«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел боламын десең...

Ел боламын десең...
ашық дереккөз
Ел боламын десең...

19Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы.

Атақты жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген даналық сөзі бар еді. Бұл әрине, отбасылық, қала берді қоғамдық тәрбиені түзеу үшін айтылған ақыл. Ал бүгінгі әлемде қалыптасқан саяси-экономикалық ахуалды зерделейтін болсақ, «Ел боламын десең – әлеммен санас» деген де өсиет келеді ойға. Елбасымыздың саясатынан осы ұстаным да көп аңғарылады. Әсіресе экономикалық шешімдерге келгенде. 20Әлемдік экономика тұрғысынан қарағанда қиын-қыстау кезеңде Елбасымыз тағы да өзінің көреген басшы екенін дәлелдеген сияқты. Жаңа формациядағы Президент ретінде ол мәселені қалыптасқан мезгілде ғана шешпей, сол мәселенің алдын алуды көздеген. Нарықтық экономикадағы өзгерістер күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Сол өзгерістерге тез және жылдам бейімделу – нарық заңы. Нарық жайбасарлықты кешірмейді. Дамыған ел болам десең әлемде болып жатқан өзгерістер мен геосаяси ойындар алаңынан өз орныңды табуың қажет. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының Жолдауы дер кезінде жариялануы қуантады. Қазақстан мемлекетінің экономикасы әлемдік экономикамен тығыз байланыста. Қазіргі таңда Қазақстан көптеген елдерге өз тауарларын экспорттап қана қоймай, көптеген елдерден өзіне қажетті тауарларды импорттайды. Экспорттық тауарлардың 53 пайызы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерге бағытталған болса, 17,4 пайызы Қытайға. Ал мұндағы Кедендік Одақтың мүшелері – Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің үлес салмағы 7,1 пайыз болып отыр. Импорттық әлеуетте бірінші орында 32,9 пайызбен Ресей тұрса, екінші орында Қытай елі тұр, оның үлесі 19,6 пайыз. Енді жай ғана ойланып көрсек, Ресейге бағытталған экономикалық шектеулер бізге әсер етеді ме? Егер де экономикалық өсіміміз Ресей мен Қытай экономикасына тікелей тәуелді болса біз не істеуіміз керек? Қытай мен Ресей қазіргі таңда әлемдік супер держава елдеріне айналып отыр. Қытай мемлекетінің экономикалық көрсеткіштері АҚШ мемлекетін басып озып, бірінші орынға шықты. Сондықтан, дамыған мемлекеттер өз бизнесін көбіне Қытайға бағыттап отыр. Себебі, Қытай нарығы ең қарқынды дамыған нарық қана емес, сонымен қоса алып тұтыну кеңістігі. Ресей болса Еуропа елдерін шикізатпен қоса газбен де қамтамасыз етіп отырған ел. Экономикасы да қарқынды дамуда. Осындай жағдайда осы алып екі ел арасында орналасқан Қазақстанға үлкен мүмкіндіктер туып тұрған сияқты. Көптеген елдер мен Еуропа елдерінің Ресейге бағытталған шектеулері өздеріне кері әсерін тигізуде. Басында мамандардың есебі бойынша Еуропа мемлекеттерінің шектеулерінен келетін шығын мөлшерінің көрсеткіші 10 миллиард АҚШ доллары болса, қазіргі кезде шектеулердің мультипликативтік әсері ол сомадан да асып отыр. Одан тек қана еуропалық ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін өндіріс орындары зардап шегіп отырған болса, сонымен қоса сол ауылшаруашылығының өзіне қажетті өнім өндіретін кәсіпорындар да зардап шегуде. Ресей жағы осы орайда Кедендік Одақ елдеріне үміт артуда. Қазақстан географиялық қана көрші емес сонымен қоса ол стратегиялық серіктестік. Осы тұрғыда біздің өндірушілер осы жағдайды дұрыс пайдалануы қажет. Қытай мемлекеті де әлемдік аренада өз орнын айқындағысы келеді. Оған мысал ретінде жақында Пекинде өткен АТЭС-2014 саммиті. Оған әлемнің 37 мемлекетінен өкілдер келді. Бұл саммитке қызығушылықтың негізгі астары ол Қытай елі экономикасының жылдық өсімінің 7,5 пайызға жетуі. Алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш 10 пайыз болғанын ескерсек, бұл елдің экономикалық әлеуетінің мықты екенін білдіреді. Қытай өсу қарқынын күшейте түсуді қалайды. Осы орайда ол да Қазақстан мемлекетіне үміт артуда. Қазақстан мемлекетінің транзиттік мүмкіндігі Қытай тауарларының Еуропа нарығына шығуына септігін тигізеді. Ол өз тарапынан жол шығындарын азайтатыны белгілі. Қазіргі таңда салынып біткелі жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы Қытай тауарларын Еуропа еліне алып баратын мұхиттағы жолын 14-16 күнге қысқартады. Ал, мұхитпен тауар кәрі құрлыққа 40-45 күнде жетеді екен. Бұл – Қытай тауарларының бәсекелестік қабілетін арттыратыны сөзсіз. Тауарлар жылдам жететін болғандықтан оның сапасы да жоғары болмақ. Осы орайда Елбасы Жолдауының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» аталуының өзі қуантарлық жай. Егер де Жолдауда көрсетілгендей мемлекеттің транзиттік мүмкіндігі артып жатса, сол тура жолдың бойында орналасқан, жақында ғана өзінің 75 жылдығын атап өткен облысқа экономикалық тұрғыда үлкен өсу болары сөзсіз. Ұлы Жібек жолында орналасқан көне қаламыздың туристік әлеуетіне де оң септігін тигізетіні белгілі. Күре жолдың бойында заманауи сервистік орталықтармен қоса, тамақ өнеркәсібі дамитын болады. Тамақ өнеркәсібімен байланысты ет, сүт секторларының дамуы облыс экономикасының маңызды саласы – ауылшаруашылығының дамуына септігін тигізеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әлеуметтік- экономикалық жағдайы жақсарады. Сондықтан Елбасының Жолдауын біздің облыстың да өркендеуіне қосқан сыйы деп қабылдаған жөн. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы баяндаған жаңа экономикалық саясаттан облыстың экономикасына оң ықпал ететін үлкен сенім байқалады.

Ұқсас жаңалықтар