Шөкеңнің күнделігінен

Шөкеңнің күнделігінен
ашық дереккөз
Шөкеңнің күнделігінен

Марттың басынан бастап Алматының ауа райы жаман болды. Аспанды бұлыңғыр бұлт басып, ауа ауырлап кетті. Оның үстіне «магнит бораны» («Магнитная буря») дей ме, «өрісі», «толқыны» дей ме... Әй, жүрегі нашар байғұстарға қиын тиді-ау. Қан қысымым көтеріліп, ол шіркін 170-180 («үсті») 100-110 («асты») болып, есімді шығарды. Қан қысымы тезірек жөнделмесе, жүрек әлі «қажап» тұрып алады екен. Осыдан қорқып, салақсып жатқан жұмыстарымды жеделдетуге кірістім. Ән, өлеңдерімнің жинағын («Айнабұлақ») түгел қайта қарап, машинкаға қайта бастық. Балаларға арналғанды қосқанда 120 өлең болды. Қанттай ғып әзірлеп, «Өнерге» өткіздік. Редакторы Карл деген жігіт бұрын қараған еді, «күземепті», шамасы келгенше он шақты өлеңімді түзепті. Машинкаға қайта басуға Аманкүл көп күш жұмсады. * * * Барлық шымшыма, «шаншымамды» қосып, қайта басып, «Жалынға» тапсыруды ойлай бастадым. Аманкүл күн сайын 40-50 беттен басып отырды. Өткен отыз жылдық творчестволық жұмысымда жеті-сегіз жүздей «шаншыма» жазған сияқтымын. Атын тартымды етіп «999 шымшыма» деп өткізу ойымда бар. «Мың бір» дейін десем, Олжас «Мың бір сөз» жазып жатыр. «Мың бір түн» тағы бар. Олардан «ерекшелеу» етіп «999»-ды ұнаттым. Тағдыр оң көзбен қараса 1990-1991 жылдары шығып қалар... * * * 1983 жылдан соң «Жасырайық несіне?» дегеннен өзге жаңадан сықақ өлеңдер жинағын шығарғаным жоқ. Арада екі-үш кітап: «Үміт жұлдызы», «Өткірдің жүзі», «Елпекбайдың телпегі» деген үш кітап шығып үлгерді. Үшеуінің де «жаман» аты шыққан жоқ. Түгелге жуық сатылып, оқырмандардың қойны-қонышында жүрген шығар. Енді соңғы бес-алты жылдан бері жазғандарым бар ғой. Соларды қосып, жинақтап, «Кімге-шымшыма, кімге-шаншу?» деген атпен «Жазушы» баспасына өткіздім. Жата-жамбастап, әрі толықтырып, әрі ұстарта жатқан ғой деп ойлаймын. * * * Балаларға арналған «Кел, балалар күлейік!» деген шағын жинағым бес-алты жылдан бері «Мектеп» баспасында жатыр. Жақында көрсем, папкімнің тысын тышқан мүжіп тастапты. Бастырта айтып ем, қолдаған болды. Әйтсе де, «сықағын ғана қалдырып» шығарып берейін дегенді айтты. * * * Денсаулыққа байланысты т.в бағытты едәуір «өзгерту» керек сияқты. Аз да болса «ащылау» етіп, «шаншымамды» жазсам деймін. Әлім жетсе, халықаралық тақырыпқа памфлеттер жазсам деймін... Екінші, ән өлеңін жазудан қол үзгім келмейді. Мазамбиктің Бейра қаласы үстінде бір белгісіз «дене» тұрыпты ғой. «Қарсы алатын» пенде жерден шықпағасын «Ұшып кеткен». СССР Жазушыларының 12 март күнгі пленумында көп жазушы сөйледі. Сонда армян жазушысы Рачир Ованесян: «...сегодня мы счастливы тем, что птица Феникс справедливость вновь воспряла из пепла и больше уже не сможет свои крыля в пламени лжи и фальши» депті. Осындай тақырыптарға философиялық өлең, бәлкім, әнмен айтатындай жаза алар ма екенмін. Өкінішке қарай мұндай өлең қазақтың ән-өлең дәстүріне ене алмай келе жатыр. Қиын, әрине, қиын да болса, осындай тақырыпқа шығарма жазсам деймін. * * * Кеше Құралай екеуміз жарысып газет оқыдық. Құралай бір минутта 90 сөз оқыды, мен 130 сөз оқыдым.

(Күнделік 1988 жылы жазылған).

Ұқсас жаңалықтар