Шығасыға иесі басшы немесе өз қойын өзі танымаған қойшы хикаясы

Шығасыға иесі басшы немесе өз қойын өзі танымаған қойшы хикаясы
ашық дереккөз
Шығасыға иесі басшы немесе өз қойын өзі танымаған қойшы хикаясы

Ертеректе біздің жақта қазаққа сіңіп кеткен Николай деген орыс болған. Қарақоңыз орманшылығында қорықшы болып, өзен бойындағы үйде тұрған. Өзі қазақшаға судай, жүрген жерін күлкіге көміп жүретін әзілкеш болыпты. Жұрт оны Меколай деп атап кеткен. Сол Меколай бір күні екі кезеңнің астында мал бағып отырған Төбет деген кісіге келіп: – Төке, мен бір бөтен қойды тауып алдым, семіз екен. Олжа ғой. Соны сіз сойып, айналадағы сегіз үй-орманшылар мен малшыларға теңдей бөліп таратып берсеңіз. Жасыңыз үлкен, басы мен терісі өзіңізде қалсын, – дейді. Сөйтіп кешкі апақ-сапақта қойды әкеліп береді. Төбет оны сойып, Меколай айтқандай етін айналадағы көрші-қолаңға таратып жібереді. Өз үлесіне қоса басы мен терісін алып қалады. Сол күні жаңа сойылған малдың жылы жұмсағынан астырып, кемпірі екеуі бір тояды. Ертеңіне қараса қорада бір қойы кем. «Бұл қайда кетті?» деп ойдан, қырдан іздеп таппайды. Сонда кемпірі бір күдікті алға тартады: – Кешегі сойғаның не қылған қой еді өзі? – Ой, оны орманшы өрісте тауып алыпты, ешкімдікі емес, – дейді жайбарақат. Дегенмен, Меколайдың кезекті бір қылжағы болып жүрмесін деген күдікпен сенекте тұрған сойылған қойдың басы мен терісін анықтап қараса, өзінің қойы. – Қап, бәлем, алдағанды мен саған көрсетейін, – деп дереу атына міне сала Меколайдікіне барады. – Әй, қу, өз қойымды өзіме сойғызып, – деп оған қамшысын ала жүгіреді. – Тоқтаңыз, Төке, – дейді Меколай сонда Төбеттің қарынан ұстай қалып. – Сабыр етіңіз. Мен бұл қойды кеше өрістен тауып алғанымды айтып сізге әкелдім. Өз малыңызды танымай қара басып, өз қолыңызбен сойып, елге таратып берген өзіңіз. Бұл істе менің қандай шатағым бар? – дейді екі алақанын жайып. – ТуҺ, ант ұрған, саған дауа болмас, – деп Төбет қамшымен жерді бір салып қалып жайына кетіпті.

Құрманбек Әлімжан,

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар