
Мұғалім қандай болуы керек?
Мұғалімнің кәсіби маңызды қасиеттері қандай? Қазіргі мұғалім, ең алдымен, шебер мұғалім болуы тиіс. Өз мамандығының негізгі міндеттерін өте жақсы орындап, өз ісіне берілген маман болғаны жөн. Жақсы мұғалім – балаларға әлемді тану және даму қабілетін бере алатын мұғалім. Ақпаратты қабылдауға, өңдеуге және өз бетінше қолдануға үйрететін маман. Мұғалімнің бойында болуы керек қасиеттерге келер болсақ:
– балаларды жақсы көреді және оларды өз пәніне қызықтыра алады;
– әртүрлі жастағы оқушылардың психологиясын біледі;
– баланың жеке басының бірегейлігін бағалайды;
– балалардың мінез-құлқын бақылай алады және қорытынды жасай алады;
– интеллектуалды әлеуетті бағалай алады және баланың жеке даму стратегиясын құра алады;
– балалармен оңай қарым-қатынас жасайды, олардың сүйіспеншілігі мен құрметіне қол жеткізеді;
– балалар ұжымын табысты басқарады;
– өз тақырыбын терең біледі;
– инновацияға дайын және дамуға ұмтылады.
Мұғалімнің кәсіби этикасы тек сыпайылық ережелерінің жиынтығы бола алмайды. Мысалы, мұғалім оқушылар мен олардың ата-аналарының кейбір құжаттарымен танысуға құқылы. Бұл шәкірттерімен жұмысты жақсы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бірақ балалар мен олардың отбасылары туралы құпия ақпаратты жариялауға тыйым салынады.
Ал қарапайым тілмен айтар болсақ, қай ғасырда болмасын, ұстаз – ұлы тұлға болып қала бермек. Қазіргі мұғалімнің бойына ең бастысы, сабырлылық және ұстамдылық қасиеттері керек деген пікірдемін. Қандай жағдай болмасын, мұғалім өзінің беделін түсірмеуі қажет. Мұғалім беделі әр ұстаздың өзіне байланысты. Қоғам өміріндегі кездесетін келеңсіз жайттарға да, әсіресе әлеуметтік желідегі саяси тақырыптарға ұстаз өзінің үлкен білім иесі екенін, зиялы қауым өкілі ретінде әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге терең біліміне сүйене отырып жауап беру керек деп ойлаймын. Бүгінгі қоғам алдында өзінің беделін әрқашан биіктен көрсете білуі қажет. Себебі ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелеуші тұлға. Мектеп қабырғасында оқушылар өзінің ұстазына қарап бой түзейді, ұқсағысы келеді. Осыны естен шығармаған жөн.
Бүгінгі таңда мұғалім адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, өз елінің мәдениетін бағалай білетін және өзгелердің мәдениетін құрметтейтін, әлемді өркендетуге үлес қосуға дайын, дені сау, зияткер, шығармашыл, табысты тұлғаны тәрбиелеуі керек.
Қазіргі мұғалім ең алдымен қарапайым адам болуы керек. Бұл оның жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болуы, белсенді позициясы болуы және қоғамдық өмірге қатысуы керек дегенді білдіреді.
Адамға тән қасиеттер жетерлік, ол – адамгершілік, белгілі бір руханилық, гуманизм. Жақсы мұғалім әрқашан өз қателіктерін мойындайды және оны түзетеді, оқушыларға құрметпен қарап, барлығымен бірдей байланыс орнатуға тырысады.
Одан бөлек, ХХІ ғасыр мұғалімінің басты құндылығы – заманауи техниканы игеру, оны оқу процесінде қолдана білуі. Қазір қағаз бен қаламның дәуірі артта қалып, оны бәріміз компьютермен алмастырдық. Енді мұғалімдер жаңа заманға бейім жастардың көңілін алдандыра да, сабақты қызықты өткізе де алады. Ол үшін педагог үнемі өз білімін жетілдіріп, біліктілігін де арттырып отыруы керек.
Ал енді біліктілікке келер болсақ, бүгінгі күні ұстаздар өз біліктіліктерін үш жылда бір рет арттыру керек екені айтылуда. Әрине, бұл – құптарлық бастама. Дегенмен ұстаз білімнің биік шыңын бағындырғысы келсе, өз білім деңгейін күнделікті арттыру қажет деп есептеймін. Білім жетілдіру мәселесін ішкі және сыртқы фактор деп қарастыруға болады. Сыртқы деп отырғанымыз – белгілі бір біліктілікті арттыру курстарына немесе орталықтарына барып арттыру. Бұл да – керек үдеріс.
Дегенмен де, ішкі фактор маңызды дер едім. Мектепішілік кәсіби қоғамдастық аясында сабақтарға қатысу, бірлесе сабақты жоспарлау, бір-біріне кері байланыс беру арқылы біліктілікті жетілдіру әлдеқайда тиімді. Демек, оқыту үдерісіндегі кездесетін кедергілерді бірге талқылау, шешімін бірлесе шешу – біліктілікті арттырудың ең тиімді жолы. Бұл ғылыми дәлелденген. Мен өз мектебімде мұғалімдердің біліктілігін арттыруды осындай бірнеше қадамнан тұратын мектепті дамыту жоспарының басымдығы етіп алдым.
Дана Абайдың он бесінші қара сөзіндегі «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген тағылымды сөзін басшылыққа алып, жұмыс істеп келеміз. Демек, мұғалімдердің рефлексиялық дағдысын дамыту маңызды.
Қазіргі таңдағы мұғалімдердің ерекшелігі – олар баланы заманауи, яғни бәсекеге қабілетті ету үшін жан-жақты болуына септігін тигізіп жатқан маман. Қазіргі күні келешек ұрпақтың саналы да сапалы тәрбие алуы мұғалімге тікелей байланысты болып тұр. Өмірдің заңы – алға ұмтылу, озу. Мұғалімнің кәсіби міндеттері: Қазіргі мұғалім – ол қандай? Ең алдымен, біздің заманымыздың балаларының өзіндік ерекшелігін түсіну.
Қазіргі педагогтің кәсіби дамуы. Әлем үнемі қозғалыста. Ал әлем өзгеріп жатқанда адам, маман өзгермей ме? Мұғалімдер де сол қалпында қалмайды. Олай етуге құқықтары да жоқ. Себебі кәсіби тұрғыда өсуге, жаңа ақпаратты игеруге және бағалауға бағыт алған адам ғана белсенді және феноменальды әлеуетке ие балаларды басқара алады.
Педагогтердің кәсіби стандарты. Әлем өзгеруде, білім беру жүйесі жетілдірілуде. Ескірген талаптардың орнына заманауи стандарттар келуде. Бірақ балалармен сәтті, тиімді жұмыс істеу тек сол қағаз жүзінде қалып қалмауы тиіс. Ол заманауи стандарттар мұғалімге дамушы ортаны құруға және балаларға жаңа ақпаратты есте сақтауға, олар үшін маңызды дағдыларды игеруге көмектеседі деп болжанады.
Мұғалімнің белгіленген кәсіби құзыреттіліктері балалардың эмоциялары мен құндылық бағдарларын байытатын жағдайлар мен оқиғаларды жобалауға және модельдеуге мүмкіндік береді. Мектеп түлегі білім ұясымен қоштасарда өмірдің барлық қиындықтарын жеңуге дайын болып, өз мақсаттарын жүзеге асыруға тастүйін бекініп шығуы тиіс.
ХХІ ғасырдың мұғалімдері қандай болуы керек? Олар жігерлі, білімді, өзгеріске оңай бейімделетін адамдар. Бұл өз пәнін терең білетін және өз білімдерін балаларға жеткізгісі келетін мамандар.
Бастауыш сынып мұғалімінің қасиеттері. Біріншіден, мұғалім ең негізгі оқу дағдыларын қалыптастырады, одан әрі табысты оқытудың негізін қалайды. Бастауыш мектептің 1-4 сыныптары аралығында мұғалім балаға оқу процесіне араласуға, әлеуметтік дағдыларды дамытуға, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға және түйінді мәселелерді шешуге көмектеседі.
Баланың бірінші ұстазы осы төрт жыл ішінде қандай мектеп бейнесін қалыптастырады, оқушы солай қабылдайды. Сондықтан мұғалім оқушыларға жағымды әсер ету, достық оқу атмосферасын құру жағын жоғары қойып, олардың бойында басқаларға деген құрмет пен жауапкершілік қалыптастырып үйреткені жөн. Енді педагогтердің кейбір қабілеттеріне жекелей тоқталсақ.
- Ұйымдастырушылық қабілеттер. Өз мүмкіндіктерін толық ашу үшін оқушыларға ең алдымен тиісті сынып қажет – ыңғайлы, жарық, таза және қауіпсіз. Мұғалімнің оқу материалдары қолында болатындай етіп ұйымдастырылуы керек. Себебі сыныптың назарын жоғалту оңай. Тіпті сабақта үстелдегі немесе қалталардағы материалдарды іздеуге жұмсалған уақытта сіз балалардың назарын бірден жоғалтып алуыңыз мүмкін.
- Бастауыш сыныптардың кабинетін безендіруге мән беріңіз. Оқушылардың өздері жұмыс істеуі үшін қажет нәрсенің бәрін ұйымдастыра білу керек, өйткені олар үшін сабақта қажет нәрсенің бәрін тез табу маңызды. Қағаз, қарындаштар, басқа да керек-жарақтар оқушыларға қолжетімді жерде болғаны жөн. Бұл балалардың сыныпқа және жалпы мектептің қоршаған ортасына тезірек үйренуі үшін өте маңызды.
- Қарым-қатынас дағдылары. Оқушылармен және олардың ата-аналарымен тығыз байланыс жасай білу өте маңызды. Көптеген балалар үшін оқу, мектепке немесе жоғары оқу орнына бару– үйден тыс жерде өткізетін алғашқы тәжірибелері.
- Кәсіби дағдылар. Өз қызметінде табысты болу үшін ұстаз білім беру, технология және оқыту әдістемесі саласындағы соңғы зерттеулерден хабардар болуы керек. Жақсы мұғалім нақты біледі: бүкіл сынып үшін оқытудың бір өлшемді әдісі жоқ. Мерзімді басылымдарды және тиісті тақырыптағы веб-сайттарды оқу арқылы үнемі өзін-өзі тәрбиелеу, жетілдіру артта қалған оқушыларды да, үздік оқушыларды да тиімді оқытуға мүмкіндік береді.
Назым ЕРАЛИЕВА,
педагог-шебер,
Амангелді атындағы
орта мектептің директоры.
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді