«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз топырағы тұғырға көтерген толағай

Тараз топырағы тұғырға көтерген толағай
ашық дереккөз
Тараз топырағы тұғырға көтерген толағай

«Маған үлкен аренаға жол ашқан Жамбыл жері» дейді

Алатау баурайында өткен дүниежүзі ауыр атлеттері додасының дуы әлі басыла қойған жоқ. Жанкүйерлер Ильяның ерлігін, Зүлфияның жетістігін, Жасұлан мен Жазираның жанкештілігін жарыса жазып, әлеуметтік желілерде қызу талқылауда. Әсіресе, күтпеген жерден жасындай жарқ ете қалған жас оғлан Жасұлан жайындағы әңгіме көп. Айтатындары жамбылдық ауыр атлеттің есімі бұған дейін белгісіздеу болып келгені, бастапқыда жүлдеге таласатындар тізіміне де ілікпей, соңында Седовтың өзін шаң қаптырып кеткені жайлы. Соңғы сөздің жаны бар. Әлем біріншілігінің алдында бапкерлер Жасұлан Қыдырбаевтың 105 килограмм салмақта «В» тобында өнер көрсететінін мәлімдеген. Ал тараздық толағайдың танымалдылығы турасында айтылған сөзбен келіспейміз. Өйткені, ол жастар арасында өнер көрсетіп жүргенінде-ақ, екі дүркін Азия үздігі атанып, болашағынан үлкен үміт күттіретінін аңдатып үлгерген болатын. Десе де, Жасұланның өзі көпшіліктің бұл пікіріне түсіністікпен қарайды екен. Онымен кездесіп, сұхбаттасқанымызда чемпион сөзді осыдан бастады:

– Екі жыл үлкен спорттан шеттеп қалдым әрі бұл ересектер тобындағы алғашқы сыным. Сондықтан, әлемдік аламанда топ жарғаным жанкүйерлер үшін жаңалық болып отыр. Әйтпесе, менің қоржынымда жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдесі бар еді. – Жасұлан, еліміздегі ауыр атлетиканың болашағы жайлы, Жазира Жапарқұл, Надежда Ногай, Карина Горичева сынды жас дарындар туралы сөз болғанда сенің есімің топ бастап тұратын. Жанкүйерлердің назарынан тыс қалуыңа екі жылдық демалысың себеп болды ма? – Солай шығар. Допинг дауы үлкен спорттан уақытша шеттеуіме себеп болды. Сол аралықта жанкүйерлер менен көз жазып қалды. Мұндай келеңсіздікті әркім әрқалай қабылдайды. Мен мұны жай ғана демалыс деп қабылдадым. Шаңырақ көтердім. Ата-анамның, отбасымның қасында болып, алаңсыз тынықтым. Қайтадан тың күш-қайрат жинадым. Жарысқа қатыспағаныммен, жаттығуды тастаған жоқпын. Міне, соның нәтижесі. Адам жеңістен де, жеңілістен де, қол жеткізген табыстан да, сәтсіздіктен де сабақ алуы керек деп ойлаймын. – Талғарда туып-өстің, қазіргі қонысың – Таразда. Жалпы, Жамбыл жерімен өзіңді спорттан басқа не байланыстырады? – Иә, Алматы облысындағы Талғар қаласында туып-өстім. Ата-анам сонда тұрады. Менің Жамбыл жеріне спортқа деген құштарлығым жетелеп әкелді. Спортпен бала кезімнен шұғылданамын. Алғаш күреске қатысып жүрдім. Кейін ағам Бекен Бекмұхамедов маған ауыр атлетикамен айналысуға кеңес берді. Сол үшін ата-анамның қасынан ерте кетіп, Алматы қаласындағы Кәкен Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған ресубликалық спорт мектеп интернатына қабылдандым. Мектеп бітірген соң жаттығуымды жалғастыру үшін Таразға келдім. Алматыда осы салада жүрген ағалардың бірі Жамбыл облыстық ауыр атлетика федерациясының вице президенті Манарбек Ағайдаровқа хабарласып, «бізде осындай дарынды бала бар, соны өздеріңе шақырып, ары қарай шыңдауға қалай қарайсыңдар» деп ұсыныс жасады. Ол кісі бірден келісіп, облыстық мектеп интернаттан арнайы ауыр атлетика тобын ашып берді. Бастапқыда сол жерде жаттығып жүрдім. Бір жылдан кейін орталықта олимпиада резервін даярлау орталығы құрылып, сонда ауыстым. Жамбыл жеріне келгеннен кейін үлкен жарыстарға қатыса бастадым. Таразға келгелі де төрт жылдан асты. Қазір мені бұл өңірмен тек қана спорт байланыстырмайды. Әпкем осы Әулиеата өңіріне келін болды. Жездем ауыр атлетикадан жаттықтырушы. Өзім де жартымды осы Жамбыл жерінде жолықтырдым. Келіншегім Шу ауданының қызы. Ол да спортшы, бокстан ел чемпионы. – Үлкен аренаға Жамбыл жеріне келгеннен кейін шыққаныңды өзің айтып қалдың. Алғашқы жарыс жастар арасындағы Азия чемпионаты болды ма? – Иә, төрт жылда екі рет жастар арасында өткен Азия біріншілігінде еліміздің Әнұранын шырқатып, әлемдік аламанда жүлдегер атандым. Бір Алла қолдап, міне, әлем чемпионы деген атқа да қол жеткізіп отырмын. Басым дауға қалғанда теріс айналмай, шет қақпайламай, сенім артып, қолдап-қуаттандырған облыс басшыларына, Жамбыл жұртшылығына деген алғысым шексіз. Мені тұғырға көтерген Тараз топырағының қасиеті. – Бастапқыда есіміңді жүлдеге таласатындардың тізімінен көре алмаған кезде көңілді кірбің шалған еді. Кейін 105 килограмм салмақта емес, 94-тің негізгі тобында шығатыныңды естіп, қуанып қалдық. Бұл өзі қалай болды? – Алғаш бапкерлер алқасы сондай ұйғарым жасаған. Менің жүлдеге таласа алатыныма сенім артқан бапкерлерім осы үшін күрескен болуы керек. Кейін шешім өзгеріп, 94 килограмм салмақ дәрежесінде негізгі топта сынға түсесің деді. Әлем чемпионатына Илья Ильиннің тобымен бірге дайындалғанмын. Чемпионның қолдау-көмегі әсер етті ғой деймін, өз-өзіме сенімді болдым. Тіпті, жұлқа көтеруде үшінші мүмкіндігімде 182 килограмм зілтемірді бағындыра алмай қалғанда да еш қорыққан жоқпын. Бір қызығы, мен жаттығуда жұлқа көтеруді жақсы орындаймын. Жарыста керісінше шықты. Серпе көтерудің қорытындысы арқылы чемпиондық атаққа қол жеткіздім. – Серпе көтеруде тәуекелге бел буғандай көріндің? Жаттығудағы көрсеткішің қандай еді? – Рас, соңғы шешуші сәтте тәуекелге бел будық. Десе де, жаттығуда 229-дан асырып екі рет 230 килограмм зілтемірді көтергенмін. Халықтың қолдауы күш беріп, бұл көрсеткішті бағындырдым. – 94 килограмм салмақта Илья Ильин төрт дүркін әлем, екі мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Қазір де бұл салмақта өнер көрсетіп жүрген мықтылар бар. Оларға бәселекес болу қиынға соқпай ма? – Владимир Седов екеуміз жарыста бәсекелес болғанымызбен, өмірде дос адамдармыз. Оқу-жаттығуларда бірге дайындаламыз. Жалпы, әлемдік аламанда бір салмақта екі спортшы қатысқаны дұрыс екен. Екеуі бірін-бірі толықтырып, басты қарсыластарға психологиялық қысым көрсете алады. Осы тұрғыдан алғанда резервтің бары жақсы. Бірақ 94-те Алмас Өтешов, Рүстем Сыбай да жақсы өнер көрсетіп жүргені белгілі. Дүбірлі додада ел намысын қорғасақ қай-қайсымыз да аянып қалмайтынымыз анық. Бәрін уақыт көрсетеді. Бұл – спорт. Спортта мықтыға ғана сенім артылады. Олимпиадаға дейін әлі біраз бар. Көп жаттығып, тер төгіп, еңбектену керек бастысы. – Сенің жеңісіңнен кейін жамбылдық жеткіншектер зілтемір көтеруге көптеп ден қоя бастауы мүмкін. Облыста ауыр атлетиканың аяқ алысы қалай? – Ауыр атлетика Жамбыл жерінде жақсы дамып келеді. Білікті бапкерлер бар. Материалдық-техникалық жабдықтар жеткілікті. Дарынды жастар да жоқ емес. Тек аянбай еңбек ету керек. Ауыр атлетикада бір спортшыны жарысқа шығару үшін кемінде 4-5 жыл уақыт кетеді. Сондықтан, жамбылдық өрендердің жасындай жарқырар кезі алда. Қазірдің өзінде спорт шебері атанып, ел чемпионатында жүлдегер, жеңімпаздар қатарынан көрініп үлгергендер баршылық. Жалпы, өңірде спортқа көп көңіл бөлінеді. Мұны жерлестеріміздің әлемдік додаларда қол жеткізген жетістіктерінен де көруге болады. Тілші түйіні: Жасұланның жетістігі – біздің өңірімізде ауыр атлетиканың дамып келе жатқандығының дәлелі. Жасұлан жастарға тер төгіп, еңбектенсе, кедергілерді де кесіп өтуге, табысқа жетуге болатынын ұғындырды. Тағы бір айта кететіні, еліміздің ауыр атлетика федерациясы жамбылдық жас батырдың жеңісінен кейін облысқа зілтемір жабдықтарын сыйлапты. «Алтын шыққан жерді белуардан қаз» демекші, бұл – әлем чемпионын тәрбиелеген өлкеден оның ізбасарлары да шығады деген үміт.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар