«Парыз» парызын ақтауда

«Парыз» парызын ақтауда
ашық дереккөз
«Парыз» парызын ақтауда

«Тарихи шайқастағы жамбылдықтар» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияны осылай түйіндеуге болады

Алдымыздағы жылы – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Бұл бәріміз үшін үлкен мереке. Ұлы Отан соғысына көптеген қазақстандық қатысып, олардың жартысына жуығы майдан даласынан оралмады. Миллионға жуық ата-апаларымыз тылда аянбай еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға лайықты үлес қосты.

Бүгінде майдангерлер қатары жыл сайын сиреп барады. Сондықтан оларды құрметтеп, ардақтау – асыл парызымыз. Ел үшін ерлік жасап, отансүйгіштік пен патриоттықтың үлгісін көрсеткен қаһармандар ешқашан ұмытылмақ емес. Осы орайда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында майдан даласынан оралмаған, хабарсыз кеткен жамбылдықтарды іздестіру акциясы жүзеге асырылған болатын. Оны «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлы үйлестіріп отырды. Аталмыш акцияны қорытындылау мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында «Парыз» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тарихи шайқастағы жамбылдықтар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға мемлекеттік органдар мен облыстық қорғаныс істері департаментінің, жоғары оқу орындары мен колледждердің ұстаздары мен студенттері және майдангерлердің ұрпақтары қатысты. Отырысты аталмыш жоғары оқу орны ректорының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселер жөніндегі проректоры Орынқыз Көпбосынқызы ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз кезегін алған «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлы Брест, Москва, Сталинград, Ленинград, Новгород, Курск, Орел, Калинин, Псков, Смоленск, Витебск шайқастары туралы тоқталып, ондағы қазақстандықтар,соның ішінде жамбылдықтардың ерліктері жайлы сыр шертті. – Біздің қоғамдық бірлестік Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын басшылыққа ала отыра жұмыс жасауда. Ондағы мақсатымыз – тарихи шайқастағы жауынгерлеріміздің ерлігін, хабарсыз кеткендердің дерегін анықтап, боздақтардың жерленген жерін тауып, ұрпақтарына жеткізу, мәліметтерін мұрағат, мұражайларға тапсыру. Айталық, іздестіру барысында Ленинград, Новгородқа тапсырған 500 қара қағаздар негізінде жамбылдық 246 жауынгеріміздің есімдері ескерткіштеріне жазылған дерегі қолымызға тиіп отыр. Олардың 30-ы байзақтық, 43-і жамбылдық, 14-і мойынқұмдық, 5-і жуалылық, 18-і құландық, 61-і меркілік, 8-і шулық, 22-і таластық болса, қалған 44-і тараздық екені анықталды. Бұл деректерді аудандық ішкі саясат, қорғаныс бөлімдеріне тапсырып, ұрпақтарымен хабарласуларын өтіндік. Ал, сегіз майдангердің ұрпақтарына әке-аталарының хабарын өзім жеткізіп, олардың ризашылықтарына көзбен куә болған жайымыз бар, – дейді, Б.Әліұлы. Сондай-ақ, ол басқа да іздестіру жұмыстарына нәтижелігін көрсететін көптеген мысалдар келтіріп, олар жайлы фотодеректерге де шолу жасады. Алдағы уақытта қоғамдық бірлестіктің бұл жұмыстарының нақты жиынтығы ретінде деректі фильм түсірілмекші. Бұдан кейін сөз алған баяндамашылар да Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтар жайлы әрқилы әңгімелер қозғай білді. «Жамбылдықтардың майданға көмегі» атты тақырып аясында ой өрбіткен облыстық мұрағаттың бөлім басшысы Мақұлбек Рысдәулет Ұлы шайқастағы жамбылдықтардың санын нақтылуда көбіне асыра сілтеушілікке бой алдырмау керектігін ескертіп өтті. Оның айтуынша кейбіреулер 100 мыңнан асырып айтып жүрген тарихи шайқастағы жамбылдықтардың саны мұрағаттағы деректерге сүйенгенде 50-60 мыңның төңірегінде шектеледі екен. Оның себебі де бар, ресми деректерде 1939-1940 жылдары облыстағы халық саны 320 мыңды көрсетсе, ол кезде демографтардың айтуынша әр бесінші-алтыншы адам ғана әскерге алынып отырған көрінеді. Осы секілді тосын мәліметтер мен келелі пікірлерге негізделген жиын барысы майдангер ұрпағы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығынын иегері Қуандық Шолақтың «Әкеге арнау», «Мен сені білем, сұм соғыс» секілді отты жырларымен өрбіді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар