«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ баласы һәм кітаптар әлемі

Қазақ баласы һәм кітаптар әлемі
ашық дереккөз
Қазақ баласы һәм кітаптар әлемі
Дәуірлердің диірменіне түсіп, ғасырлардың сүзгісінен өткен ардақты да аяулы әдебиетіміз халқымызбен бірге жасап, бүгінгі күнге жетіп отыр. Төл әдебиетіміздің төрдегі орнын, тұғырдағы бағасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары» деген болатын. Расында солай. Бұл жайтты біз де тарқатып көрдік.

Қай туынды қолдан түспейді?

Ең әуелі бізді қазіргідей ақпараттық технологиялар ғасырында жастардың нені, кімді оқып жүргені толғандырды. Осы сауалмен Д.А. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қайырылдық. Мұндағы рухани қазына қызметкерлерінің мәліметінше, 15 жасқа дейінгі балалардың арасында соңғы екі жылда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы көш бастаған. Алдыңғы қатарда «Қазақ ертегілері», Ганс Христиан Андерсен, Шарль Перро, Александр Пушкин ертегілері мен Диснейдің «Гравити Фолз» графикалық романы және заманауи 3D кітаптары тұр. Ал аудармалардың ішінде Зира Наурызбаеваның тәржімалауындағы қазақстандық балалар жазушысы Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу» туындысының көші ілгері екен. Жамбылдық жасөспірімдер арасында отандық оқылымда Бердібек Соқпақбаевтың классикалық дүниесі «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» алдыңғы қатарда. Ең қызығы, соңғы жылдары жасөспірімдер психологиялық, мотивациялық кітаптарға көбірек сұраныс білдірген. Атап айтқанда, Қуаныш Шонбайдың «Бізге айтылмаған құпия», «Екінші болма», Кәмшат Бекжігітованың «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Михаил Лабковскийдің «Хочу и буду», Луиза Хейдің «Все о чем мечтали», Джон Кехоның «Түйсігіңмен ойлай біл» атты жазбалары үлкен сұраныста екен. Шетел жазушылары арасында Муракамидің барлық шығармалары, Халед Хоссейнидің «Бегущий за ветром» атты дебюттық романы, Дейл Карнегидің «Как использовать перемены себе во благо», Роберт Кийосакидің «Богатый папа, бедный папа» кітаптары қолдан түспейтін көрінеді.

Жастар жыл бойы қанша кітап оқиды?

– Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы қорының 80 пайыздан астамын балалар әдебиеті құрайды. Жалпы, мұнда 107 мың данадан астам кітап бар. 2-3 жастан бастап 4-ші сыныпқа дейінгі балаларға арналған 50 мыңға жуық кітап қоры жинақталған. Оның ішінде ертегілер мен әңгімелер, аудиокітаптар да бар. Олардың басым көпшілігі «Дауысқа құлақ асайық», «Кел, ертегі тыңдайық» сериясымен шыққан, QR код орнатылған кітаптар. Жас оқырмандардың арасында отандық авторлардан Айсұлу Әлмаш, Оразақын Асқар, Заря Жұманова, Тілеуғазы Бейсенбеков, Әбділдабек Салықбай сұранысқа ие. Олардың кітаптары былтыр балалар әдебиетінің жылы қарсаңында арнайы тапсырыспен шыққан болатын. Оның ішінде атап айтқанда Оразақын Асқардың «Ауыл балалары мен қала балалары», Әбділдабек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай» әңгімесі, шетелдік әдебиетте түркиялық автор Тулин Көзікоғлуның «Арман керек адамға» шығармасы мен үнділік қаламгер Дхан Мукержидің «Хари мен Кәри» туындысы жоғары сұраныста. Жасыратыны жоқ, 15 жастан асқан жасөспірімдердің арасында мотивациялық, психологиялық кітаптар өте өтімді. Десек те, отандық классикалық жазушыларымыз да оқылымды. Былтыр «Балалар жылы» қарсаңында «Жас қаламгер», «Шебер қолдар», «Сиқырлы қылқалам», «Жалынды жастар» атты жас оқырмандардың үйірмелерін ашқан болатынбыз. Бұл үйірмелер биыл да жұмыс істейтін болады. Оған қоса Мұхтар Әуезовтің мерейтойында қалада арнайы библиотакси жобасын жүзеге асырдық. Онда кез келген оқырманымыз таксиге отырып, Мұхтар Әуезовтің шығармаларына қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берсе, барар жеріне тегін жеткізілетін қызмет ұсындық. Оған қоса барлық сұраққа дұрыс жауап бергендерге кітаптар сыйға берілді. Бұл жоба да биыл жалғасатын болады. «Әлемді кітап арқылы танимын» атты жобамыз да 2017 жылдан бері жемісті жалғасып келеді. Оның ішінде Әлдихан Қалдыбаев, Пернебай Дүйсенбин, Көсемәлі Сәттібайұлы секілді жергілікті жазушыларымыз қамтылуда. Жалпы жергілікті балалар жазушыларының ішінде қазір Пернебай Дүйсенбиннің «Есен-сау жүріңізші, асыл ата» повесі жоғары сұраныста. Сонымен қатар биылдан бастап біз отбасымен бірге оқитын кітаптарға басымдық берудеміз. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен емханаларда, ауруханаларда ем алып жатқан балаларға кітап алып барып беретін жаңа жобамызды жүзеге асырсақ деп отырмыз. Себебі қазір өз басым кітапханашы ретінде күн сайын көзбен көріп жүргендіктен, балалар кітап оқымайды дегенге сенбеймін. Жас оқырмандардың талғамы өте жоғары. Сол талғамнан шыға білсек болды. Осы тұста айта кетерлік жайт, бізге көп балалар кітап сұрап келіп жатады. Авторын, кітаптың атын білмейді, тек оқиға желісін біледі. Сондықтан әрбір мектептегі ұстаздар балаларға оқылатын кітаптардың тізімін жасап беріп, қолдарына ұстатып қойса немесе күнделіктерінің бір парағына қыстырып жіберсе дұрыс болар еді, – дейді Д.А. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Толқын Кузенова. Аталмыш кітапхана жыл басынан көп кітап оқыған оқырмандарға арнайы сыйлықтар да тағайындап отыр. Сондықтан жас оқырмандар жарыса кітап оқуды бастап кетіпті. Оған қоса тек ақын-жазушылармен ғана емес, сан-саладағы мамандық иелерімен де кездесулер ұйымдастыруды қолға алып отыр екен. Өз кезегінде мұндай шаралардың жастардың мамандықты дұрыс таңдауына да септігі мол болары анық.

Әлеужеліде әдеби шығармалардың насихаты неге аз?

Жалпы, отандық қана емес, әлемдік әдеби аренада балаларға арнап шығарма жазу жазушыға үлкен жауапкершілік жүктейтіні қаламгерлер қауымына белгілі шындық. Мәселен, дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсен, француз жазушысы Шарль Перро, неміс жазушылары Гофман, ағайынды Гриммдер, итальян жазушысы Джанни Родари секілді ертегі авторлары, орыс ақындары Чуковский, Маршак, Михалков, Барто, Заходер секілді ақындар, ағылшын жазушылары Дональд Биссет, Редьярд Киплинг, Алан Милн, орыс жазушылары Виталий Бианки, Николай Носов, швед жазушысы Астрид Линдгрен тәрізді қаламгерлердің аты әлемге мәшһүр. Әрине, балалар ғана емес, жалпы адамзат үшін кітап – қай ғасырда, қай заманда болмасын өз құнын жоймайтын таңғажайып тәрбие құралы. Баланың арман-қиялына қанат бітіріп, ақ пен қараны ажыратуда, таным көкжиегін кеңейтуде адал һәм айнымас досы. Уақыт белдеуінде сапар шегіп, әлемнің көгінде әуелеуге, өмірді өзгертіп, жарқын болашақты өз қолыңмен жасауға үйрететін мәңгілік ұстаз. Ал сол кітапты жазып шыққан адамның шығармашылық азабы, мұңлы машақаты өз алдына бір төбе. Қай-қайсымызды алып қарасақ та, өмір бойы оқыған кітаптардың ішінде бала кезде оқылған кітаптардың орны орасан. Есте мәңгілік сақталып, өле-өлгенше жадымызда жатталып қалады. С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаров сынды қажырлы қаламгерлерден бастау алған балалардың отандық көркем әдебиетін М. Әлімбаев, Б. Соқпақбаев, С. Сарғасқаев, Ә. Дүйсенбиев, Н. Сералиев, М. Жаманбалинов, О. Әубәкіров, Ж. Кәрбозин, Қ. Баянбаев, М. Гумеров, Қ. Ыдырысов, Ж. Смақов, М. Етекбаев, Қ. Толыбаев, Ә. Табылдиев, Е. Ерботин, А.Асылбеков, А. Сопыбеков, Е. Елубаев, М. Қабанбаевтар жаңа биікке көтерсе, М. Дүйсенов, М. Айымбетов, Н. Айтов, Ж. Әбдірашев, Р. Әбілқадырова, С. Әлімқұлов, Ж. Дәуренбеков, З. Иманбаев, Т. Дәуренбековтер керегесін кеңейте түсті. Туындылары үлкен тиражбен тарап, ауыл-ауылдың балалары аталған авторлардың повесть, әңгімелерін қолдан тастамай оқып, өлең-жырларын жатқа айтатын. Сол сом шығармалар таным тұғырынан түспей, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Өкініштісі, оқылымды кітаптар арасында сол балалар әдебиетінің атасы Бердібек Соқпақбаевтың өзі «Балалар дүниесiн әдемi игерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгiме, ертегi, хикаяттар берген Әлдихан бiздiң әдебиетiмiзге жарқын беттер қосты» деп оның еңбексүйгіштік қасиетіне ерекше тәнті болған. Саналы ғұмырының 40 жылында жеті хикаят, 70 әңгіме, ертегі, мысал, 3 пьеса жазып һәм төл туындылары топтасқан жинақтың бірнеше мәрте қайта басылып, орыс, беларусь, армян, татар, түркімен тілдеріне аударылған, «Кейіпкерлері балалардікі, идея үлкендердікі» деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, ең алғашқы «Көк дөңгелектен» бастап, «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка – менің досым», «Өзен жағасында», «Солдат болу оңай ма?», «Менің ағам – солдат», «Автобус аялдамасы» атты шығармалары, 1999 жылы «Ата» деген атпен жарық көрген таңдамалы туындылары, 2002 жылы «Мен – апамның баласымын» атты романы, 2004 жылы екі томдық таңдамалы шығармалары, 2008–2009 жылдары төрт томдық шығармалары, 2009 жылы оқырманға жол тартқан «Көңіл көмбесі» атты кітабы қазақ әдебиетінің қазынасын қампайтқан орны бөлек жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың шығармалары әлі күнге елеусіз-ескерусіз қалпында қалып тұрғандай. Әйтпегенде, жазушының «Шаншар атай» деп аталатын комедиясы 1980 жылы қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қойылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің бүкілодақтық байқау-конкурсында бірінші орынға ие болды. «Қайран Ынтықбай ағай-ай» комедиясы қазақ телевизиясының алтын қорына енді. Оның барлығы шығармашылық шеберханасы мен зерденің зертханасындағы омарталы ойлар мен еселі еңбектің еншісі екені айпасақ та белгілі. Әрине, мәселенің басты себебі де насихаттың аздығы. Осы тұста Әлдихан ағаның өмірсапарының соңғы сәтіндегі «Жастар оқитын кітап бізде аз дей алмаймын. Олар оқитын дүниелер қасиетті қазақ әдебиетінде жетерлік. Менің де бірнеше кітаптарым көз алдымда шаң басып үйде жатыр. Оның барлығын соларға арнап, өскелең жас ұрпақ үшін жаздым ғой» деген ақтық сөзі еріксіз еске оралады екен. Міне, осынау бала бақытының бағбандығы жолында бар бейнетін көтеріп, шығармашылықтың шыңына шығарған Әлдихан Қалдыбаевтың шығармалары да заманауи тұрғыда насихатталса деген ой-ұсынысымыз бар. Ол үшін жазушының шығармашылығы жасөспірімдердің алтын уақытын уысында ұстап тұрған әлеуметтік желілерде қызықты ақпараттандырылса да жетіп жатыр.

Бүлдіршіндер әлі де аймақ авторларынан бейхабар

Жазушылықтың өзінде қалам көтеріп жүрген әрбір шығармашыл қауымның қолы бара бермейтін істің бірі – балаларға арнап шығарма жазу екенін жоғарыда атап өттік. Оны мықты жазушылардың өзі де мойындайды. Ұлы Дала ұрпағына арнап шығарма жазып жүрген қаламгерлер өңірімізде ғана емес, ел аумағы бойынша аз болып отырғаны рас. Ал талай жыл табан аудармай ұстаздық етіп, өскелең ұрпақпен өнегелі өмірі өзектес болған тағы бір жамбылдық жазушы Пернебай Дүйсенбин үшін балауса бүлдіршіндерге арнап туынды жазу қаламгердің өзін де, оқырмандарын да рухани ләззатқа бөлейтін үйреншікті іс. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке!», «Елгезек ертегілер елінде», «Арайлы таң алауы» атты балаларға арналған кітаптардың авторы өзінің салмақты да парасатты жазушылық қабілетімен «Жалын», «Балауса» баспасының, «Парасат» журналының, Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің лауреаты атанғанына ел куә. Оның балаларға арнап жазған шығармалары туралы белгілі жазушылар, сыншылар Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Сейітжан Омаров, Кәдірбек Сегізбаев, Болатбек Төлепбергенов, Гүлзия Пірәлиева, Қаржаубай Омаров, Әлия Бөпежанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Бекен Ыбырайымовтар жоғары баға берген. Сонымен қатар «Шуақ», «Алтын мүйізді киік» атты екі үлкен әңгімесі, «Жұлдыздар неге жылайды», «Сол бір асу...», «Есен-сау жүріңізші, асыл ата!» «Зертөбе» атты шығармалары республикалық әдеби басылымдарда, журналдарда жарияланып, әдебиетсүйер қауымның көз-қуанышына айналды. «Мен бүлдіршіндерге арнап бірнеше кітаптар жаздым. Балаларды ізгілікке, тапқырлыққа, мейірімділікке тәрбиелейтін «Сары сөмке және оның достары», «Қайсар қара қарындаш туралы хикаят», «Ойынпаз ойыншықтар отауында» сияқты шығармаларым туды. Бұл бағыттағы менің ұстанымым – балаларға арнап жазылған шығармалар ұлттық тәрбиемен астасып жатуы керек», деп жазушының өзі айтқандай, оның шығармашылығы рухани құндылықтар, адами қасиеттер, тағылым жауһарларымен тікелей астасып жатыр. Сол секілді, былтыр белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлының бес бірдей ертегі повесі жеке-жеке кітап болып, әрқайсысы үш мың данамен «Қазығұрт» баспасынан жарық көріп, жас оқырмандарға жол тартқан болатын. Жазушының жуырда ғана облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесуде өңірдегі жиырмаға жуық ақын-жазушының балаларға арнап жазған туындыларын кітап түрінде жарыққа шығару туралы ұсынысы қолдау тапқаны да көңіл қуантты. Десек те, өңір қаламгерлерінің шығармалары интернеттегі қазақтілді әдеби порталдарға орналастырылған күннің өзінде ол теңіздің тамшысындай ғана. Тіпті жергілікті жас оқырмандардың арасында да аймақтағы жазушылар мен олардың балаларға арнап жазған шығармалары туралы ақпарат тым аз. Балалардың басым көпшілігі олардан бейхабар.

Аударма саласына да алаңдаушылық бар

Осы тұста тағы бір айта кетерлік жайт, біздегі шетел жазушыларының аудармалары да көңіл көншітпейді. 2020 жылы Қазақстандағы Steppe & WORLD Publishing баспасы ағылшын жазушысы Жоан Роулиңнің «Гарри Поттер мен жасырын бөлме» жинағын «Хәрри Поттер» деп аударды. Көпшілік оқырмандар әлеуметтік желіде Гарридің Хәрриге айналып кетуіне қатысты қарсы пікірлерін қарша боратқаны да белгілі. Осы секілді олқылықтар балалар әдебиетінде жетіп артылады. Бұған қоса, қазіргі таңда аймақ түгіл, ел аумағында балалар жазушыларын ынталандыратын байқаулар да некен-саяқ. Қолдау болмағандықтан да көркем әдебиеттің балалар бағыты кенжелеп келеді. – Қызым мен ұлыма ай сайын кітап сатып алып беруді әдетке айналдырғанмын. Жазғы уақытта жергілікті кітапханалардан аламыз. Өйткені балалар оқығысы келген шетелдік шығармалардың кітаптары дүкендерде өте қымбат. Ең арзандары 3 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін, тіпті одан асып жығылады. Мүмкіндігімізше алып беруге тырысамыз. Әйтпесе балалардың барлығы қазір смартфонға жіпсіз байланып қалатынын өздеріңіз білесіздер. Әрине, сатып алып жүрген кітаптарымыздың безендірілуі өте керемет. Бірақ ондағы шығармалар кейде сөзбе-сөз аударылады. Салдарынан мағына жоғалып кетеді. Кейбір оқиға желілері қабыспай қалады. Ақыры бағасы қымбат болғаннан кейін кітап та толыққанды сапалы болуы керек емес пе? Мәселен, балаға кітаптың сыртындағы суреттері әдемі екен деп алып бере бермейміз ғой. Кітаптың негізгі салмағы ішіндегі мәтінінде. Сондықтан осы аударма мәселесіне ата-ана ретінде басымдық берілсе деген талап-тілегім бар. Одан кейін бізде қазақша комикстер жоқ. Бүлдіршіндер үшін шетелдің фантастикалық кейіпкерлері осы комикстер арқылы танымал болды. Кейін сол комикстер желісінде мультфильмдер түсірілді. Біздің қазақтың ертегілерін де осылай шығарса болар еді. Қалай дегенмен қандай шығарма болса да, оның ішінде, әсіресе шетелдік танымал шығармалар, трендтегі кітаптар сапалы аударылса екен, – дейді ата-ана Гүлбаршын Дәулетберген.  ТҮЙІН: Қорыта айтқанда, «Жазушы деген сөз қалаушысы, сөз кестешісі, сөз зергері, зергері болғанда жай ғана зергер емес, сөз арқылы адамның жан дүниесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженері», дейді Сәкен Сейфуллин. Ал сынаптай сырғып, сананы тұрмыс билеген бүгінгі заманда адам жанының нағыз инженерлері, бала күннен іргетасын қалайтын сәулетшілері Қызыл кітапқа енген киелі құстар секілді азайып бара жатыр. Бірақ бағымызға орай біржолата жоғалып кеткен жоқ. Олар бар. Арамызда, қасымызда, тіпті өз өлкемізде жүр. Тек олардың есіл еңбегін ескерусіз қалдырмасақ болғаны...  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар