елжіреп, қайран қаласың. Сондықтан да өркениетті елдерде кәсіпкерлерге үлкен құрметпен қарайды. Әркім кәсіпкер болуға талпынады. – Идеяңыз дұрыс екен. «Бес саусақ бірдей емес». Кәсіпкерлердің арасында жомарты да, сараңы да бар. Олар өз қалауларымен жерлестеріне ақша ұсына қояр ма екен? – Әлбетте, далада жатқан ақша жоқ. Қаржы қажет еткеннің бәріне бірдей үлестіріле бермейді. Ақша алуға ниет еткен адамның қабілеті, білім-білігі және шама-шарқы жете зерттеледі. Оның міндетті түрде бизнес жоспары болуы тиіс. Кәсіпкер инвестиция алып, аяғына нық тұрғаннан кейін инвесторға тапқан табысынан дивидент төлеп отырады. Мұның өзі екі жаққа да тиімді емес пе? Тәжірибе көрсеткендей, ауылдағылардың әлі де кәсіпкерлік туралы түсінігі таяз. Демек, елді мекендерде ағартушылық, яғни, түсіндірушілік жұмысты белсенді жүргізу қажет. Инвестицияны тәуекелге бара алатын, істің көзін табатын, жұмыс орындарын ашатын және халыққа аса қажетті тауар өндіретін азаматтарға беру керек. Кәсіпкерлік белсенділікті көтеруге тиіспіз. Халықты жұмыс істеуге үйретуіміз керек. Осы тұста бір кемеңгердің: «Егер сен аш адамға балық берсең, оны ол бір күн талғажау етеді. Ал қолына қармақ ұстатып, балық ұстауды үйретсең өмір бойы аш болмайды» деген сөзі еске түсе береді. – Алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз? – Ата-бабаларымыз: «Туған жерге туыңды тік» деп текке айтпаса керек. Таяуда Жамбыл облысынан шыққан ірі кәсіпкерлердің басын қосып, осы ұсынысымызды ортаға салмақпыз. Оның арнайы тұжырымдамасы жасалады. Осы ойымызды облысымыздың басшыларына да айттық. Олар бірауыздан қолдау білдірді. Егер осы ұсынысымызға жерлес кәсіпкерлер қолдау білдірсе, қолға алған ісіміз үш-төрт жылдан кейін өз нәтижесін береді. Ауылдағы дарынды жастардың жолы ашылып, бизнесте бағын сынайды. Ішкі нарығымыз отандық тауарларға толады. Кәсіпкерлік нағыз экономиканың локомотивіне айналады.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар