«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болашағы зор балуан

Болашағы зор балуан
ашық дереккөз
Болашағы зор балуан
Еркін күрестен қазақ жастары арасынан асқаралы биікке көтеріліп, елімізді әлемге танытқан балуандарымыз аз емес. Әрине, спорттың дәл осы түрі жөнінде сөз бола қалғанда әуелі ойымызға Қажымұқаннан бастап, кешегі КСРО тұсында байрақты бәсекелерде топ жарған біртуар саңлақтарымыз оралары анық. Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Ғапсаттаров, Аманжол Бұғыбаев және Асқантай Иманқұлов, Рамазан Нұрманов, Мәлік Нәдірбеков пен Жақсыжол Көрпебаев сынды апайтөс алыптарымыз сол заманда-ақ толайым табыстарға қол жеткізе білді. Содан болар, егемен ел атанғанымызда да алдыңғы буынның жолымен жүріп, боз кілемді жағалайтын жастардың қатары көбейді. Атап айтқанда, қос жерлесіміз Ислам Байрамуков пен Ақжүрек Таңатаров еркін күрес түрінен олимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Шапшаңдық пен ептілікті, күштілік пен жан- жақтылықты талап ететін осынау спорт түрін серік еткен жалынды жастардың бірі – Арсен Иланбай. Жас спортшы Теріс ауылында 2002 жылы дүниеге келген. Әкесі Әкімжан – егін шаруашылығымен айналысатын қарапайым ауыл адамы. Ал анасы Мәрзия – ауылдық кітапханада қызметкер. Арсеннің өзінен үлкен ағасы мен әпкесі және соңынан ерген қарындасы бар. Алдымен туған ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте сауатын ашқан талапты жас 6-сыныптан бастап облыс орталығындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа қабылданады. Бұл – тұлпар болар жүйрікті тайынан- ақ таныған әке шешімі еді. Бүгінгі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Дене шынықтыру мұғалімі және спорттық жаттықтырушы» мамандығында білім алатын саңлақтың спорттағы жетістіктері де аз емес. Дүбірлі додаларда алдына жан салмаған Арсен өткен жылдың мамыр айында еркін күрестен өткен халықаралық жарыстың күміс жүлдегері. Сондай- ақ былтырғы ел чемпионатында белбеу күресінен үздік үштікті түйіндеді. Осылайша жерлесіміз ел біріншілігінде екі дүркін қола жүлдеге ие болды. 125 келіде белдесетін алып денелі жігіттің ендігі арманы олимпиада ойындарында топ жару. Руслан Сексенбаевтай білікті бапкердің қол астында жаттығатын шәкірттің жеңісті жолы жалғаса түсеріне күмән жоқ. – Бала кезімізден көк майса шөпке күресіп ойнап өстік қой. Өз басым ес білгелі еркін күресті жаныма серік еттім. Шын мәнінде, ауыл балаларының арасында күреспегені жоқ шығар. Мен де солардың бірімін. Абырой болғанда, ептілігімнің арқасында алыса кеткендерден айламды асыратынмын. Күрестің әліппесін үйреткен алғашқы бапкерім Жаңабек Ақбаевтың қамқорлығын ешқашан ұмыта қоймаспын. Аядай ғана ауылда еркін күрестің дамуына зор үлесін қосқан ағайымның үмітін ақтау мен үшін парыз. Кейінірек мектеп-интернатқа оқуға түсіп, қазіргі бапкерім Руслан Сексенбаевтың шәкірті атандым. Бүгінде білікті бапкердің қол астында жаттығып, еркін күрестің қыр-сырын меңгеріп жатырмын. Еркін күреспен шұғылданған он жылға жуық уақыттың ішінде біршама жетістіктерге жеттім. Солардың ішінде өткен жылы түндігі түрілген ел біріншілігі мен халықаралық жарыстың орны бөлек. Айтулы қос жарыста жүлдегерлер қатарынан көріне алғаныма қуаныштымын. Жалпы қай спорттың да өз қиындығы болады ғой. Еркін күрестің қиын тұсы адам бойындағы талант аса көп рөл ойнай бермейді. Мұнда қажымас қайрат пен өнімді еңбек керек. Себебі еркін күресте адамның бүкіл денесіне күш түседі. Мәселен, грек-рим күресінде белден жоғары ұстап, түрегеп жүріп белдессең, мұнда сәл өзгеше. Яғни, қарсыласың аяғыңды да, қолыңды да аңдып жүреді. Сол себепті бұл спортпен айналысатын адамның дене мүшелерінің ширақ болуы шарт. Атаулы спорт түрін таңдаған жан көп еңбектенуі тиіс. Алла қаласа алдағы олимпиада ойындарында өңіріміздің намысын қолдан бермей, Алаштың атын көпке танытсам деген тілегім бар, – дейді Арсен. Жас балуанның спортқа келуіне ағасы Әлішер себепкер болған. Уақыт өте осы салада өзін еркін сезінген балуан түбегейлі спортпен шұғылдануды құп көреді. Перзентінің бұл әрекетіне ата-анасы да бірауыздан қолдау білдіреді. Асқар тау әкесі мен аяулы анасының жалғыз тілегі – базбіреулер баласының сағын сындырып, жарыстардан шеттетпесе екен дейді. Керісінше, қолдау білдіріп, қолпаштаса, Арсен сын сағатта жерге қаратпасына кәміл сенеді. Рас, қолдау бар жерде нәтиже де болары анық. Кім білсін, біздің Арсеннің маңдайына қазақ спорты тарихында өшпестей із қалдырған ақиық балуан Мәулен Мамыровтың бағы жазылып тұрған шығар...  

Есен Өтеулі

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар