Бауыржан Исламхан жылдың үздік футболшысы атанды
Футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың басшылары, бапкерлері және капитандары жылдың ең үздік ойыншысын таңдады. Қорытынды бойынша «Қайрат» командасының және Қазақстан құрамасының ойыншысы Бауыржан Исламхан 2014 жылдың үздік футболшысы болып танылды. Тараз футболының түлегі Бауыржан Исламхан «Тараз» футбол клубында жүрген кезінің өзінде жасындай жарқыраған болатын. Жас таланттың керемет шеберлігіне тәнті болған шетел мамандары жерлесімізге қызығушылық танытуы да тегін емес еді. Ақыр соңында Ресейдің «Кубань» командасы футболшымызды өздерінің сапына қосып алды. Краснодарда шамалы жүрген қазақ футболшысын «Астана» футбол клубы аттай қалап алдырды. Алайда, аталған ұжымның басшылығы жерлесімізге негізгі құрамнан орын тауып бере алмағаны есте. Бұдан кейін «Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайс Бауыржанды өз командасынан көргісі келетінін мәлімдеді. «Астанамен» келіссөздер сәтті аяқталып, тараздық футболшы «Қайратқа» ауысты. Қазақстандық Иньеста атанып кеткен Бауыржан Исламхан алматылық клубпен чемпионаттың қола жүлдесін жеңіп алып қана қоймай, ел кубогының да иегері атанды. Футбол әлемінде «Батори» деген атымен танымал болған Исламхан ағымдағы маусымда үздік пас шығарушылардың да қатарын толықтырды. Өзі де премьер-лиганың сұрмергендерінен қалыспай, бірнеше әдемі голдың авторы атанды. «Қайрат» келесі жылы еурокубокта ойнайды. Жылдың үздік футболшысына маусым аяқтала салысымен Болгарияның, Польшаның, Ресейдің тағы өзге бірнеше шетел клубтарының басшылығы «құда түсіп» отыр. Әзірге Бауыржан Исламхан «Қайратта» қалар-қалмасы белгісіз. Айтпақшы, жылдың үздік футболшысын анықтайтын дауыс беру салтанатының қорытындысында өзге командалардың капитандары, бапкерлері, клуб президенттерімен бір қатарда «Тараз» футбол клубының бас бапкері Евгений Яровенко бастаған үштік те өз дауыстарын Исламханға бергенін айта кету керек. Исламхан кешегі жас баладан бүгінгі «Қайраттың» капитанына, ұлттық құраманың жүрегіне айналып үлгерді. Батыс басылымдарында майталман мамандар «Бауыржан Исламхан – қазақ футболының иконасы» деген де пікірлер білдіріп жатыр. Бұл Тараз футбол мектебінің жеңісі, жетістігі.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді