Жер-су, көше атаулары көңілдегідей емес

Жер-су, көше атаулары көңілдегідей емес
ашық дереккөз
Жер-су, көше атаулары көңілдегідей емес

Неге арал – славное, ақдала – степное, күрішті – рисполе деп аталады?

Кешегі тоталитарлық саясат тұсында ел-жұртымыздың тарихы, жер-су атаулары халықпен санаспай жаппай өзгертілгені баршамызға мәлім. Осы жүйе біздің ұлттық ономастикамыздың өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігі мен топонимикалық жүйесіне кері әсерін тигізді. Оның нақты айғағы ретінде әлі де көптеген мысалдар келтіруге болады. 

Бүгінге дейін Қордай ауданында – Славное, Степное, Рисполе, Меркі ауданында – Гранитогорск, Интернациональный сияқты ауылдардың танымдық мағынасы ескірген атауларын өзгерту жұмыстары ақсап тұр. Олардың жергілікті тұрғындар арасындағы ескіше аттары сақталып қалғанын да айтпай кетуге болмас. Мәселен, Славное ауылының – халық арасында сақталған – Арал, Степное ауылының – Ақдала, Рисполе ауылының – Күрішті сияқты өңірмен үндес байырғы атаулары бола тұра ресми атауларынан айнымай келеді. Бұл туралы «Жамбыл облысындағы ономас­тика­лық ахуал» тақырыбында өткен облыстық конференцияда жан-жақты қаузалды. Ономаст-ғалым Зиба Абдуллақызы осындай ортақ кемшіліктердің Жамбыл ауданындағы Гродеково, Пригородное, Октябрь-Жеңіс, Т. Рысқұлов ауданындағы Каменка, Юбилейный, Луговое, Новосел ауылдары, Мойынқұмдағы Мирный кентіне де қатыстылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Зиба Құламанова облыстағы 4437 көше атауларының, оның ішінде Тараз қаласындағы 951 көшенің 312-сі, Қордай ауданындағы 447 көшенің 163-і, Меркі ауданындағы 398 көшенің 95-інің атау мазмұны ескіргенін ескеру керектігін де алға тартты. Иә, Тараздағы Автомобильная, Декабристы, Тупиковая, Октябрьское, Заречная, Тепловозная, Яблочная, Коммунальная, Деповская, Кольцевая, Зеленая, Мельничная, Элеваторная және Клубная сияқты көптеген көше атауларының әлі күнге байырғы қалыпта неге сақталып отырғаны белгісіз. Сонымен қатар, бұл мәселелерді алға тартушылар қаладағы көше атауларына арналған анықтағыш тақталар мен жалпы көрнекі ақпарат құралдарында да бірізділіктің жоқтығын айтады. Ал, Тараз қаласындағы сауда дүкендерінің атауларына шолу жасаған Ақерке Бекқұлова өз баяндамасында 85 киім дүкенін нысанаға алыпты. Олардың ішіндегі атаулары шетелше немесе мағынасыз тақырыпта қойыла салғандарын астын сызып тұрып көрсетті. Ол, ғана емес «Отрар», «КербеZ» секілді сауда дүкендері өз атауларының жазылуындағы ақауларға атүсті қарап отырғанын атап өтті. Расында, Отрар-Отырар болып жазылу қажеттілігін сауатты кез-келген адамның білуі тиіс. Ал, КербеZ ұғымына келсек, сөздің соңғы әрпін «Z»әрпімен ерекшелеп қойғаны түсініксіз. Анығында мұндағы Z әрпін басқа бір ұғымның басқа бір ұғымның басқы әрпі деп қорытсақ, негізгі сөз«кербе»-ге айналып, мүлде түбірі жоқ сөз болып, бастапқы мағынадан алыстап кетері даусыз. Осындай келелі ойларды ортаға салған отырыс барысын қорытындылаған облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Үртай Сапақова бұл конференцияға білімгерлер мен болашақ жас ғалымдардың тартылуының тәрбиелілік мағынасы тереңде екенін алға тартты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар