«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасөспірімдер жарап тұр

Жасөспірімдер жарап тұр
ашық дереккөз
Жасөспірімдер жарап тұр
Бүгінде көне Тараз шаһарының даңқы спорттың бокс түрінен ғана асқақтап тұрған жоқ. Жерлестеріміз сан қырлы спорт саласында да өз мықтылықтарын дәлелдеп жүр. Алматы қаласында грек-рим күресінен өткен айтулы жарыстың нәтижесі осының дәлелі. 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирде жамбылдық жас өрендер жасындай жарқылдады. Абдуазиз Дайрабаев, Дарын Тәжікен, Мирас Қыстаубай, Бекарыс Сұлтанқұл мен Ерасыл Бейсенбай «Кebispaev ligasy»-ның ІІІ кезеңінде қарсыластарын қапы қалдырды. Осылайша 12 спортшымыздың бесеуі жүлдеге қол жеткізді. Жеткіншектеріміздің бапкері Темірхан Файзрахман елге белгілі білікті мамандардың бірегейі. Он бес жыл боз кілемде өнер көрсеткен Темірхан Теміржанұлы өткен жылдың күз айында Әулиеатаға арнайы келіп, шәкірт дайындау мақсатында тер төгіп жүр. Алғашында спорт мектебін, кейінірек спорт академиясын сәтті тәмамдаған оның ендігі арманы Азия мен Әлем ойындарында ел мерейін асыратын спортшыларды тәрбиелеу. – Алматы төрінде өткен жарыс біз үшін сәтті аяқталды. 5 спортшымыз жеңіс тұғырына көтерілді. «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендей, шәкірттерімнің арасында Абдуазиз Дайрабаевқа артылар сенім жүгі ауыр. Бұйыртса, шәкіртім айтулы додаларда жерге қаратпайды деп сенемін. Бұл жігіт биыл жасөспірімдер арасында өнер көрсетсе, келер жылдан бастап ересектер қатарында өз бағын сынайтын болады. Алдағы Азия және Әлем біріншіліктерінде үмітімізді ақтаса дейміз. Ол үшін, әрине, күндіз-түні еңбектену қажет. Өз кезегінде мен де бар білгенімді үйрететін боламын, – дейді білікті бапкер. Айта кетейік, бұл жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлерден 300- ден астам спортшы қатысқан еді. Ал біздің облыстың ұландары 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медальға қол жеткізді. Дүбірлі додада топ жарған жасөспірімдер облыс орталығындағы №2 мамандандырылған балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері.  

 Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар