Мидың құпиясы көп

Мидың құпиясы көп
ашық дереккөз
Мидың құпиясы көп

3 5Біздің ойлау қабілетіміз, саналы іс-әрекетіміз миға байланысты. Сан мың жұлдызы сәуле шашқан ғарыш пен ми өздерінің күрделілігі жағынан бір-бірінен кем түспейді. Қабілет-қарымы, мүмкіндігінің шексіздігіне байланысты ми ғалымдардың өздерін де таңқалдырып келеді. Соншалықты нәзік миды бас сүйегі көмкерген, ол оны түрлі соққылардан қорғайды. Ми біздің жалпы салмағымыздың бар-жоғы екі-ақ пайызын құрайды. Бірақ, оның қан тарататын мыңдаған талшықтары ағзамыздағы оттегінің жиырма пайызын пайдаланады. Тіпті, аш болған сәтіміздің өзінде де, ми ағзамыздағы қоректік заттардың көптеген мөлшерін тұтынады екен. Қажетті мөлшерде тамақтанбаған бала салмағының 50 пайызын жоғалтса, ал ми өз салмағының тек 15 пайызын ғана жоғалтады екен. Ми туралы ғылымды дамытуда австралиялық Ф.Галльдың үлесі зор. Ол XIX ғасырдың басында мидың қатпар әжімдерін бүркеп тұратын жұқа сұр қабығының маңызы зор екені жөнінде алғаш пікір айтқан адам. Ол ғалымдардың назарын мидың үлкен бөлігін зерттеуге аударды. Сондай-ақ, ол бас сүйектің пішім үйлесімі арқылы, адамның мінез-құлқы жөнінде айтуға болатын ғылымды жасаушы ретінде тарихта қалды. Кейінірек осы күдікті жорамалды кейбіреулер өз мүдделеріне пайдаланды. Дегенмен, Галль өмір сүрген уақытта оның идеясы ми туралы ғылымның дамуына зор ықпал етті. Ағзаның әртүрлі физиологиялық процестерін басқаратын мидың нақты бөліктерін зерттеу жұмыстары жандана түсті. Ми жұмысының құпиясы жүйке жасушаларында, нейрондарда екені белгілі болды. Ал нейрондар – он төрт, он алты миллиардқа жетеді. Ол біздің ойлау орталығымыз болып табылады. Міне, осы жасушалар сезіну ағзалары немесе басқа да жүйке жасушалары арқылы сыртқы ортадан жеткен ақпараттарды қабылдап, өңдейді. Ақпарат жүйке талшықтары және химиялық белгілер арқылы электрлік импульс түрінде беріледі. Ал оның жауабы басқа жүйке жасушалары арқылы дененің әр бөлігіне жолданады. Ми жасушалары бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысы өзінше керемет әлем. Жасушалардың бір тобы адам тынысын, ұйқысын, жүрек жұмысын басқарса, ал мидың тереңірек түкпіріндегі, яғни, гипоталамус деп аталатын бөлігіндегі жасушалар, аштық, шөлдеу, агрессивтілік сезімдеріне жауапты. Мидың әр жарты шарында орналасқан, бірақ, өзара байланыстағы жасушалар радио қабылдағыштағы дауысты реттегіш сияқты, олар адамның ықылас, назарын өзге де сезімдерді реттеп отырады. Мәселен, желкедегі ми бөлігі, яғни, мишық қимыл-қозғалысты реттейді. Мидың ең негізгі атқаратын қызметі — ойлау, сөз, жадта сақтау. Оның ең басты қызметі сұр, жұқа қабыққа байланысты екенін айта кеткен жөн. Ол мидың алдыңғы және қапталын жауып тұр. Мұны ми қабығы деп атайды. Ми бір мезгілде жүздеген мың импульс дабылдарды өңдеуге қабілетті. Мидың бірқатар бөлігінде, шамамен алғанда он бес текше сантиметрінде жүз миллион жүйке жасушасы болады. Оның әрқайсысы сан мыңдаған басқа жасушалармен байланысқан. Нейронның ішкі құрылымы да соншалықты жетілген әрі өте күрделі. Оны көрнекі түрде алғанда үлкен химия комбинатымен салыстыруға болады. Нейрондар жұқа мембраналардан, өзекшелерден, түтіктерден, талшықтардан және басқа да құрылымдардан тұрады. Олардың мөлшері екі-үш мың ангстр аралығында. Осы комбинаттың «цехтарында» жасушалардың өмір сүруіне қажетті барлық жағдайлар жасалып жатады. Мәселен, әлемде бір-біріне ұқсамайтын екі адам сияқты барлық адам миының жасушаларының құрылымы да бірдей емес. Біздің санамыз бен миымыздың арасындағы қатынастар бір қарағанда осындай. Оның бізге беймәлім ақтаңдақтары тіпті көп. «Түсінемін», «ойлаймын», «есіме түсірдім» дейтіндей сөздердің арғы жағында қандай физикалық-химиялық процестер жүріп жатыр, ол әлі бізге жұмбақ. Сіз миыңыздың сезімтал емес екенін білесіз бе? Оны электр тогымен тітіркендіруге, тіпті кесуге болады. Бұл мезетте адам оның ауырғанын білмейді. Сондықтан да зерттеушілер оған электр тогын пайдаланып, жұмыстарын жүргізе береді. Ғалымдар нәзік электродтардың көмегімен ми заттарының жекелеген бөліктерін электрлік тітіркендіру арқылы мидың және бөліктерінің қалай жұмыс істейтінін, қандай қызмет атқаратынын білу мүмкіндігіне жетуде. Канадалық нейрохирург У.Пенфильд науқасқа операция жасағанда ми қабығының самай жағындағы нейронға электродты тигізген. Сонда науқас тілге келіп, өзінің балалық шағын еске алып, жүйе-жүйесімен бәрін айтып берген. Ал ол қалыпты жағдайда осылайша есіне түсіре алмас еді. Кейін осы жаңа әдіс кеңінен қолданылды. Шынына келгенде, ол адам жадының мәнін анықтауға дәрменсіз болды, бірақ, басқа мәселелерге келгенде тиімді екенін көрсетті. Алғашында тәжірибе әдеттегідей, хайуанаттарға жасалды. Ол бірден қызықты нәтиже берді. Физиолог Д.Олдс мидың ерекше «рахаттану орталығына» электродпен әсер еткен. Тәжірибе маймылға жасалған болатын. Ол ерекше сезімге бөленгеннің не екенін білгендей, дереу электр қуатына қосылған тұтқаға жармасып, оны алуға тырысқан.Бұл жаңа әдіске құмартушылардың бірі нейрофизиолог Хосе Дельгадо болды. Ол тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Маймылдың макака түрі өте ашушаң болады. Адам оған қолын созса, ол оны ұстап алып, тістегісі келеді. Алайда, оның миына электродпен әсер еткенде, ол моп-момақан күйге түскен. Ол енді адамның өзіне жақындағанына өршелене қарсылық көрсетпейді, қайта сипағанын, ұстағанын жақсы көреді. Айналасында не болып жатқанының бәрін біліп, қарсылық көрсетпей, адамға жақындау үшін қолын созады. Ал әлсіз электр тогымен мысықтың гипоталамусын тітіркендір­генде, ол керісінше адамға айбат шегетін болған. Ал ми діңіндегі бөлікке электр тогын тигізген хайуанаттар үрейленіп, қашуға әрекеттенген екен.Электрмен тәжірибе жасауын жалғастырған Дельгадо радио арқылы хайуанаттардың миына ток жіберуді меңгерген. Ол бірде көрермендердің алдында өгізбен айқасқа түскен. Қолында радио толқынын тарататын аспабы бар Дельгадо өгізге қарсы келе жатып, аспабының бір тетігін басқанда өгіз оған тұра ұмтылған. Дереу екінші тетікті басқанда өгіз жуасып, оған бейжай қарап тұрып, кері қайтқан.Дельгадо даладағы жануарлардың мінез-құлқын бақылаған. Маймылдардың тәжірибе жасаған кездегі іс-әрекеті өте қызықты болыпты. Әли деп аталатын маймыл бір топ маймылдың «көсемі» екен. Тордағы тұтқа арқылы маймылдың айбат шегуін шектей алған. Әлиге бағынышты маймылдар әлгі тұтқаның «сиқырын» сезіп, оның тетігін басқанда Әли жуасып, ешқайсысына сес көрсетпейтін болған. Маймылдар оның өктемдігінен құтылып, өздерін еркін сезінетін болыпты. Ал токтың әсері жоғалғанда әлгі Әли өзінің басшы екені есіне түсіп, бәріне қожаңдай бастайды.Көптеген жылдар бойы электрмен хайуанаттардың миына тәжірибе жасалғаннан кейін, оның жағымды нәтижелері адамдарды емдеуге қолданыла бастады. Мынадай мысал бар, бір адам соғыста қолынан айырылады. Бірнеше жыл өткеннен кейін, кесілген қолдың орны адам төзгісіз ауыратын болған. Бұндай ауруды дәрігерлер тілінде «фантомдық» деп атайды. Ал дәрігерлер сол қолға электр тогымен әсер еткенде, оң қолының ауырғаны қойыпты. Мидың біз білмейтін құпиясы әлі көп. Ғалымдар әлі күнге дейін жіті зерттеп болған жоқ. Құпия ашылған сайын, беймәлім тұстары көбейе түсуде. Сондықтан бүгінгі таңда адам миын зерттеу жұмыстары толастамақ емес.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар