Сәт – ақын. Оған дау жоқ. Бірақ қандай ақын? Міне, бар гәп осы сұрақта. Осы сұраққа «Ол мынандай ақын» деп саралап, салмақтап, талдап, таразылап берілетін жауапта. Бір көрмекке, Сәт – шаруа. Күнделікті күйбең тірліктің соңында жүрген ауыл адамдарының бірі. Бірақ, Сәттің өлеңдерін оқығанда, арық-атыз жағалап, жүгері суғарып, оның шашақтары төгілген дүмбілдерінен үміт күтіп, жанын жалдап жүрген жансебілдердің бәрі бірдей емес екенін аңғарасың. Қырманын қып-қызыл жүгеріге толтырып,
қорасындағы он бас сиырын жүз басқа жеткізуді
ойлағандардың ішінде де Сәт сынды ақындық
деңгейде ойлайтын ақыл-парасат иесіне лайық сезім
суреткері жүр.
Өзіме өзім патшамын өз жерімде,
Астамдық бар сондықтан сөздерімде.
Намысыма от берген өзің едің,
Сүйеу болып сүрінген кездерімде.
Жай адам осындай жыр жаза ала ма? Әй, қайдам! Ақын болу үшін міндетті түрде Алматыда тұрып, газет журналда қызмет ету шарт емес екенін баршаға мойындатқан ауылдағы арда ақынның сөздері осылай өрнектелсе керек-ті. Жұрт көре бермейтінді көріп, жұрт айта бермейтін айту – шын ақын мен таза жазушының ғана еншісі. Өйткені, олар қой бағып жүрсе де, су жетектеп, арық жағалап жүрсе де жүректері сезімге мелдектеген суреткерлер. Елден ерекше жаратылған мұңлықтар.
Атай алмай қиналып шын дос атын,
Адам таппай жүргенде мұңдасатын.
Өз анамдай аялап жанымды ұқсаң,
Қурайың да мұңымды тыңдасатын.
Күндер артта дұшпандар табалаған,
Жандар жүр ғой мені де жағалаған.
Сен болмасаң кетер ем жарға құлап,
Талантымды мойындап, бағалаған.
Туған даласымен бұлай сырласу – нағыз ақынның басына ғана бұйыратын бақыт. Қалғандарыңызға, далаңызбен сырласқыңыз келсе, сол басына ақындық деген бақ қонған ақынның жырларын оқысаңыз да жетеді. Өйткені, ол сіз емес, ақын ғана көре алатын сурет, ақын ғана айта алатын сыр. Ал, ақын сыры қағазға басылып, елге жеткен соң ол сол халықтың сезімін селт еткізіп, ішіндегі шер-шеменін қозғап, терең ойға батыратын іңкәр дүниеге айналады. Далаға арналған мына жыр да тура сол сияқты жан дүниеңді тербетеді. Сен айтпақ болған, бірақ қалай айтудың ретін таппай, өзіңнен-өзің күйгелектеніп жүргеніңде іздегенің ойда-жоқта алдыңнан шыға келгендей қуанышқа кенелтеді. Тек тұщынып оқи біл, тек таусап түсіне біл.
Айналамды мұнартқан сағым басып,
Жүрген шақта басымнан бағым қашып.
Самалыңмен сезімді сергіттің де,
Сөз сөйлеттің қарысқан жағымды ашып.
Табыламын қырымнан, кел дедің бе,
Отқа түс те, дайынмын өл дедің бе?
Мен қайтемін байлықты сырттан іздеп,
Маған қонар бақ анау белдеріңде.
Міне, ақын! Адамның туған жерсіз табан тірейтін тірегі жоқ тұлдыр екенін сұлу сөзбен кестелеп, көркем оймен дестелеп, көз алдыңа мөлдіретіп әкеп тұр емес пе?! Тау мен дала, өзен мен көл, құм мен шөл қазақ ақындары ең көп жырлаған тақырып. Сондықтан, оны бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген басқаша нақышпен, өзгеше әдіспен, тың ұйқаспен жазам деу бекершілік. Кейбіреулер ұзақсонар, іркес-тіркес күрделі ұйқастармен бас қатыруды да үрдіске айналдырып, тәжірибе жасап жүр. Бірақ, қазақтың қасиет қонған қара өлеңі о бастағы қазақы қалпынан айнымай қала бермек. Сәт – қазақтың сол қара өлеңіне адал ақын. Жаңалық ашам деп жанын қинамай баяғы Махамбет, одан әрідегі Бұқар мен Шортанбай, одан берідегі Абай мен мұндағы Мұқағали салып кеткен сорапты бойлай соқпағын салғанды қалайды. Оқырман үшін керегі де осы, ол: түсінікті тіл, қарапайым мінез, шынайы сезім, көркем ой. Даласына табынған адам бір жырмен тоқтап қалмайды. Ғашығына күнде сезімін жеткізген Мәжнүндей күн сайын жыр арнамаса да айналып соғып отырады.
Сәттің:
Алыстан сонау көрінген таудан мұнартып,
Даламда мынау жамбастап жатқан қыр артық.
Төсіне шықсам жанымды бөлеп рахатқа,
Бергендей енші көңілге жүрер мұң артып.
Шаншылып тіке өзімен көктің арбасқан,
Мансұқтар ой жоқ, асқарлы шыңын қар басқан.
Жақпарлы тастар алдырмас оңай биігін,
Жасқанам неге қасына таудың бармастан.
Аралап жаяу адырлы қия қырқасын,
Көрмеппін көзбен он екі ай жасыл шыршасын.
Дала мен тауды білгендер айтса егіз деп,
Өмірден қалай өтпекпін баспай бір тасын.
Гүліңді теріп, құмыңды кешіп, ер жеткем,
Бір сендей сая табылмас маған жер-көктен.
Батаңды берші, азапты жолға шығайын,
Болған ең бесік шаттыққа мені тербеткен.
Бұл – ақынның өзін-өзі қайталауы емес. Бұл – жанын тербеткен тақырыбына қайта айналып соғу. Даласын асқақтату үшін тауды да аласартып отырған жоқ. Тау, бәлкім, ақын ұғымында қасына қарапайым адам жақындай алмас менмендік пен мансап шығар. Тау қанша биік болғанымен оның басын адамдар мекендей алмайды, далаға кеп жата жастанып, далаға кеп кең тыныстайды. Жанға жайлы жылылық та далада. Өйткені, шың – сұлу, бірақ... суық. Ақын өмірдің осы жағын да астарлап, әдіптеп жеткізгісі келетін сияқты. Адамның демі таусылмас үшін ауа қандай қажет болса, ақынға жыр жазу үшін ана тілінің байлығы да аса қажет. Қажет деу аз, сол байлыққа малтып, малтығып өсу парыз. Әдебиетте тілі жұтаң адам да бір, тұсаулы ат та бір. Көк шүйгінде еркін жайыла алмай бір секіріп, екі секіріп, жан-жағына мұңдана қарап тұрғаны сол. Ал, бай тіл ақынды бір орнында байырқалатып отырғызбайды, Құлагердей ала кеп
Күйін кешіп жем іздеген кептердің,
Қарттарымның сөз мәйегін көп тердім.
Сарайымды толтырмақ боп асылға,
Мен ізденсем талабымды шектер кім?
Жалғыз жүрем дей алмаймын күнімен,
Тілдесемін ағамен де інімен.
Жүздесем де жаңа сөзбен сәт сайын,
Бай тіл жоқ-ау деймін ана тілімнен.
Қазақтың қара өлеңінің авторы халық десек, сол халықтың қаймағы бұзылмаған қарттары мен шешендері ауылда жүр. Бояуы мың құбылған бай тіл де, қызықты оқиға, әдемі әзіл де, сын сағатта тауып кететін тапқыр айтқыштар да қыр қазақтары тұрып жатқан жақта. Сәт ақын «Қарттарымның сөз мәйегін көп тердім» дегенде осыны меңзеп отыр. Ал, мұндай ақынға тек қана қуану керек.
Көзімді ілмей ақ таңдарды атырам,
Күнді күлмей ұясына батырам.
Тұла бойды тұмшаласа қайғы-мұң,
Өзекті өртер ішім толған запыран.
Ғашық жаным шаттығымды жапырды,
Мұздай іліп жүрегіме қатырды.
Ашық күнге, тастап боран өтіне,
У тамызып, тұнығымды сапырды.
Жағасынан кімнің алып егесем,
Төзім берші, Тәңір, егер, жебесең!
Құр сүлдерін сүйреп жүрген пендемін,
Жерді басып тірі жүр ғой демесең.
Көрем деп пе ем қыздың сыйлар мазағын,
Тартам деп пе ем махаббаттың азабын.
«Аһ» ұрғызсаң неге, неге көрсеттің,
Бал жұтқызып, сүйісудің ғажабын?
Кез келген адамның басында болмай тұрмайтын сезім бұл. Оны әркім өзінше қабылдап, өзінше күреседі. Жеңетіні де, жеңілетіндері де бар. Ақын жеңілген жанның кейпіне еніп, кіжініп отыр. Махаббаттан жолы болмаған, аруы алдаған, барар жері қалмаған талай жігіттер оқыса жанына жарасып-ақ кетейін деп тұр. Ақынның жыры жеке басының емес, мұқым халықтың мүсінделген мүлкі екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Айырылған жанмын еріктен,
Жайыма менің күлме сен.
Сен болмасаң еліткен,
Махаббат жайын білмес ем.
Санамнан қайтем кетпесең,
Түсімнен шықпай күнде сен.
Өзіңе іңкәр етпесең,
Махаббат жайын білмес ем.
Аялап сырттай көзіммен,
Аймалап үнсіз тілдесем.
Жүздеспесем өзіңмен,
Махаббат жайын білмес ем.
Сезімді жаулап алмасаң,
Өзіңді көзге ілмес ем.
Ғашық боп саған қалмасам,
Махаббат жайын білмес ем.
Ақынның ақындығы бір өлеңінен-ақ білініп тұрады. Сондықтан Сәт жырлары жайлы пікірімізді осымен аяқтауға да болар еді. Бірақ...
Сәттің сөзі сияқты өзінің де қарапайым мінезі, сөз өнері деген киелі ортаға деген құрметі туралы бір ауыз сөз айтпай кетуге болмас. Ең бірінші, ол бір-екі өлең жазғанын міндет қып, үлкенді де, кішіні де менсінбей, қолынан келсе таптап кете жаздап жүрген қазіргі кейбір әпербақан ақындардай емес, газет-журналдар редакциясының әдебиет және өнер деген бөліміне имене енетін кешегі иманды ұрпақтың өкілі.
– Шудағы жанашыр ағаларым мен жодастарым жырымнан жылт еткен бірдеңені байқады ма, әйтеуір маған «қалаға бар, сондағы ақындарға көрсет өлеңіңді» дей берген соң бірде Таразға келдім. Келгенім бар болсын, алаңдағы «Ақ жол» газетінің редакциясына кіре алмай далада біраз жүріп қалдым. Ақыры «нартәуекел» деп ішке енсем, бәрі түскі асқа шығып кетіпті, – дейді күліп. Құдай қолдап, сол сапарында жаны жырға жақын азаматтарға жолығып, «редакциядан гөрі емін- еркіндеу жер ғой» деп кафеге тартады. Сонда отырып жырларын да оқып, ішіндегі сырларын да ақтарады. Жазғандары газетке де жарияланады.
– Ал, сен туралы маған Шу ауданындағы газет редакторының орынбасары болған, журналист, жазушы Жақан Қожақұлов «сол кісіге барсайшы» деген болатын. «Ол ақын емес қой» деп ем, «Оның аузы дуалы. Жолың ашылады» деді. Бірақ, келе алмадым. Ойланып-ойланып жүріп өзіңіз «Ақ жол» газетінің шаруасымен Шу ауданына келген сапарыңызда бір-ақ жолықтым ғой, – дейді.
– Жақаң ол сөзді қашан айтып еді?
– Екімыңыншы жылдардың басында.
– Ау, одан бері жиырма жылдан асып кетті емес пе?
– Иә... сол... жүрдік қой бата алмай...
Ал, бұған не дейсің енді? Сәттің орнында жұлқынған жұлымыр біреу болса, сол кездің өзінде-ақ облысыңды былай қарай ысырып тастап, «танымал» болудың «тілін» Қазақстан Жазушылар одағындағы мүйіздері қарағайдай ақындардан бата алудан бастар еді. Өйткені Шу ауданынан Таразға келдің не, Алматыға бардың не?
Мұны айтып отырғаным, танымалдылықтан бұрын жыр әлемінің жауһарлары мен гауһарларын танып- білуді ойлаған, сол үшін де Жайсаңдайын даласымен сырласып, Шу өзеніндей сылқымымен мұңдасып жүріп жүрегін тербеген, ойларын мазалаған сезімдерін ақ параққа жаза берді, жаза берді.
Шу өңірінен шыққан баяғы сері көңіл Сауытбектей ақыннан кейін қазақтың қара өлең деген әппақ ауылынан қара көрсеткен Сәтке жыр-шырағыңның оты мәңгі бақи сөнбесін деп тілейік.
***
Жүрсем-дағы ешкімді керек етпей,
Тараз сені сағындым кереметтей.
Өкінемін қайтқанда ана жылы,
Гүлзарыңнан гүліңді тере кетпей.
Сезімдерді оятып ән салдырар,
Арулар көп өзіңде тамсандырар.
Сұлулыққа сұқтанғам саған қарап,
Көріктісің, көргенді таңғалдырар.
Жігіттер де бар сенде сыйласатын,
Түсіп берер сұрасам қимас атын.
Жолдастыққа не жетсін бұл тірлікте,
Шашып алған затыңды жинасатын.
Деген едім мен үшін қала бөтен,
Биылғы аңсау өзіңді ала бөтен.
Сәлем-сауқат дәметсең даламыздан,
Жусан теріп барарда ала кетем.
Шақырады Таластай өзенің де,
Жолға шығам демалыс кезегінде.
Білген жанға бақыт қой бейнет кешіп,
Тірі жүру туған жер, өз елінде.
***
Не болды маған, білмедім,
Көңіл қасқам шөгердей.
Ашылып көптен күлмедім,
Шаттансам біреу сөгердей.
Бір мұң бар басқан бойымды,
Алаулы сезім өшкендей.
Шығарар көкке ойымды,
Үміттер менен көшкендей.
Өзімді жалғыз сезінем,
Жүрсем де көптің ішінде.
Даламнан қалай безінем,
Гүл теріп жүрем түсімде.
***
Досыма балап қырыңды,
Жасырмай ашып сырымды.
Түсірдім аппақ қағазға,
Естіген сенен жырымды.
Жазбай-ақ дастан көлемді,
Өзіңнен тыңдар өлеңді.
Шөбіңнен көріп пәктікті,
Шаттыққа көңілім бөленді.
Қарсы алып сұлу сәніңмен,
Жанымды тербеп әніңмен.
Шипалы ауаң жасартты,
Сырқатты қуып тәнімнен.
Өзіңнен еш жоқ бүгерім,
Апталдай қайрат жігерім.
Көкжиегіңе өзіңнің,
Туымды анық тігерім.
Мен жүріп белің баспаған,
Құпияң қалмай ашпаған.
Бейжайлық деген міскінді,
Көріне көміп тастаған.
Талантты шыңдап ұштармын,
Меңгертші тілін құстардың.
Сый алып әлі-ақ өзіңнен,
Гүліңді қолға ұстармын.
***
Жолдастар жүр ғой алдаған,
Кімдерден көңіл қалмаған.
Далам-ау сенсің солармен,
Сыйластық жібін жалғаған.
Көңілге жүрген сән кетіп,
Күндерді бердің мәнді етіп.
Сен барда далам жалғаннан,
Өтпеймін қалай әндетіп.
Ойымды жинап шашылған,
Көріпті рухты басылған.
Қолыма қалам ұстаттың,
Алдаспан соғып асылдан.
Өмірдің көріп мазағын,
Жүргенде тартып азабын.
Сездірген маған сен болдың,
Жер басып жүру ғажабын.
Жылылық іздеп аңсағам,
Көркіңе қарап тамсанам.
Тозақтан өтіп, сен барда,
Арманға жетер бар шамам.
***
Шуағын шашып жеткенде,
Үн қаттым қырдан көктемге.
Шаттанып мәз боп қуандым,
Самалың беттен өпкенде.
Рахатқа жанды бөлеген,
Мейірімің ыстық не деген.
Аялап құштың елітіп,
Кім мені бұрын елеген.
Аңқыған жұпар иістің,
Буына мас қып тиістің.
Дәурен-ау, балдай көктемім,
Арумен кеп тұр сүйіскім.
Еніпті далам сәніне,
Ұйыттың құстар әніне.
Сұлулық тәнті етпесе,
Өмірдің болмас мәні де.
Қытықтап арай, сезімді,
Балқыдым жұмып көзімді.
Сүй көктем, сүйші, мен саған,
Берілдім, бердім, өзімді.
Күн болып келдің керемет,
Жүрекке жалын керек ед.
Алаулы жастық отынан,
Көктемім маған бере кет.
***
«Досың бар ма?» деп сұрадың ойланбай,
Жастық шақта күн өтпейтін тойланбай.
Жолға шықсам жолдас-жора күтіп ап,
Қанжығам да қайтқан емес майланбай.
Көп болатын қолпаштайтын жандар да,
Қарайтынмын етекке емес, заңғарға.
Қуанышын сыйлайтындай тек маған,
Арайланып ататын әр таңдар да.
Артар кінә, еш өкпем жоқ, өткенге,
Дос дейсің бе, дос дегенің, жоқ менде.
Артқа қарап, сағынышпен еске алу,
Бір бақыт-ау егделікке жеткенде.
***
Шамаң жетсе, дау етегін көтерме,
Қысқа өмірде сыйластыққа жетер не?
Бір ауылда бірге тұрып туыстай,
Ренжісеміз осы біздер бекерге.
Ата жаудай жөніміз жоқ өштесер,
Дұшпан тауып, өз-өзіңмен кектесер.
Араздасып жүреміз де сөз қуып,
Ұмытамыз күн келерін «кеш» десер.
«Ұл таптым» деп шын қуанды-ау шешеміз,
Бірге емес пе, біздің жүрер көшеміз.
Кімге керек ырылдасқан ит тірлік,
Мәңгілік жоқ, бәріміз де өшеміз.
***
Тұңғыш құшып өзіңді,
Рахатқа баттым тұншығып.
Сен болсаң жұмдың көзіңді,
Тұрдың ғой жаным қымсынып.
Саусақтар бір кез айқасты,
Білмеймін қалай тапқанын.
Сезімім күтіп «шайқасты»,
Тіледім күннің батқанын.
Түн жамылды айнала,
Сыйпай бердім шашыңды.
«Жаным» дедің жай ғана,
Көтерместен басыңды.
Берсе де мендік тілекті,
Дүрсілі сұмдық жүректің.
Мойныңа астым білекті,
Қорықтың ба, дір еттің.
Болдым ба аңшы құс атқан,
Сүйдім бе әлде елітпей.
Сытылып шыға құшақтан,
Қаштың ғой үркек еліктей.
Жерді құша жата қап,
Мендік жайға күлмек кім?
Ұялудан махаббат,
Басталыпты білмеппін.
***
Гүлзарда өскен гүлдердей,
Жаным-ау неткен көрікті ең.
Тіл қатып та үлгермей,
Айырылдым мүлде еріктен.
Періште дедім таңданып,
Тал бойыңнан мін таппай,
Тереңімде шам жанып,
Алдыңда тұрдым тіл қатпай.
Жарқ-жұрқ етіп жауһарлар,
Қададың маған көзіңді.
Менде қандай қауқар бар,
Шарпыса алау сезімді.
Әуезді нәзік сөзіңді,
Үні ме дедім бұлақтың.
Тік тұрмын десем өзімді,
Ынтығып саған құлаппын.
Күлкіні жиып езуге,
Нұр ойнап тұр жүзіңде.
Шамам жоқ сенен безуге,
Жолықтың қайдан күзімде
Сәт МӘЛІБЕКҰЛЫ. Шу ауданы