Инклюзивті білім беру - қажеттілік
Жаһандық қарыштап даму тенденциялары мен білім беру өрісінің кеңеюі білім алушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, даму бағыттарын айқындап келеді. Білім беру саласына өзгерістер мен жаңарулар еніп, мазмұндық һәм сапалық тұрғыда дамығандығы байқалуда. Жалпы білім беру мектептері ерекше білімді қажет ететін балалар үшін есігін айқара ашып, инклюзивті білім беру жолға қойылды. Инклюзивті білім беру – ерекше білімді қажет ететін балалардың психофизикалық ерекшеліктеріне қарамастан жалпы білім беру мекемелерінде білім алу үдерісі. Жалпы білім беру мекемелерінің инклюзия жағдайына бейімделуі, «кедергісіз аймақтардың» құрылуы ерекше балалардың қоғамдық өмірге етене араласуын қамтамасыз ететін алғышарт екендігі сөзсіз. Алайда инклюзивті білім беру ұзақ әрі үздіксіз жұмысты талап ететін қызмет.
Бүгінгі күні еліміз бойынша білім беретін мектептердің 70 пайызы инклюзивті білім беруді қолға алған. Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2025 жылға қарай барлық мектептерде және жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беру мәселесін түбегейлі шешу жоспарланып отыр.
Елімізде инклюзивті білім беру аясында сөйлеу тілі зақымданған, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген балалар мен мінез-құлық бұзылысы бар балалар білім алуда. Аталған категориялар арасынан мінез-құлық бұзылысы бар балаларға ерекше көңіл бөлуді жөн көрдік. Мінез-құлық бұзылыстары – балалардың эмоционалды ерік саласының бұзылысымен сипатталатын, ерекше білімді қажет ететін балалар тобының бірі. Оған аутистік спектр бұзылысын, гипербелсенділік және зейін жетіспеушілігі синдромын, т.б. жатқызуға болады.
Бүгінгі таңда елімізде аутистік спектр бұзылысы бар 6000 бала анықталған. Олардың басым бөлігі арнайы білім беру мекемелерінде білім алса, бір бөлігі инклюзивті білім беру аясында жалпы мектептерде оқиды. Аутистік спектр бұзылысы бар балаларды сәтті инклюзиялаудың басты қиындығы мінез- құлық бұзылыстары болып саналады. Себебі, мұндай бұзылыстар білім алу процесіне кедергі келтіріп қана қоймай, сонымен қатар, олардың қоғамдық өмірге белсенді қосылуына да кедергі болады.
Аутистік спектр бұзылысы бар балалардың жағымсыз мінез-құлық әрекеттерін түзету әдістері бүгінгі таңда өте көп деп айта аламыз. Алайда тиімділігі мен нәтижелігін дәлелдеген тек бір ғана әдіс бар. Ол – АВА терапиясы.
АВА терапия (Applied behavior analysis) – мінез-құлықты қолданбалы талдаудың әдіс-тәсілдері арқылы түзету бағдарламасы. Бұл тәсіл ең алғаш 1963 жылы қолданылып, тиімділігі дәлелденген болатын. Калифорния университеті мамандары мен Ивар Ловаас біріге отырып, АВА әдісі сыналды және кез келген мінез-құлық өзіндік салдарға әкелетіндігі туралы идеяны көтерді. Яғни, белгілі бір мінез-құлық салдары балаға ұнаса – ол оны қайталауға тырысады. Ал салдары ұнамсыз болса – бұл әрекет қайталанбайды. Дәл осы идеяның аясында АВА терапияның бағдарламалық мазмұны пайда болды.
АВА терапия әдісі арқылы инклюзивті білім алатын балалардың жағымсыз мінез бен іс- әрекеттерін түзету үшін кешенді бағдарлама негізіндегі жұмыс ұйымдастырылуы тиіс. Кешенді бағдарламаның мазмұны баланың әлеуметтік, коммуникативтік және оқу дағдыларымен қоса барлық күрделі дағдыларды қоса қамтиды. Біздің күнделікті жасайтын қарапайым әрекеттеріміз олар үшін бірнеше сатыдан тұратын күрделі қызмет түрі болып саналады. Сол себепті әрбір дағдыны жеке әрекеттерге бөле отырып дамытамыз. Сонымен қатар есте сақтау қажет басты қағидалардың бірі – баланың жетістіктерін бағалау және соған сай мотивациялық стимулдарды қолдану. Аталған мақсатта табиғатында бұзылысы бар балалар үшін «жетондық технология» қолданылады. Берілген нұсқаулықтардың дұрыс орындалуына қарай балаға өзіне ұнайтын зат беріледі. Заттардан бөлек кез келген эмоционалды, тактильді сұраныстар, ойын және белсендік те осы топқа кіреді. Яғни, баланың қатты ұнататын әрекетін немесе заттарын анықтай отырып, оның бойында жетістікке деген мотивациясын оятамыз.
Мотивациялық стимулдарды анықтап алғаннан кейін жағымсыз іс-әрекеттерімен жұмыс істеудің сызбасын құраймыз. Яғни, АВА терапия әдісіндегі ерекшелік сатылай дамыту арқылы түпкі нәтижеге жету болып табылады.
Аутистік спектр бұзылысы бар баланың мектепте білім алу кезеңінде визуалды күн тәртібінің рөлі ерекше. Сондай-ақ «қазір-кейін» сызбалары да баланың жағымсыз мінез-құлқын алдын алуға көмектеседі. Визуалды күн тәртібінде бір күнге арналып жасалған әрекеттердің реттілігін қарастырамыз. Яғни, таңертең тұрып, жуынғаннан бастап кешкі уақытқа дейінгі барлық іс-әрекет осы күн тәртібінде визуалды нұсқада тұруы тиіс. Ал «қазір-кейін» сызбасы бойынша қысқа мерзімді іс-әрекеттерді негізге аламыз. Атап айтқанда, «қазір сабақ – содан кейін ойын», «қазір тамақ ішеміз – содан кейін серуендейміз» және т.б. Мұндай әдістерді қолдану баланың бір әрекетті орындау кезінде толық аяқтауын, күтуді және агрессивтілік көрсетпеуін қамтамасыз етеді. Визуалды күн тәртібін мұғалімдер ғана емес, ата-аналар, тьюторлар мен тәрбиешілерге қолдануға және оның ретін мұқият сақтауға тиіс екендігін ескереміз.
Инклюзивті білім беруге көшудің бастапқы кезеңдерінде балалардың басым бөлігі жағымсыз мінез-құлық танытып, агрессия көрсетеді. Мұндай мінез-құлық балалардың өзіне, педагогтарға ғана емес, сонымен қатар, сыныптастарының да сабаққа ден қоюына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайларда баланы күштеп отырғызу немесе сыныптан шығарып тастау – жағдаяттың шешімі емес. Осы және осыған ұқсас жағдайларда баламен серіктестік орнатуға және келісімге келу оның сәтті бейімделуін кепілдендіреді. Егер бала сабақтан толықтай бас тартып, су сұраған жағдайда оның өтінішіне оңтайлы жауап береміз. Яғни, суды беріп, партаға отыруға нұсқаулық береміз. Ал егер бала сабақтың ортасында серуендеуге сұранса – «қазір-кейін» планшетін қолданамыз.
Сыныптағы сабақтардан бөлек ұйымдастырылған жеке сабақтарда оқу дағдысын, әлеуметтік және қарым-қатынас дағдыларды пысықтаймыз. Оқу дағдылары ең алдымен партада отыру, сабаққа қатысу, сабақта жағымсыз мінез-құлық танытпау мақсатымен жүргізілсе, қарым-қатынас дағдылары баланың өзге адамдармен дұрыс нұсқадағы қарым-қатынас көрсете алуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар тьютор мен АВА маманынан бөлек, инклюзивті білім беру жағдайында қызмет ететін барлық мамандар баламен ынтымақтастық орнату әдістерін білуі тиіс, яғни, қажет жерде баланың сұраныстарын орындау, ал қажет кезде «елемеу» әдісін қолдану, балаға дұрыс нұсқаулық бере білу және т.б. Баланың бір сабақта барлық тапсырманы орындауы және одан кейінгі сабақтарда сабақтан қашуы, агрессия танытуы мұғалім мен маман арасындағы серіктестік орнату мәселесіне келіп тіреледі. Сондай-ақ баланың тыныш отыруы үшін кез келген затты беру, айтқанын орындау оның жағымсыз мінез-құлқын түзетпейді, керісінше сондай әрекеттер көрсету арқылы қалаған затын алуға деген талпынысқа жол ашады. Баланың ересек басқаруы жағдайында әрекет етуі, негізгі «рөлдің» ересек адамда болуы АВА терапиясының басты ерекшелігі болып табылады. Сондықтан оқытудың бастапқы кезеңдерінде мұғалім баланың мүдделерін мүмкіндігінше бірге ұстауға тырысуы тиіс. Баламен бірге өткізген уақытты оған тартымды ету үшін, оған дұрыс нұсқаулық беру және оның нәтижесі үшін міндетті түрде мақтау қарапайым әрі табысты тактика болып саналады. Бірте-бірте мұғалім бірлескен іс-әрекетті өзі қойған мақсаттарға сүйене отырып ұйымдастырады, баланы тиісті күшейтумен ынталандырады. Баланы ынталандырудың ең жақсы тәсілі – егер ол тапсырмаларды орындаса, қалаған нәрсесін оңай және тез ала алатындығын түсіндіру болып саналады.
Алайда бала үнемі берілген нұсқаулықты дұрыс орындай бермейді. Бұл тек қана «ерекше балаларға» ғана емес, білім алушылардың барлығына тән белгі. Мұндай жағдайда оның қате орындағанын айтып, орнынан отырғызу одан әрі қарай жағымсыз мінез-құлықтың орын алатынын болжайды. Сол себепті, балаға әртүрлі көмектер мен тұспалдар беру маңызды.
Балаға көрсетілетін тұспалдар (подсказки) физикалық, жартылай физикалық, вербальді және жесттік болып бөлінеді. Физикалық тұспалдар беру оқу әрекетінің басында толық көмек беруді қамтиды. Содан кейін алғашқы реакциялар күтілген жағдайда тек жартылай көмек көрсетеді. Баланың физикалық тұспалға мұқтаж еместігін болжай отырып, оған жест арқылы немесе сөзбен тұспал беруге болады. Нәтижесінде, баланың өз бетінше реакция білдіруіне жете аламыз.
Қатесіз оқыту – бұл баланың жетістікке жетуі үшін нұсқаулар тізімін үнемі толықтырып отыру және біраз уақыттан кейін баланың дербес болуына көмектесу үшін қолданылатын кеңестер санын жүйелі түрде азайту процесі. Қатесіз оқыту балаларды жаңа дағдыларға үйретудің ең табиғи тәсілі болып табылатын «үлкеннен – кішіге» ережесін қолдану кезінде жүзеге асырылады. Кейбір дағдыларды баланың игеруі қиынырақ болуы мүмкін және нәтижесінде ұзақ уақыт бойы әртүрлі кеңестерді қолдануды талап етеді. Бала басқа дағдыларды игеруге көбірек ынталы болуы мүмкін, бұл жағдайда оған кеңестер аз қажет болады.
Инклюзивті білім беру жағдайында АВА терапия әдістерін, соның ішінде тұспалдарды қолданудың тиімділігі туралы Принстон балалары дамыту институтының мамандары Линн Маккланнахан және Патриция Крантц атап өткен болатын. Олардың айтуы бойынша, тұспалдар дұрыс реакцияға жол ашатын әрекеттердің жиынтығы болып табылады. Тұспалдарды пайдаланудың мақсаты – баланың өз бетінше жұмыс істеуіне жету екендігін ұмытпауымыз керек. Оларды дер кезінде азайту немесе тұспал түрін алмастыру да жағымсыз мінез-құлықты болдырмауға септігін тигізеді.
Жағымсыз мінез-құлықтың себептерінің бірі – баланың дұрыс қарым-қатынас орната алмауынан болуы мүмкін. Сондықтан айналасындағылармен коммуникативті байланыс орнату дағдысын қалыптастыру да маңызды. Аталған дағдының басты көрсеткіштері ретінде баланың амандасу, өзгелерге өтініш білдіру, өзгелердің затын сұрау сияқты дағдыларды қалыптастыруға кеңес беремін. Себебі балалар өз құрдастары олардың өтінішін елеусіз қалдырғаны үшін жағымсыз мінез-құлық танытады. Сондай- ақ өз затымен бөлісу, кезегін күту сияқты дағдыларды да баланың жеке дамыту бағдарламасына қосу өзекті.
Инклюзивті білім беру жағдайында білім алатын баланың мінез-құлқындағы жағымсыз іс-әрекеттерді болдырмау үшін жоғарыда аталған қағидаларды ұстана отырып әрекет ету табысты болары анық. Яғни, АВА терапиясының әдістері тек бір ғана тәсіл емес, керісінше, кез келген әдіске кіріктіруге болатын құрал болып табылады. Мысалы, сауықтыру терапиясы кезінде жүзу бассейнінде өз кезегін күту, асхана қызметкерінен қасық сұрау және т.б. Айта кетерлік тағы бір ерекшелік, АВА терапиясының әдістері Монтессори әдісі, Зайцева жүйесі сынды әдістермен керемет үйлесіп, табысты нәтижеге жетуге себеп болады.
Мінез-құлық бұзылыстары бар баланы инклюзивті білім беру жүйесіне сәтті кіріктіру тек қана мектеп мұғалімінің және ата-ананың ғана емес, сол саладағы барлық қатысушылардың құзыреттігіне кіретін мәселе. Инклюзивті білім берудің сапалы, табысты болуы, баланың қоғамдық нормаларға сай әрекеттер жасауы мен тиісті дәрежеде білім алуы үшін АВА терапиясын қолдану шараларын тиімді ұйымдастыру қажет деп қорытындылай аламыз.
Мақпал ЕСЕНҚҰЛОВА,
А.Гайдар атындағы №35 орта мектебінің ассистенті.
Айдана СӘБИТОВА,
дефектолог.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Бар ғұмырын білімге арнаған
- 7 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді