Сұхбат
«Төңірегіңмен тату бол, жақсылық жаса – бәрі алдыңнан шығады»
- author «Ақ жол»
- 16 наурыз, 2023
- 1.8k
«Төңірегіңмен тату бол, жақсылық жаса – бәрі алдыңнан шығады»
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері: «Төңірегіңмен тату бол, жақсылық жаса – бәрі алдыңнан шығады». – «Тәртіпке бас иген құл болмайды» дейтін батыр Бауыржан Момышұлының принципін қатаң ұстанатыныңызды білем. Бұл дағды жас шағыңыздан бар ма, әлде, кейін, жүре келе қалыптасты ма? Отбасыңыз, өскен ортаңыз туралы не айтасыз? Бала Қасымхан қандай болды? – Мен табиғатымнан мемлекетшіл, отаншыл, патриот болып өстім десем, артық айтпаған болар едім. Әрине, мұның бәрі ата-анамның, апамның, мектептің тәрбиесі. Қырық үш жасыма дейін Кеңес одағының ықпалын көріп, партия идеологиясын санама қатты сіңірген адаммын. Кішкентайымыздан пионер, комсомол идеяларына жан-тәнімізбен сеніп, өзімізді Отанын сүйетін, керек болса, жаудан қорғайтын, ол үшін тіпті өмірін де құрбан етуге дайын етіп өстік. Біз соғыстан кейінгі ұрпақтың өкіліміз. Есімде, мектеп жасынан соғыс туралы, Ұлы Отан соғысының батырлары жайлы көркем фильмдерді, фашистік концлагерьлер туралы, неміс нацистерінің жантүршігерлік, зұлымдық қылмыстары туралы көптеген деректі фильмдерді көріп, ақын-жазушылардың кітаптарымен сусындап өстік. Олег Кошевой, Павлик Морозов, Зоя Космодемьянская, Александр Матросовтарды бізге сол заманның батырлары қып көрсеткен, халықты жеңіске шақыратын, елдің рухын көтеретін үгіт-насихат материалдарына қатты сендік. СССР мен АҚШ-тың бір-бірімен космосты игерудегі, экономикадағы, әсіресе саяси майдандағы бәсекелестігіне бала жасымыздан құлақтанғанбыз.
Туған ауылым Масақ Ақтөбеде 1955 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Келесі жылдың көктемінде әкем қызмет бабымен көрші Мойынқұм колхозына ауысты да, неміс, шешен, әзірбайжан, украин, орыс секілді түрлі ұлт өкілдері тұратын ол жерде қазақ мектебі болмағандықтан, қайтадан қайталап бірінші сыныптан бастап мектепті орысша оқыдым. Мектеп директоры Узер Ашрафович Багиров, сынып жетекшісі Мамед Ахмедович Мирзоев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дмитрий Федорович Пустоветов, музыкант Андрей Андреевич Миллер, ерлі-зайыпты мұғалімдер, физик Иванов Валерий Михайлович пен химик Валентина Георгиевна сынды мұғалімдеріміз нағыз педагогтер еді.
Ағаштан пистолет, автомат, қылыш жасап алып, «советтер» мен «фашистер» болып бөлініп, соғыс ойынын ойнайтын біздердей балаларды «Моральный Кодекс строителя Коммунизма» деген мәтіні барлық жерде көз алдыңда ілініп тұратын, октябрят пен пионер және комсомолдың Антын жадыңа құя жаттататын КПСС-тің бұлжымас идеологиясы дамытты.
Бала кезімнен мені әкем Естемес Төлендіұлы ең бастысы адам болуға, жігіт болуға үйретті.
Біздің ауылдың тумасы, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев «Шу өңірі энциклопедиясы» кітабындағы «Құтты мекен – Масақ Ақтөбе» атты мақаласында «Өткен ғасырдың отызыншы жылдары бүкіл Кеңестер Одағында орын алған түрлі қоғамдық шаралар Масақ Ақтөбе ауылын да айналып өткен жоқ. Мәселен, сауатсыздыққа қарсы күрес жарияланған мәдени революция жылдары ауылдағы еңбек жасындағы әйелдер мен ерлерді колхоздың клубына жинап алып, сол кездегі өрімдей жас жігіт Естемес Төлендіұлы әліппені (алфавит) үйреткенін әке-шешелеріміз ризашылықпен еске алып отыратын», деп жазыпты ол кісі туралы.
Әкем мінезді, көпшіл, өнерге жақын, сері, білімді кісі еді. «Оқымасаң, орыс тілін меңгермесең қатарыңнан қаласың» деп менің жүріс-тұрысыма, оқуыма, азамат болып қалыптасуыма ықпал етті. Колхоздың, мектептің кітапханаларынан қандай кітап алып оқып жүргеніме дейін біліп отыратын. Кітап оқы, күнделікті газет-журналдарды оқы, радиодан жаңалықтарды тыңда дейтін. Соның бәрі маған әдетке айналды. Қазақ тілінде шыққан Қобыланды батыр, Алпамыс батыр туралы көптеген хисса-дастандары бар «Батырлар жыры» кітабына құмартып, «Ер Төстік», «Күн астындағы Күнекей қыз» секілді ертегілермен өз бетімше сусындадым. Орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті мұғаліміміз Пушкиннің, Лермонтовтың, Есениннің, Шолоховтың, басқа да ақын-жазушылардың шығармаларын терең оқып талдататындықтан, қазақ әдебиетіне дұрыс мән берілмей, тіпті Абайдай хакім ғұламамыз жайлы үстірт айтылатындықтан, колхоз кітапханасынан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың екі томдығын кездестіріп, бастап көрейін деп байқап, бас ала алмай оқып, аяғынан бір-ақ шыққаным есімде. Қазақ мектебін бітіргендер жоғары оқу орындарына түскенде орысша жүретін дәрістердің бәрінен қиналатын. Біздер керісінше, өз ана тілімізді де ұмытпау үшін, өзімізді өзіміз іштей қайрап, өзара ортамызда қазақша сөйлеуге тырыстық. Кейін жұмыс атқарғанда сонымыздың көмегі зор болды. Қазақ тілді аудандар мен қазақы ауылдарға жол түскенде ұятқа қалмайық деп, қазақша сөйлеуге дайын болып баратынбыз. Мені сол үшін 1980-1990 жылдары Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарына іссапарға жиі жіберетін. – Сонау 1971 жылы Торғай облысының «Арқалық» совхозынан зоотехник-селекционер боп бастаған сіздің еңбек жолыңыз өнегеге толы. Мемлекеттік қызметтің де талай сатысынан өттіңіз. Көргеніңіз көп. Көкейге түйіп, көңілге тоқығаныңыз одан да көп шығар? – Иә, 1971 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдаған соң, жазда үйленіп, жаңадан құрылған Торғай облысындағы Арқалық кеңшарына жолдамамен барып, алғашқы еңбек жолымды зоотехник-селекционер болып бастадым. Қызыл дипломмен ЖенПИ-ді қазақша бітірген келіншегім Айзада сол ауылдағы орыс мектебіне химия пәнінен сабақ беретін болып орналасты. Пәтер берілгенше бас мал дәрігерінің үйінде тұрдық. Бұл «Целинный совхозда» бұрыннан сырттан көшіп келген переселендер, жер аударылғандар, түрлі ұлт өкілдері механизатор, малшы, дихан, сауыншы, мұғалім, дәрігер, кеңсе қызметкерлері болып жұмыс істейді екен. Ұзамай бізге ұзын төрт пәтерлі барактан орын тиді. Ингуш, молдаван, украин, орыстармен көрші болдық. Совхоздың бас бухгалтері, бас ветврачы, ауылкеңес төрағасы мен бір мал дәрігері ғана қазақ-тын. Сол ағалар бізді өздерінің баласындай, бауырларындай қабылдап, ағалық қамқорлық танытты, ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Кеңшардың директоры орыс кісі-тін, беделді, принципшіл, қатал, сонысына қарамай, әділетті еді. Алла қаласа, сол Арқалыққа, жастық жігерім жұмсалып, жалынды іздерім қалған өңірге бір барып қайтуды аңсап жүрмін.
Айтпақшы міндетті жұмысымнан бөлек, жергілікті мектеп жанындағы спорт залында еркін күрестен үйірме ашып, тек жақсы оқитын, тәртіпті, өнегелі балаларды тартып, «нағыз ер адам, нағыз жігіт еш уақытта әлсізге, өзінен осал адамға күш көрсетпейді, керісінше оларға қолдау көрсетеді» деп, қорғау мен қорғануды үйретіп, ізгілікке, мейірімділікке бағыттадым. Жалпы, жастармен жұмыс атқарғанда, облыстық компартияда, халықтық бақылау комитетінде, облыстық әкімшілікте, ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет атқарғанда, көкейге түйгенім, қай жерде жұмыс істесең де, егер міндетіңді ойдағыдай, жауапкершілікпен сапалы атқарсаң, бірте-бірте абырой-бедел жинайды екенсің. Тікелей басшың әділ адам болса, қызметіңді, еңбегіңді дұрыс бағалап, саған ниеттес болып, өсіргісі келіп тұрады. Ұжымың да дәл солай етеді. Қазіргі жас кадрларға айтар едім: Қолдан келсе аянбай қызмет атқар, білмегеніңді білетіндерден сұрап ал, білмегенге тәжірибеңмен бөліс, түсіндір. Оның айыбы жоқ. Төңірегіңмен тату бол, жақсы адамдармен аралас, жақсылық жаса – бәрі алдыңнан шығады.
Жалындаған жас кезімде маған тікелей басшы болған Әмзебек Жолшыбеков, Сағынхан Әміреқұлов, Сағат Жұмағұлов, Фариза Атшабаровалардың әділ болуының арқасында, мен қызмет сатысымен көтеріліп, 1981 жылдың мамырында облыстық партия комитетіне ұсынылдым.Үш үміткердің ішінен таңдау маған түсіпті. Әрине, обкомның бөлім меңгерушісі Өмірбек Байгелдиевтің ұсынысымен обкомның сол кездегі бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов қабылдап, ақыл-кеңесін айтып, сәттілік тіледі, сөйтіп ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметіне келдім. Ал, 1987 жылы (Колбиннің кезі) аттестациядан жақсы өтіп, облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасарлығына ұсынылғанымда, әңгімелесуді Алматыдан, артынша Мәскеуден (Комитет народного контроля СССР) өтіп тағайындалғанмын. Ол жердегі қызметім де әділ бағаланды, бірде-бір ескерту алған емеспін. 1991 жылы көктемде Халықтық бақылау комитеті тарап, мені облыстық атқару комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Кейін облыс әкімшілігі құрылып, ауыл шаруашылығы бөлімін, бір жылдан соң ұйымдастыру кадрлық бақылау бөлімін басқардым. Ол уақыт еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар еді. Бюджет тапшы, қаржы жоқ, рубль жетіспейді, төл теңгеміз 1993 жылдың қарашасында ғана шыға бастады. Барлық жерде энергия жетіспейді, жиі-жиі электр өшіп, жарық сөнеді... Кейбір сала бөлімдері қысқарды, оңтайланды.
1994 жылдың қысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып жүрген мені Өмірбек Байгелдиев шақырып алып, ерекше жауапты іс тапсырды. «Жедел штабты басқарып, мына көрші Қырғызстанның Талас облысынан біздің Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарының шаруаларына тікелей мал азығын (шөп, сенаж, силос) көлікпен тасуды ұйымдастырасың, ал соның құнына біздің Жамбылдың нефтебазасынан Талас облысына солярка мен бензин жіберетін боламыз», деген ол кісінің тапсырмасы ешбір кінәратсыз, абыроймен орындалды. Сөйтіп бір жарым, екі айда қиналып жатқан шаруалардың мал басын аман сақтап қалдық.
1997 жылдың шілдесінде бартер тоқтатылып, тек теңгемен есептесу жолға қойылды. Оған дейін халыққа айлап, жылдап айлыққа, мемлекеттік жәрдемақыға қарыз болып, арасында ешкімге керек емес, қоймада жатып қалған заттармен де есеп айырысатын кез болды. Шаруаларды қарызға батырған элеваторлар мен жанар-жағармай иелері егіс алқаптарының қарыздарын күштеп тартып алып кетіп жататын жағдайлар да кездесетін. Сол жылы көктемде өкіметтің тапсырмасымен оңтайландыру мен мемлекеттік шаруашылықтарды тарату, банкротқа беру туралы шешімдер де шығарылғаны есте. Айтып-айтпай не керек, қандай қиын-қыстау кезеңнен болса да, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі алып шықты. – Ең қиын уақытта, 1997-2001 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі болдыңыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаң шақ. Елді жұмыссыздық жайлаған. Халықпен қалай жұмыс істедіңіз? Биліктің талабын бұлжытпай орындай алдыңыз ба? Әкімдік қызметіңіз несімен есіңізде қалды? – Сол қиыншылықты, дағдарысты Тұрар Рысқұлов ауданының айналайын халқымен бірге еңсере білдік. Мені Луговой ауданына сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшанов «Мына ауданға әкім шақ келмеді, соңғы екі жылда жылға жетпей екі әкім қызметтен кетті, ауданға сен барасың, істеп кетесің», деп өзі апарды. Жаз еді. Көктемде бірқатар ауыл округтері оңтайланып, ауданда алты ауылдық округ пен аудан орталығындағы Құлан және Луговой стансасындағы округ әкімдігі қалған екен. Олардың көліктері ескірген, бұзылған, әйтеуір есепте бар. Бір округтің әкіміне бес-жеті ауыл қарайды, бұрын бәрінде ауылкеңес, әкімдік болған. Аудан мұғалімдері мен дәрігерлері, көпбалалы аналар, мүгедектер, басқа да саланың қызметкерлері жеті-тоғыз айдан бері жалақы, жәрдемақы алмаған, зейнеткерлер зейнетақысыз қалған жағдайда-тұғын. Сонда да, байқағаным, халықтың еңсесі түспеген, рухы сынбаған. Қиыншылықтардың уақытша екенін түсінген елмен бірге жұдырықтай жұмылып, аудан экономикасын аяққа тұрғызып, қордаланып қалған проблемаларды шешіп, барлық қарыз-берешектен құтылып, 2001 жылдың мамыр айында «плюске шығып», даму жолына түстік. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Жұмабек Сапарәлиевке телефон шалып, бюджет пен салықтың артық орындалып жатқанын айтып, аудан әкіміне қарайтын бөлімдердің қызметкерлеріне бір айлық сыйақы беруге рұқсат алдым. Сонда менің жанымда өз міндеттерін адал, мінсіз, тиімді атқарған орынбасарларым Бақытжан Іңкәрбеков, Рахматілда Рахманбердиев, Дүйсенәлі Бықыбаев пен Ахтан Қарсыбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұратхан Шүкеевтердің кәсіби біліктіліктеріне қапысыз сендім. Олар да абыроймен жұмыс істеп, сенімді ақтады, біразы қызметтік сатылармен жоғарылады.
Жаңашылдыққа, жаңалықтарды таратуға, оны іс жүзінде асыруға құмар едім. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылып, Әлихан Байменов сол агенттікті басқарғанда, мен 1998 жылы облыста алғашқы болып Луговой ауданындағы идеология жөніндегі орынбасарымды конкурстан өткізгем. Ауданның алпыс жылдығын ел боп, жұрт боп ауданның Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Сәбит Садықовтың демеушілігімен дүркіретіп өткіздік. Көптеген әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларына бір-бір мөшектен ұн таратылды. Ауданға еңбегі сіңген ақсақалдарға шапан жабылды.
Аудан жұртшылығының көп жылдардан бері сұрап жүрген қалауы орындалып, ауданға 1999 жылы наурызда Т.Рысқұловтың есімі берілді. Оған сол кезде мені қолдаған А.Тшанов пен С.Қалмырзаевтың зор көмегі тиді.
Өз өмір жолымда осындай аяулы жандардың шарапатын көп көрдім, сондай-ақ, орайы келгенде айтып өтейін, Д.Қонаев, А.Асқаров, Ө.Байгелдиев, С.Тоқпақбаев, О.Әбдікәрімов, С.Аққозиев, А.Исақов, С.Әмреқұлов, Ә.Жолшыбеков сынды тұлғаларды адалдықтары мен кіршіксіз тазалықтары үшін өзіме ұстаз тұтамын. Ең қиын-қыстау кезеңдерде атқа қонып, елжандылығымен, іскерлігімен, біліктілігімен жақсы аты шыққан, еліміздің бес бірдей облысын басқарған Бердібек Сапарбаевты құрметтеймін. – Қазір «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысысыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық-ағарту, үгіт-нәсихат штабының жетекшісі, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де қыруар жұмыстардың түйткілін шешкеніңіз белгілі. Бірақ, жаңа тұрпатты Әділетті Қазақстанның орнайтынына үлкен үмітпен қарағанымен, үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастырған сауалнамалары бойынша жұртшылықтың көбінде қоғамды сыбайлас жемқорлардан арылту мүмкін емес деген ой басым. Жемқорлықтың шегі бар ма? Мүлтіксіз адалдық пен кіршіксіз тазалық қашан салтанат құрады? – Көкейдегі ойды қозғайтын өте орынды сұрақ қойдыңыз.
1991 жылы КСРО тарап, оның құрамындағы республикалар өз дербестіктерін алғанда, біздің Қазақстанымыз да тәуелсіздігін қуана жариялады. Шынын айту керек, қарапайым халықтың абдырап қалғаны жасырын емес. Ең жоғарыдағылар билікке жармасып, таласып, күресіп жатты... Тәуелсіздік алғанымыз рас па, күніміз не болар екен, кім басқарады, бұрынғы байланыстардың бәрі үзілді деген дүдәмал ойлар қаптап, ел ішін қалың дағдарыс жайлады. Әдепкіде, Қазақ елінің не заңы жоқ, рублі таусылған, өз ақшасы болмаған қиын жылдарды бастан кештік.
Мен қазір қарасам, 20 жыл одақ кезінде, 20 жыл тәуелсіздік кезінде жауапты қызметтерде болыппын. Аласапыран, алмағайып дүние – әлемнің өзі шайқалып тұрғандай жағдайға жеткенде, біздің бағымызға Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты адал, таза, мега дипломат президент бұйырып, халқымыз бейбіт өмір сүріп, жаңа дәуірді, әділетті Қазақстанды құруға қарқынды кірісті.
Жемқорлықпен күрес үздіксіз жүріп жатыр. Бірақ мемлекет күресті үдеткен сайын, ол жегі құрттай көбейіп жатқанға ұқсайды. Демек, басынан тиімді күрес болмаған. Сонау 1998 жылы 2 шілдеде ТМД елдерінің ішінде бірінші болып бізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп аталатын заң қабылданды. 2015 жылдың 18 қарашасында оның күші жойылып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» атты жаңа заң қабылданды. Жемқорлықпен күресетін арнайы уәкілетті органды қаншама рет реформалады, басшыларын ауыстырды, бірақ, заң қатаңдатылған сайын, дерттің қоғамға жайылуы өкінішке қарай, тоқтаған жоқ. Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстанның рейтингі өткен 2022 жылдың қорытындысында 101-орынға табан тірепті. 180 мемлекет ішінде 2021 жылы 102-орында, 2020 жылы 94-орында едік. 2019 жылы 126-орында, 2018 жылы 131-орында болғанбыз. Салыстыра беріңіз.
Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің белгілі бизнесмендері мен олигархтарының жиналысында «Ел байлығының 52 пайызы 162 адамның қолында» деп халыққа ашық айтты ғой. Осындайлардан қоғамды тазалау жүріп жатыр! Екі күнде бір сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған күдікпен жоғары лауазымды адамдардың ұсталып, тергеуге түсіп жатқаны белгілі. Әр қазақстандық, бүкіл қоғам болып атсалысқанда ғана, ұрпағымызды отбасынан, туғаннан адалдыққа, ала жіп аттамауға тәрбиелеп, таза жемісін көргенде ғана нәтиже болады. – Өзіңіздей лауазымды қызмет атқарған адамға өмір бойы тік жүріп, түзу тұру қиын шығар? Таң атса, тез кеш бататын, түн ауса, демде күн шығатын мына асығыс-үсігіс заманда кейде қарбалас шаруалардан, елдік, мемлекеттік жұмыстардан қалжырап, шаршайтын шағыңыз бола ма? Қарапайым ғана емес, қарабайыр күйге де түсіп, тұла-бойыңызды күйбең тірліктен арашалап алып, босаңсытқыңыз келетін күй кешпейсіз бе? – Рас. Маған «Қасымхан, қойсаңшы, демалсаңшы, өзіңді аямайсың ғой» деп кейде жеңгеңіздің жаны аши айтатыны бар. «Айзан, сен химия сабағын бергенде еш уақытта шаршаған жоқсың ғой, өйткені сен химияны жақсы көрдің, мамандығыңды сүйдің. Мен де өз саламды, шұғылданатын ісімді жақсы көремін. Бұрынғы мемлекеттік қызметшімін. Мен сол тәжірибемді бөлісуден неге шаршауым керек. Неге мен іс-тәжірибемді, ақыл-кеңесімді басқаға қимаймын?..» деймін мен. Әрине, анда-санда өзіңнің бір жақсы адамдарыңмен демалғың келеді. «Жақсымен өткізген бір күнің мың күнге татиды» демей ме халық нақылы. Демала да білу керек, денсаулықты да күте білу қажет. Ал, сүйікті іспен шұғылдану – соның екеуін де толықтыратын процесс. – Сіз облысымызға бұрынғы мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибеңізбен, қазіргі тынымсыз белсенділігіңізбен танымалсыз. Зейнет демалысына әлдеқашан шығып қойсаңыз да күні бүгінге дейін ат үстінде жүргендердің алдыңғы сапындасыз. Қоғам мүшелері арасында зор абыройға иесіз. Әлеуметтік желі қолданушы ретінде де өз қатарластарыңызға қарағанда оқ бойы озықсыз. Осынша белсенділікке күш-қайратты – Зейнет демалысына 2011 жылы шықтым. Төңірегімнің, қоғамның, халқымның, өздеріңіз сияқты жанымда жүрген жақсы адамдардың сенімін көріп отырып, мен қалай шаршауым керек. Бір жағынан, ол енді бұрыннан қалыптасып қалған дағды. Бұл қоғамдық негіздегі жұмыс деген – жәй жұмыс емес, мақсат – өзіміздің елімізге көмектесу, қазіргі Әділетті Қазақстанның аяққа тұруына қолымыздан келгенше үлес қосу. Мысалы, қазір «Amanat»-тың облыстық сайлауалды штабының мүшесі ретінде де белгіленген кесте бойынша, жоспарлы жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруға тырысудамын. «Жаңару» РҚБ-нің облыстағы филиалы ретінде көп ұйымдармен ынтымақтастықта жұмыс істеу үшін Меморандумға отырғанбыз. Осы тұрғыдан да өзара іс-қимылдар үздіксіз жасалынуда.
Қоғамдық жұмысты атқарып, мысалы жұртпен кездесіп келгеннен кейін, ол іс-шараңның ойыңдағыдай жақсы өткенін сезінуден, ел ризашылығына бөленуден үлкен күш аламын.Үйдегі тылым да мықты. Өзіңіз білетін Айзада жеңгеңіз мені үнемі қолдап отырады. Балаларым ғана емес, немерелерім де менімен пікірлес. Тіпті, ең кішкентай Алтын атты немеремнің «Менің атам – супер герой!» деп мақтана атап қоятыны бар. Бұл да мен үшін үлкен қуат дер едім. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Үміт БИТЕНОВА.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді