Қазақстанның прагматизмге негізделген жаңа сыртқы саясаты

Қазақстанның прагматизмге негізделген жаңа сыртқы саясаты
ашық дереккөз
Қазақстанның прагматизмге негізделген жаңа сыртқы саясаты
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған 1992 жылдан бастап аталған ұйымның мүшесі ретінде өзінің белсенді іс-қимылымен көрініп, халықаралық ауқымдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық, экологиялық мәселелерді шешуге, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға атсалысып келеді. Еліміз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) шақыруға, Орталық Азия үшін БҰҰ-на арнайы экономикалық бағдарламасын құруға, Арал, Семей экологиялық апатты аймақтарды қалпына келтіруге, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні ретінде белгілеуге, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс саласы бюджетінің бір пайызын БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына арналған арнайы қорына жыл сайын аударуға, 2013-2022 жылдарды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы ретінде жариялауға және тағы да басқа салиқалы саяси іс-шаралардың жүзеге асуына тікелей атсалысты. Сонымен қатар еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып сайлануы әрі осы органға 2018 жылдың қаңтар айында төрағалық етуі Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан арасындағы байланыстың жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы беделді әрі белсенді ойыншы екендігін тағы бір дәлелдеді. Ал дүниежүзілік саясат аренасына өзінің ұзақ уақыт дипломатиялық және халықаралық қатынастарда жинаған тәжірибесімен келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметінің алғашқы жылдарындағы халықаралық іс-әрекеті күрделі болғандығы белгілі. Себебі тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қалыптасқан ішкі және сыртқы саясаттағы олқылықтардың орнын толтыру оңайға түспейтін еді. Көпвекторлық сыртқы саясатымыздың солқылдақ тұстарын да айналып өтуге болмайтын. Сондықтан да Қазақстанның жаңа сыртқы саясатының көкжиектерін Президент шетжұртқа қызметке кіріскен күннен бастап-ақ таныта бастады. 2019 жылдың 27 наурызында Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытай Халық республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады. Кездесу барысында сұхбаттасушылар Қазақстан мен ҚХР арасындағы тату көршілік қатынастарды ары қарай нығайтудың және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Осы орайда Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасын іске асыруы Орталық Азияны оқшауланған өңір ретінде емес, өзінің «батыс қақпасы» ретінде және көп үміт күттіретін экономикалық (және басқа да) дәлізі ретінде қарайтындығы қаперге алынды. Ал Орталық Азия географиялық және геосаяси тұрғысынан қарағанда стратегиялық, транспорттық және экономикалық (басқа да) сипаттағы ірі континенталдық жобалардың барлығын дерлік іске асырудың өзегі болып отыр. Мұның өзі аталған саяси кеңістікте Ресей, ҚХР, Үндістан, Иран, Түркия, Қазақстан және басқа да азиялық мемлекеттердің орын алып отырған және болжаудағы экономикалық және басқа да қауіп-қатерлерді қалай және кіммен бірге еңсеретіндігін нақтылауды талап етері сөзсіз. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың сәуіріндегі Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары Өзбекстандағы Қазақстанның жылын ашуымен тұспа-тұс келген еді. Сапар барысында екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының жоғары деңгейін ұстап тұру мақсатында түрлі шаралардың қолданылатындығы айтылып, президенттер бірлескен мәлімдеме жасады. Өз кезегінде 2021 жылдың 6 желтоқсаны күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёвтің Қазақстанға сапары да екіжақты қатынастар және аймақтың болашағы тұрғысынан маңызды болды. Бұл Мирзиеёвтің Өзбекстан президенті ретінде қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы ресми сапары екендігін айтуымызға болады. Сапар барысында 22 құжатқа қол қойылды. Солардың ішінде ең маңыздысы – Одақтастық қатынастар туралы декларация. Президент Тоқаевтың «Елдеріміз арасындағы одақтастық, стратегиялық қарым-қатынастар – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы» деген мәлімдемесі мен Мирзиеёвтің «Одақтастық декларациясының тек екі ел үшін ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл аймақ үшін тұрақты дамуды, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие» екендігін атап өтуі екі көшбасшының көзқарастарының үндестігін көрсетіп тұрғандай. Сол сияқты Қазақстанның Түркиямен, Түрікменстанмен және Қырғыз мемлекеттерімен қарым-қатынастары да бауырластық сипатқа негізделіп отырғандығын айта аламыз. 2019 жылдың 29 мамырында Астана (сол кездегі Нұр-Сұлтан) қаласында өткен саммитте Еуразиялық экономикалық одақтың таза еуразиялық (посткеңестік) құрылымнан азиялық векторы басым жаңа сапалық деңгейге өте бастағандығы мәлім болды. Кез келген мемлекеттің сыртқы саясаттағы қадамдары американ әкімшілігімен қарым-қатынас орнатуға (қай тұрғыда болсын) мүдделі болатындығы белгілі. Сонымен бірге, АҚШ-тың азиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды «бөлігі» болып табылатындығы да даусыз. Осы себепті, 2019 жылдың қыркүйегіндегі Америка Құрама Штаттарына сапарының алдында «Қазақстан диалог пен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береді» тақырыбында жарық көрген мақаласында Қ.Тоқаев бұл Президент лауазымында АҚШ-қа алғашқы сапары екендігін, бірақ бұрын Сыртқы істер министрі, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған саясаткер ретінде бұл елге келу өзіне жаңалық еместігін айта келіп, Қазақстанның бұдан әрі де АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттерінің байланысына қомақты үлес қоса беретінін, әлемдік ауқымда ядролық қарусыздандыру үдерісіне белсенді атсалысу Қазақстанның басым бағыттарының бірі екендігін, осы орайда орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою келісімінің бұзылуы әлемге зор қауіп төндіріп тұрғанын сөз еткен болатын. Мақалада Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс та нақты қамтылып өткен. Атап айтқанда, Қазақстан АҚШ-тың 700-ден астам компаниясымен әріптестік бағытта жұмыс істейтіні, бұл елдің «Nasdaq» және «Goldman Sachs» компаниялары «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының акционері мәртебесіне ие екені айтылған еді. Нью-Йоркте 24-25 қыркүйек аралығында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі жүргізілген саяси бағытқа жаңа импульс беру үшін барғаны белгілі болатын. 25 қыркүйекке дейін жалғасқан халықаралық форумға шартараптан 100-ге жуық мемлекет басшылары мен ұйымға мүше елдердің 80-нен аса үкімет және сыртқы саясат ведомство жетекшілері қатысты. Сессия шеңберінде түрлі деңгейдегі 630 кездесу өткізілді. Тиісінше, қазақстандық делегацияны бастап барған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі де өте тығыз болды. Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен осы бірлестік алаңында өткізілген «Кедейлікті жою, сапалы білім беру және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерін ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» тақырыбында өткен жалпы пікірсайыста баяндама жасады және тұрақты даму мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумда өз пікірін білдірді. Өз сөзінде Қ.Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын «Жалпы халықтың жоғын жоқтайтын бірегей бірлестік» ретінде бағалады. Сындарлы саясатты жаңа қырынан жалғастыру бағытын ұстанған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуінде үлкен ұйымның 2030 жылға дейін белгіленген үлкен жоспарларының жүзеге асуына Қазақстан өз тарапынан барынша қолдау көрсететіндігін мәлімдеді. АҚШ-пен қарым-қатынас мәселесіне жеке тоқтала келіп, мұхиттың арғы бетіндегі әріптестеріміздің тәуелсіздік кезеңінде елімізге 45 миллиард доллар инвестиция құйғандығын атап өтті. Екі жақты қарым-қатынастардың әлі де жоғары деңгейде дами беретіндігіне сенім білдірді. Швейцария президенті Ули Маурермен кездесуінде тараптардың араластықты қарқынды дамытуы тұрғысында сөз болды. Тиісінше, 2021 жылғы Швейцария конфедерациясына жасаған өзінің екінші ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияның президенті Ги Пармеланмен, осы елде орналасқан бірқатар халықаралық ұйым басшыларымен кездесті. Ал Швейцарияның әлемдік қаржы орталығы екенін ескерсек, бүгінгі күндері жүзеге асырылып жатқан Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесінің жүйелі түрде қолға алынғанын аңғарамыз. Осындай сыйластық пен өзара түсінушілікке негізделген кездесулер Болгария президенті Румен Радевпен, Польша президенті Анджей Дудамен, Грузия президенті Саломе Зурабишвилимен де өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Поляк президентімен болған кездесуде екі елдің арақатынасындағы 1,2 миллиард доллар деңгейді Еуроодақ шеңберінде одан әрі дамытуға назар аудартса, грузиндік әріптесімен өткен кездесуде Ақтау және Құрық порттарын екі елдің де тиімді пайдалануына мүмкіндік бар екендігін негіздеп берді. Әрине, Қара теңіздегі логистикалық мәселелерді шешуге едәуір ықпалы бар Болгария мемлекетінің де Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатында елеулі орынға ие болып отырғандығы кездейсоқтық емес. Президент Қ.Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуінде ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларына тоқталды. Осы орайда, тараптар өзара қарым-қатынастардың даму бағытында болуына мүдделілік танытты. Бағамдап қарасақ, жоғарыда көрсетілген мемлекеттердің біздің стратегиялық әріптесіміз ретінде саналып келген Ресей федерациясымен арақатынасы жеңілдетіп айтқанда «мәз емес» екендігі белгілі болатын. Соған қарамай жасалынған Президенттің бұл қадамдарын, әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатуды көздеген Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастырудағы тың серпіліс ретінде қабылдағанымыз дұрыс. Дегенмен Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында Ресейдің алар орны ерекше екендігі белгілі. Мысал ретінде айтар болсақ, тек 2021 жылғы Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы 24,2 миллиард долларды құрапты. Әйтсе де, 2022 жылдың 24 ақпанында басталған Ресей әскерлерінің Украинаға шабуылы посткеңестік кеңістіктегі ахуалды барынша ушықтырып, ол өз кезегінде әлем алпауыттарының текетіресіне жалғасып отырғандығы белгілі. Осы оқиғаға орай 2022 жылдың 11 қарашасында өткізілген Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұйымның халықаралық рөлі артып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елдермен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін жеткізді. Президент еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал ететіндігіне баса назар аударды. «Сондықтан да ынтымақтастығымыздың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып, қуатты күшке айналуымыз керек. Қазір геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын да жеткізіп: «Қазақстан барлық елдердің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауды қажет деп есептейді. Бұл – еліміздің негізгі мүддесіне толығымен сай келетін қажетті қағидат. Сондықтан біз осы ұстанымға әрдайым басымдық береміз, – деді. Мемлекет басшысы 2022 жылдың 17 маусымында өткен «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Біздің аймақтағы елдер қалыптасып отырған сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Еуразиялық интеграцияны Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасымен ұштастыруы – маңызды міндет болып табылады», – деген еді. Бұл пікірді сол жылдың 14 қыркүйегінде Қазақстанға келген Қытай Халық республикасының Төрағасы Си Цзиньпин де қолдап, сонымен қатар, Қытай тарапы Орта Азия елдерінің саяси қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылығының сақталуына мүдделі екендігін және сыртқы күштердің аталған елдердің ішкі істеріне араласпауына бірлесіп қарсы тұратындығын білдірді. Бұдан кейінгі Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенмен және Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррельмен кездесулерінде де ел Президенті халықаралық шиеленіс жағдайында «Қазақстан-Еуроодақ» қатынастарын тиянақтағаны анық болып отыр. Мұның барлығы қазіргі жалпыәлемдік және ұлттық ауқымдағы қатер алдында Қ.Тоқаевтың халықтың мүддесіне қызмет ететін сыртқы саясат ұстана отырып, еліміздің Еуразиядағы беделін арттыра түсетіндігі даусыз.  

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры.

 

Ұқсас жаңалықтар