Трансшекаралық өзендер түйткілі Шу-Талас бассейндік кеңесінде кеңінен сөз болды
- author «Ақ жол»
- 4 желтоқсан, 2014
- 274
Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы, бассейндік кеңес төрағасы Жұмабек Мұқатов басқосуға Астана, Алматы, Шымкенттен және Қырғыз Республикасынан келген су мамандары, өзге де қызмет өкілдерін таныстырғаннан кейін, ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитетінің кеңесшісі Ерлан Бадашев «Қазақстан су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелері» туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ол негізінен үш мәселені ерекше бөліп айтты.
– Қазақстан пайдаланып жатқан ағын судың 44 пайызы сырттан келеді. Сондықтан су алып отырған Ресей, Қытай, Қырғызстан, тағы басқа трансшекаралық елдермен тату және іскерлік байланыста болудың маңызы зор. Бұл ретте Жамбыл облысы көрші қырғыз ағайындармен екіжақты тиімді мәмілегерлік қатынаста. Ал көктен Алла бермей, қоймалар суға толмаған жағдайда жердегі Құдайы көршіге өкпелегеннен гөрі түйінді мәселені бірлесіп шешкен жөн. Тағы бір маңызды мәселе – маман кадрлар тапшылығы. Сондықтан бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын қайта «тірілтіп», ол Тараз университеті жанынан ашылуы керек, – деп екі өзекті мәселені ерекше атап өткен Ерлан Айтмаханұлы мемлекеттік бағдарлама бойынша осы облысқа қаралған 29,4 миллиард теңге қаражатты жаңа су қоймаларын салуға, қолда барын жөндеуге, су жүйесін жаңғыртуға тиімді жұмсау керектігін де айта кетті.
Шу-Талас бассейндік инспекциясында су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөнінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайынан хабарлама жасаған инспекция басшысының орынбасары Ғалымбек Құралбаев, облыстың соңғы үш жылда Шу, Талас өзендері арқылы тиісті мөлшерде су ала алмай отырғанын ашып айтты. Тек биылғы жылдың өзінде 198,3 миллион текше метр суды аз алған. Соның салдарынан облыста Қордай, Меркі аудандары шаруалары егіншілікте 838 миллион теңгеге шығынға батты. Бұл туралы «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалы директорының орынбасары Берік Нұралиев айтты. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы су ресурстары бөлімінің басшысы Нұржан Түйебеков: «Біз біреуді кінәлауға құмармыз. Қазір суға қожайын көп. Коммуналдық каналдар пайда болды. Оларды қалпына келтірумен ешкім айналысып жатқан жоқ. Коллекторлық дренаж деген ұмытылғалы қашан. Бәрі де тек ақша табудың жолында. РМК-ның жұмысын реттеу керек. Олардың суды сатумен емес, дұрыс бөлумен айналысқаны жөн. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі судың бағасын қалыпқа келтіруі керек. Қазір сушының айлығы 40 мың теңгенің төңірегінде. Нарықтық экономика жағдайында осындай жартымсыз жалақыға кім жұмыс істей қойсын. Сондықтан маман дайындау дұрыс десек те, оның жұмыс ауқымына, атқаратын қызметіне қарай табысын да реттеу керек», – деп сын тұрғысындағы пікірін айтты. Сынды мойындаған республикадан келген өкіл Ерлан Баташев судың қожайыны біреу-ақ болуы деген ұсынысты қолдайтынын, бұл мәселе жоғары деңгейде шешілуге тиіс екенін тілге тиек етті. Жалпы, бұл айтылып қана қоймай кең көлемде көтерілуге тиіс мәселе. Суармалы жерлердің тиімді пайдаланылмай жатқаны, суды бөлудегі ала-құлалық та осының салдарынан. Дәл осы жерде «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келіп, оның зардабын шаруалар тартып отыр. Нарықтық қатынастар жағдайында «судың да сұрауы бар» екенін ескерген жөн шығар, бірақ жұмыртқадан жүн қырыққан қулардың тақыр жерден пайда табуларына жол бермеу керек. Өңірдің өңін кіргізіп тұрған Билікөл көлінің ластану деңгейі, оның экологиялық жағдайын жақсарту жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы облыстық экология департаменті сынақ зертханасының басшысы Жаһангер Назарбеков, «Жамбыл гидрометерология орталығы» РМК маманы Раиса Николаевна Беспалова сөз сөйлеп, бір кездері балық шикізатының көзі, тамаша демалыс орны болған көлдің бүгінгі мүшкіл халін баян етті. Олар көлдің экологиялық жағдайын жақсарту, қалпына келтіру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Шындығында да кезінде су жәндіктерінің 30-дан астам түрі өмір сүрген, жағасында балық зауыты жұмыс істеген «табиғат сыйын» қайта қалпына келтіру керек-ақ. Бұл болашақ алдындағы жоғары жауапкершілік те. Бассейндік кеңесте еркін әрі кең көлемде пікір алмасу болып, тиімді ұсыныстар жасалынды. Кеңестің жаңартылған құрамы оларды назарға алып, болашақта сол бойынша жұмыс істеуге пәтуаласты. Басқосуға көрші мемлекеттен қатысқан өкілдер атынан сөз сөйлеген Қырғыз Республикасы Су шаруашылығы және мелиорация департаменті Талас бассейндік су шаруашылығы басқармасының бастығы Болот Батырқұлов қазақ әріптестеріне осынау алқалы жиынға қатысуға, мәселені мәмілегершілікпен ақылдаса отырып шешуге шақырғаны үшін алғыс айтып: «Мақсат – елдің мүддесі үшін жұмыс істеп, елге қызмет ету. Осы мақсаттың орындалуына игі ықпалын тигізетін бұл басқосудан зор әсер алдық. Амандық болса, біз де кей түйінді мәселені сіздермен бірлесіп шешуге шақырамыз» деген ізгі ниетін білдірді.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді