«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қалыпқа сыймаған таланттар

Қалыпқа сыймаған таланттар
ашық дереккөз
Қалыпқа сыймаған таланттар
Жаһанға аты мәшһүр, заты мұра, жұмыр жердің бетін Ай мен Күн қанша ғасыр айналса да есімі ел жадынан, адамзат санасынан өшпейтін ұлы тұлғалар көп. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Стандартты заманның стандартсыз адамдары» болған. Олардың жүрген жолы ақиқат пен аңыз аралас күйде бізге жеткен. Мейлі ол жазушы, суретші, мейлі ақын я болмаса саясаткер болсын, бәрі де өз саласына өшпес қолтаңбасын қалдырды. Десек те, көзі тірісінде олардың әрқайсысының тұла бойында көп адам түсіне бермейтін қылықтар болған. Бұл адами тұрғыда кемшілік пе, жоқ әлде шығармашылық тұрғысынан артықшылық па, ол жағы өмір заңдылығында ашық жазылып, оған нақты түсініктеме берілмеген. Біз сондай ұлы тұлғалардың өміріндегі кейбір ерекше жайттарды оқырман назарына ұсынып отырмыз. Лев Толстой. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой физикалық қозғалыссыз өмір сүре алмаған. Егер бір күн бойы үйден, кем дегенде, серуендеуге шықпаса, онда кешке қарай ашуы ұстап, түнде ұзақ ұйықтай алмайтын болыпты. Жазушы атқа мінбеген, есесіне жаттығулар жасаған. Ал қыста граф ағаш кесумен айналысқан. Жатпаса жаза алмайтын Джойс. Джеймс Джойс ішпен, етбетімен жатып жазғанды ұнатқан. Ол үлкен көк қарындашын алып, үстіне ақ көйлегін киеді екен. Оның бұл ғадетін біртүрлі деуге де болмас, сірә. Себебі, қаламгер алыстан нашар көретін болған. Сондықтан толық көк қарындашы жазғанын анық көрсетсе, ақ көйлегі қағазға көбірек жарық түсіреді деп сенген. Иә, жазу үшін һәм жазғаның жақсы шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға болады. Александр Дюма. Александр Дюманың қызық қылығы әртүрлі түстерге байланысты болыпты. Ол көркем шығармасын жазуға көк түсті қағазды қолданыпты. Ал поэзияны сары қағазға, мақалаларын қызғылт қағазға ғана жазыпты. Осы үш түспен жазылған Дюманың шығармалары басылған тираждар саны бойынша барлық өнер туындылары арасында әлемде 1-орын алады. Кітаптардың саны жүз миллионға жетеді. Сонымен қатар, ол белгілі бір мәселе бойынша өз көзқарасын қорғап, қызу пікірталастарға қатысқанды ұнататын. Дюманың өмірбаяндары оның бүкіл өмірінде 500-ден астам ғашық болғанын айтады. Александр Дюманың әлсіздігі жануарлар болды. Оның үйінде Африкадан әкелген иттер, мысықтар, маймылдар, тіпті қарақұйрық өмір сүрді. Александр Дюманың хоббилерінің арасында ас әзірлеу болды. Ол бай адам болғанымен, классик көбіне әртүрлі тағамдар дайындағанды ұнатады, оны шығармашылық процесс деп атайды. Кофе мен Бальзак. Оноре де Бальзак кофеге тым құмар жандардың бірі болды. Шабыт шақыру үшін де кофе ішетін. Тіпті күніне 50 кесеге дейін ішкен сәттері болыпты. Зерттеушілердің сөзінше, Бальзак «Адамзаттық комедия» шығармасын жазу кезінде мүлдем ұйықтамаған. Әрине, бұл көп ішкен кофенің әсері. Жазушы кейде кейіпкерлерімен тілде сіп те жүретін деп жазады замандастары. Тіпті дүниеден озар алдында сандырақтап жатып «Адам комедиясы» эпопеясының кейіпкері, дәрігер Opac Бьяншонның атын дауыстап шақырып, «Бьяншон осында болғанда, мені аман алып қалар еді! депті», – дейді. Бұл да Бальзак өмірінің бір құпиясы болса керек. Бірде бір түн ішінде 15 000 сөзден тұратын шығарма жазып шыққан. Жазушының минутына 30 сөз жаза алатын қабілеті болған. Cондай-ақ қараңғыда жазуды ұнатқан. Тіпті, күндіздің өзінде перделерді жауып, майшаммен отыруды көңілі қалаған.  

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

 

Ұқсас жаңалықтар