Беделі биік білім ордасы
Осыдан 15 жыл бұрын Тараз инновациялық- гуманитарлық институты атауымен ашылып, бүгінде Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты – өңіріміздегі кәсіби маман дайындайтын бірден-бір оқу орны. Заман талабынан шыға білетін және жоғары сұранысқа ие мамандар даярлау мәселесі қашанда өзекті екені белгілі. Бірегей білім ордасының ұжымы осы жауапкершілік үдесінен шығу жолында, бәсекелестікке төтеп бере алатындай мықты маман даярлау мақсатында жұмыс істеуде.
Шерағаң салған жолменен
Өткен жылы елімізде Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық дүбірлі мерейтойы өтті. Институттың бас ғимаратының алдына Шерхан Мұртаза ескерткіші қойылды. Бұл мәртебенің өзі оқу орнының қабырғасында жүрген барлық ұстаздар мен студенттердің қуанышын еселеді. Институтта «Шерхантану» ғылыми- зерттеу орталығы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы бола алмайды» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңеспейді. Осы тұрғыдан алғанда, Шерхан Мұртазаның саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына арнап, оған өлшеусіз үлес қоса білген дара дарын, біртуар тұлға болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Шынайы шығармашылықта ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қабырғалы қаламгердің көркем шығармалары көптеген оқырмандардың жүрек төрінен орын алды. «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жаңадан жасақталып, «Студенттер үйінің» алдындағы «Шерхан аллеясы» демалыс скверіне айналды. Сондай-ақ былтыр Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аясында республикалық «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен баспасөзінің даму үрдісі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылып, жазушының 5 томдық шығармалар жинағы қайтадан шығарылды. «Бір кем дүние» кітабы өңделіп жұртшылыққа қайта таратылды. Ғибратқа толы ғұмырында, халқына қара нардай қызмет қылған қайсар қаламгер қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып, әдебиеттің «Тау тұлғасы» атанғаны белгілі. Ұлттың рухымен біте қайнасып, болмысымен бір болып кеткен «қазақтың Шерағасы» оқу орнының атын одан сайын аспандатып, мәртебесін асырарына сенімдіміз.Ғылым мен білім үндестігі
Білім мен ғылым – өркениетке бастар алғышарт. Төзімділік пен батылдылықты қажет етті, ғылымға көңіл бөлу тәуелсіз елімізде мемлекеттік деңгейге көтерілген басты әрі негізгі мәселе. Еліміз бойынша ғылыммен айналысуға жан-жақты алғышарт жасалған. Қазірде елімізде интеллектуалдық дүмпу қажет екендігін өмірдің өзі алға тартып отыр. Өйткені ғылымды өндіріспен байланыссыз қарастыру мүмкін емес. Аймақта білім мен ғылымның бірден-бір алып ордасы болып саналатын жоғары оқу орнының ұйымшыл ұжымы еліміздің ғылыми жетістіктерін лайықты деңгейде жұртшылыққа кеңінен тарату, ғылым және білім саласында өндірістік-шаруашылық қызмет көрсетуді абыроймен атқаруда. Оқу орнының осы жылғы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде Азия университеті ассоциациясына енуін атап көрсетуге болады. Сонымен қатар білім ордасының Халықаралық университеттер ассоциациясы және Еуропалық университет ассоциациясына мүшелікке ену жоспарында бар. Бүгінгі таңда 30-дан астам стартап жобаларға, монографияға, оқу құралына авторлық куәлік алынған. Оқу орнының профессор-оқытушы ғалымдары индексі жоғары Scopus журналына мақалаларын жариялап, бес стартап жобаға патент алған. Екі жыл бұрын «Аквакультура және су биоресурстары» зертханасы ашылып, балық шаруашылығына қатысты барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастаған. Араға жыл салып, зерттеу саласының ауқымының артуы мен көрсетілетін қызметтердің кеңеюіне байланысты былтыр бұл зертхана арнайы орталыққа айналған. Енді бұл орталық еліміздегі балық шаруашылығының дамуына үлес қосып, жас мамандарды даярлап, облысымыздың балық шаруашылығын әлемдік деңгейге көтеру мақсатында ерекше жұмыс жоспарын құрып отыр. Бүгінде орталықта «Қоршаған ортаның экологиялық-аналитикалық зертханасы», «Су биоресурстар зертханасы» және «Тірі азықтарды өсіріп көбейту» цехы жұмыс істеп тұр.Жарқын болашақ кепілі
ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі сапалы білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Еліміздің білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделуі – бүгінгі күннің талабы. Ұстаздар мен студенттердің біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді. Бір сөзбен айтқанда, ел болашағының бүгінгіден де нұрлырақ болуына ықпал етіп, алға апаратын күші білімге байланысты екені айқын көрінуде. Институт алғашқы құрылған жылдары- ақ қадрлық әлеуетті білім беру үдерісіне озық технологиялар мен әлемдік тәжірибелерді енгізу мақсатында шетелдік профессор-оқытушылар құрамымен толықтырып отырған. Мысалы, Корей елінің ең үздік университеттерінен Ли Минджа, Сонг Хва Джонг, Пак Ки Хонг корей тілінің мамандарын тартса, қытай елінен келген профессор Гүлнар Абдисин және Мұстафа Серік қытай тілінен дәріс берген. Ағылшын тілінен Канада елінен PhD профессор Сет Агбо (Lakehead University) арнайы шақыртумен келіп, үш жыл қатарынан студенттерге тек сабақ беріп қана қоймай, оқытушылар арасында семинар-тренингтер ұйымдастырды. «Ғылым, инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі» проректорлық қызметке Болгар университетінің беделді профессоры, философия ғылымдарының докторы Николай Буюклеев шақыртылып, бүгінгі күнде ғылыми жұмыстарды дамытумен қатар, халықаралық серіктестікті дамытуда, Эразмус+ бағдарламасы бойынша әріптестерінің жобаларына жетекшілік жасау үстінде. Институтта материалдық-техникалық базаны дамытуға өзінің стратегиялық даму бағдарламасында ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық аудитория жабдықталып, «Спорттық- бұқаралық кешен» мен бірнеше ғылыми орталықтары іске қосылған. Институттың профессорлық-оқытушылық құрамы студентке бағдарланған оқыту саясатын жүзеге асыра отырып, білім беру үдерісінде оқытудың инновациялық әдістерін, шығармашыл және бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыруда әлемнің жетекші университеттерінің оң тәжірибесін белсенді қолдануда. Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, жеке оқытуды күшейту құралдарын енгізуге де үлкен көңіл бөлінуде. Мысалы, білім беру жүйесінде ІТ кластер құру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Былтыр институтта «IT Академиясы» ашылған. ІТ мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектеріне болашақта нарықтық экономиканың үрдісіне тиімді енуге және де кәсіби ынтымақтастық пен бәсекелестік жағдайында табысқа жетуге мүмкіндік береді. IT Академия бүгінгі күні облыстың IT білім беру саласында көшбасшыға айналуда.Жанға жайлы жатақхана
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік- жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт» деген болатын. Осыған сәйкес студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында 500 орындық студенттер үйі қолданысқа берілді. Танымдық, мәдени және әлеуметтену орталығы болып табылатын заманауи үлгідегі кешен студенттердің барлық қажеттіліктерін бір орталықтан алуына толық мүмкіндік жасайды. Студенттер үшін түрлі нысандардың қызметі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Институтта студенттерге қолайлы жағдай жасау және эстетикалық сұлулық сыйлау, адамдардың өмір сапасын жақсартып, білім беру жүйесін жаңа белеске көтеру мақсатында «Қысқы бақ» кешені салынған. Онда жер шарының түкпір-түкпірінде кездесетін тропикалық та, шөлейтті аймақтарда да өсетін өсімдіктердің 400-ден астам түрі бар. ХТИИ жанынан ашылған бақта студенттер мен келуші қонақтар үшін қолайлы микроклимат жасалған. Облысымызда алғаш болып институт базасында «Жағажай волейболына» арнап арнайы алаң салынған. Қазіргі таңда студенттердің ойынға деген қызығушылығы күн санап артып келеді. «ХТИИ жағажай волейболы» құрамасы талай турнирлердің, жазғы универсиада ойындарының жеңімпазы екенін ескерсек, салынған нысан алдағы жарыстарға дайындалуға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді