Құдық ІШІНДЕГІ ҚҰДІРЕТ

Құдық ІШІНДЕГІ  ҚҰДІРЕТ
ашық дереккөз
Құдық ІШІНДЕГІ ҚҰДІРЕТ

7Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде жергілікті халық әулиелі мекен санайтын Укаша ата сахабаның зияраты және қасиетті құдығы бар. Келушілер Укаша сахабаның қабірінің басына дұға жасаған соң, осы арадан 700-800 метрдей қашықтықта орналасқан тау басындағы құдыққа барып, тереңдігі 30 метрге дейін жететін құдыққа қауға тастайды. Сенім бойынша, әулиенің құдіретіне күмән келтірген немесе ой-пікірі теріс адамға құдық бір тамшы да су бермейді. Ал ниеті таза, ықыласы күшті адамның шелегі құр қалмайды. Аңыз бойынша Укаша сахаба Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жақын серігі, күзетшісі болған екен. Пайғамбарымыздың ерекше белгісі – жауырынының астындағы мөрді сүйгендіктен, Укашаның денесі атса – оқ, шапса – қылыш өтпейтін қасиетке ие болған. Дұшпандары Укашаның таң алдында бүкіл денесі балбырап, Аллаға жалбарынатынын естіп, сол сәтін аңдып келіп, басын қылышпен шапқан деседі. Бірақ, кесілген бас дұшпандардан домалап қаша жөнелген, сол кезде тау үстіне көктен жасын түсіп, құдық пайда болған, сол құдыққа Укаша атаның басы түсіп, ғайып болыпты. Әлгі құдық жерасты жолдарымен сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді айтушылар. Сахабаның басы сол зәмзәм бұлағынан шығып, жолдастары Пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерлепті. Бұл Укашаның «Иә, Алла, менің басым Пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек.

Құдық – «шаңырақ», үңгір – «киіз үй»

«Өткен жазда құдық басында түрлі түсініксіз оқиғалар көбейіп кетті. Ал шілде айының ортасында екі күн бойы құдықтан бір тамшы су шықпай қойды. Менің көз алдымда құдыққа салған 70-80 шелек үзіліп, қалып қойған еді. Судың көзі бітелді ме деп қорықтық. Сосын оның ішіне түсіп, тазартып шығайын деп ойладым», – дейді бүгінде мемлекет қамқорлығына алынған Укаша ата құдығының қорықшысы Байзақ Кенбаев. – Құдықтың тар аузынан әрең сыйып, әрі өткен соң құдық сәл кеңейеді екен. Бойымды түсініксіз үрей биледі. «Иә, Алла, қасиетті құдықты тазартудан басқа мақсатым жоқ. Лайық болмасам, кешіре гөр!» деп шын жалбарындым. Бір қызығы, құдық тік емес, бұрандалы, спираль тәрізді тереңдей берді. Осылай 15 метрдей түскен соң кенеттен кең үңгірге тап болдық. Биіктігі 12 метрдей, диаметрі 15 метр шамасы болып келетін үңгір қазақы киіз үйден аумайды екен!». Таңқаларлығы, жігіттер рәзіңке етік киіп түскенімен, үңгірдің түбі құп-құрғақ болып шығады. Сөйтсе, түпсіз терең үңгірдің бір шетінде сылдырап бұлақ ағып жатыр екен. – Біз құдық түбінен шашылған шелек көреміз ғой деп күткенбіз. Алайда, үңгір тап-таза, ал бүкіл шелек су үстінде, текшелеп жинаулы тұр, – деп таңқалады әңгімешіміз. – Тағы бір түсініксіз жайт, бүкіл шелектің ағыстың бастауында тұрғаны болды. Үңгірде де гүл өседі

Физиканың бүкіл заңдылығына қайшы келетін бұл көрініс онсыз да үрей билеген құдықшы жігіттерді тәубасына түсіріпті. Құдайдың қаһарына ұшырамас үшін келген шаруасына тезірек кіріскен жігіттер кешке дейін дамылсыз жұмыс істеп, 600-ге жуық шелекті сыртқа шығарған. – Су бетінде жинаулы тұрған шелекті алған сайын астынан көтеріліп, басқа шелек шыға береді. Судан ауыр темір шелектің қалай батпайтыны белгісіз. Оларды бір-біріне кигізіп, қапшыққа салып буып, жоғарыға аттандыра бердік. Алты жігіттің төртеуі жоғары көтеріліп, шелек салынған қапшықтарды қауғалап тұрды. Бір ғажабы, үңгірдің бір шетінде ошақ қылып үйілген құп-құрғақ отын болды. Бұл, сірә, бұрын түскендерден қалса керек. Біз жылыну әрі жарық қылу үшін от тұтатқанда, түтін сәл көтеріліп, сосын су бетімен құбылаға қарай әлдеқайда жоғала берді. Үңгірдің ауасы тарылғанын, түтіндегенін байқамадық. Құдықтың ішіндегі су шымырлап қана ағып, құбылаға қарай беттейді екен. Сол судан құдықтың бір қабырғасын түгел ала жоғары қарай 10 метрдей өрлеп әппақ маржантас гүлдер өсіпті. Өзімізбен бірге ала түскен шахтер қолшамын судың арғы бетіне түсіргенде, көзімізге түскен көркем көрініске таңқалдық. Бұл теңіз түбінде болатын маржан ба, сан түрлі, нәзік өрнекті ғажап құбылыс екен, – дейді құдыққа түскен жігіттер.

Қауға неге құр қайтады?

Құдықшы жігіттер шелектен басқа, бір дорба тиын алып шыққан. «Олардың арасында кеңес кезіндегі шақалардан бастап, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей сынды елдердің тиындары, сақина-жүзік, таспих, асатаяқ, т.б. нәрселер бар. – Менің алдымда болған шырақшылардың айтуынша, бір адам құдыққа түсіп, ақша алмақшы болғанда, ішінде қаза табады. Сол кезде Кентау қаласынан құтқарушылар тобы келіп, арнайы аквалангын киген сүңгуір суға түсіпті. Үңгірдің түбінде өліп жатқан жігітті қапелімде көрмей, суға түскен әлгі сүңгуір 30 метрдей тереңдікке сүңгісе де, түбіне жете алмапты. «Бұл судың түбі жоқ екен» депті су асты қысымға шыдай алмай кері қайтқан әлгі құтқарушы. Біз құдықтан тарап жатқан үш үңгірді көрдік, екеуі арғы бетінен дәу таспен бекітулі тұр екен. Ал үшінші үңгір 4-5 метр бұралаңдап жүрген соң тарылып, адам сыймастай болып қалды,– дейді әңгімешіміз Байзақ. Осы құдыққа қауға салған кейбір адамға су шықпай, шелек құр қайтуының сырын да жігіттер зерттеп көрген екен. «Жоғарыдан тасталған шелек құдықтың бұрама жерінен өткенде шыркөбелек айналып келеді де, жердегі көк тасқа соғылады. Тас пен бұлақтың екі арасында тереңдігі 60-70 метрдей қазандық бар. Қасиетті құдықтың суы бұйырмаған адамның тастаған шелегі сол «қазанға» түсіп, бос қайтады екен. Ал ниеті дұрыс, жүрегі таза адамның шелегі құдықтың екі жағындағы жырамен жылжып барып, бұлаққа жетеді екен», – дейді Байзақ сеніммен.

Ұқсас жаңалықтар