«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ қызы Боксшы Назым Қызайбай әлем чемпионы атанды

Қазақ қызы Боксшы Назым Қызайбай  әлем чемпионы атанды
ашық дереккөз
Қазақ қызы Боксшы Назым Қызайбай әлем чемпионы атанды

Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем біріншілігі Алаш жұрты үшін табысты болды. Бұл додада ұлттық құрама бір алтын, бір күміс медальді қоржынға салып, тамаша нәтиже көрсетті. Иә, ең жеңіл салмақта рингке шыққан Назым Қызайбай қазақ аруларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. 81 келіден жоғары салмақта жұдырықтасқан Ләззат Күнгейбаева күміс жүлдені еншіледі. Дәл мұндай жетістікке ұлттық құрама ілгеріде қол жеткізіп көрмепті. Ақтық айқаста Назым Қызайбай үндістандық Шамджетсабам Сарджубаланың жолын кесті. Алғашқы раундта қарсыластың мысы басым болғаны аңғарылды. Одан кейінгі кезеңдерде қарсыласынан анағұрлым сәтті бокстасқан қазақ қызы үндістандықты жұдырықтың астына алды. Үнді аруы Назымның шабуылдарына шабуылмен үн қатқысы келгенімен, қазақ қызының қарқынына төтеп бере алмады. Нәтижесінде қапталдағы төрешілер бір ауыздан Назым Қызайбайдың жеңісін мойындады. Ләззат Күнгейбаева өз кезегінде командаласының нәтижесін қайталай алмады. Ақтық сында ресейлік Зенфира Магомедалиевамен жолыққан ол жеңіліске ұшырады. Ол алғашқы кезеңде қарсыласын бұрыштан бұрышқа тықсырта қуып, жойқын соққыларын жаудырғанымен, қалған раундтарда басымдықты қарсыласының қолына беріп қойды. Өз мүмкіндігін мүлт жібермеген ресейлік спортшы әр соққысын дәл бағыттап, айласын асырып кетті. Тіпті қазақ қызы нокдаун да алып қалды... Бір сөзбен айтқанда, бұйырғаны – күміс медаль. Алдағы уақытта әйелдер боксы арасында да бүкіл әлемдік бокс сериясы (WSB) жобасы қолға алынуы мүмкін екендігі осы дода барысында айтылып қалды. Демек, қазақ қыздары да өздерін шлемсіз айқасқа дайындай беруі керек. Сонымен қатар, енді екі жылдан кейін әлемдік дода Астанада өтетіні белгілі. Алаш жұртының намысын қорғап жүрген боксшы қыздарымыз ол чемпионатқа дейін тәжірибе толыстырып жатса, елордада бір емес, бірнеше алтын алуға мүмкіндік туары сөзсіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар