Бағзыдан бері «бала – ата-ананың бауыр еті» деп айтылады. Содан да «Ұл өсірсең – ұлтыңды өсіргенің, қыз өсірсең – жұртыңды өсіргенің» деуі әлмисақтан бері аян. Ал «өз балаңды өскенше, немереңді өле-өлгенше» дегенді де ұрпағына ұлағат, өсер елге өсиет еткен де осы кемеңгер қазақ халқы екен. Сөйтіп, «Адам ұрпағымен мың жасайдыны» мәңгілік пәлсапа етіп қалдырған. Аташка мен апашканы (немересі әжесі мен атасын осылай атайды) тарғыл-тарғыл тауды асып, айдынды-айдынды көлді асып, толқынданған теңіз үстін басып, сонау жер аяғы қияннан келген хат қос қарияны қатты қуантып, ерекше тебірентті. Шал кемпірдің көптен бері хабар-ошарсыз кеткен немересінен жылы хабар жеткеніне жүректері жарылмай шақ қалғанына шүкірлік етті. Апашкасы болса көңіл-күйі кемерінен асып, ақ жаулығы желбіреп, көршісіне тұра жүгірмесі бар ма? Жанын қоярға жер таппай, көңіл-күйін бөлісуге көрші кемпірді дәт көргені ғой. Аташкасы болса, аузына апара берген шәй кесесін төгіп-шашып, ақыр аяғында дастархан шетіне қоя салды. Орта кеседегі исі бұрқыраған бұйра шәй ішілмей қалды. «Қорыққан мен қуанған бірдей деген, мұның бәрі өрекпіген көңілдің шат-шадыманынан туындаған жәйт еді. Аташка мен апашка көзінің ағы мен қарасындай болған жалғыз немересін ес білгеннен бауырына басып, төбесіне күн түсірмей, жүзіне жел тигізбей өсіріп, мәпелеп бақты. Олар алдымен немересін орыс мектебіне беріп оқытты. Қатарынан қалмай, алды болсын дегені болар, мектепте өтетін ағылшын тілінің сабағын місе тұтпай, үйге осы пәннің маманын алдырып, түбегейлі дәріс алуын басты бағдар етті. Обалы нешік, немересі Талшын да аса зерек, ұғымтал, өресі биік болып өсті. Мектепті бітірмей жатып-ақ, ұядан ұшырар ұстаздары жас, балауса қыздан көп үміт күтті. Үміт үдесінен шыға білген Талшын мектеп қабырғасында жүріп-ақ тұғыр болған үш тілді толық меңгерді. «Үш тіл білген ұшпаққа шығар, бес тіл білген бел асар» деген сөз әсілінде тегін айтылмаған. Талшынның «Болашақ» бағдарламасына ілігіп, Ұлыбританияда оқып, білім алуы, сол тіл меңгергенінің арқасы. Әйтпесе, мұндайға кез-келгеннің қолы жете бермесі белгілі. «Есен-сау жүрсіздер ме, жанымдай жақсы көретін қара нардың жүгін көтерген қадірлі Аташкам мен Апашкам! Батысқа қарап көз сүзіп, ішкен астарыңыз бойға сіңбей, алаңдаумен күн санап, таңды атырып, күнді батырып жүргендеріңізді жан жүрегіммен сезінемін. Енді өз жайымнан аз мәлімет айтып, құлағдар етейін. Сіздерге алдыңғы хатымда айтқанымдай, оқуымды үздік бітіріп шықтым. Бұл жақтың қолқалауы бойынша, мамандығын жетік білетіндерді өздерінде қалдыруға тырысады. Маған да сондай ұсыныс жасап, жақсы жұмыс, жоғары жалақы, кейін жайлы пәтер береміз деп, қызықтырып бақты. Бірақ мен оған көнбедім. Олай болатыны, өздеріңіз құлаққа құйып отыратын «өз еліңдей ел болмас, өз жеріңдей жер болмас, жат жарылқамас, өзің өлтірмес, кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» қағидасын берік ұстандым. Оған қоса өзіммен курстас неміс жігітіне тұрмысқа шықтым. Сіздерден өте-мөте өтініп, қатты сұранатыным, «мені шіріген бір жұмыртқаға санап», сөге жамандай көрмеңіздер. Пешенеме жазылып, тағдырым осылай болса, амалым қанша, басқа салғанға көнуге тура келді. Бас біріктірген жолдасым діні мен ділі бөлек, жері шалғай демесе, бір адамның қадіріне жететін азамат. Ол – неміс нәсілінен, аты – Гердт. Осы біздің Қазақстанда туып, өскен, қазақтың топырағын басып, ауасын жұтып, нанын жеген, елдің салт-дәстүрін, қазақ тілін де біршама меңгерген. Гердтің ата-анасы мұрсат берсе, екеуміз елге барып, еңбек етпекпіз. Менің Гердке тұрмысқа шығуыма бірден-бір себеп, оның ата-анасы аса бай адамдар. Өздерінің жекеменшік завод, фабрикалары бар. Ешнәрседен таршылық көрмей, не киемін, не ішемін демейді. Бәрі бар, бәрі жеткілікті. Біз Гердт екеуміздің жыл сайын Дубайды думандатып жүруіміз сол байлықтың арқасы. Ал, Аташка мен Апашка, өзім жайлы қысқа хабарлама мен жағымды жаңалығым осылар ғана. Бәлкім, бұйрық болып, дәм-тұз тартса, ата-енемнің ықыласы түссе, жақын күндерде сіздерге барып қайту ойда бар. Сәлеммен құба талдай желкілдетіп өсірген қыздарың Талшын». * * * Апашка мен Аташка демі ыстық, буы бұрқыраған хатты қайта-қайта оқумен болды. Аптапта шөлі басылмағандай, бірігіп те оқыды, жекелеп те оқыды. Шалғай шетте жүрген немересінің әр сөзі балдай тәтті, шырындай нәрлі. Аташканың есіне, Апашканың ойына сонау бір кездері «көкке бойы өрлеген көк шатырлы мектепте» оқып жүргенде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Ананың сүюі» деген өлеңін жаттағандары көкейлеріне сап етіп, түсе қалды.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең, Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең? Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын, Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сендерді сағынар келгеніңше, Құлыншағын көзімен көргенінше? Сендер қайтып келгенде адам болып, Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.
Бұл өлең жолдары дем арасында жадымызға қалай түсті дескендей, қос қария бір-біріне үңіле ұзақ қарады. * * * Аташканың қосалқы кәсібі бағбандық болатын. Ол осы саланы жанына жақын тұтып, ерте көктемнен бастап ауласындағы жеміс ағаштарына күтім жасап, тыным таппады. Күн қызуы білінсе болғаны әр ағашты аялап, бұтақтарға қонатын құрт-құмырсқа мен шыбын-шіркейге қарсы дәрі сеуіп, басқа да зиянды жәндіктерден қорғауды көзінен таса, көңілінен қағыс қалдырмауды әдетіне айналдырған. Бағбан осы кәнігі ісін күн құрғатпай жалғастырып, биыл бақшадан мол өнім алатынына кәміл сеніп, іштей көңілі тоғайып жүрді. Ол алма ағаштарының жеміс салмайтын бұтақтарын тезге салып, түзеп, қурағандарын бұтап, отап тастады. Өз ісіне сүйсініп, көңілі кемелденген бағбан «шүкірлік, шүкірлік, осы еңбегімнің жемісін жегізе көр» деді ерін ұшынан күбірлеп. Жадыраған жаз өтіп, қоңыр күз де жетті. Бұл мезгіл – «балапанды күзде санайды» демекші, жиын-теріннің, төгілген тердің, сан мен сапаның таразы басына түсетін кезі. Бағбан қарт елеусіз нәрсенің өзіне мән беріп, оны жақсылыққа балайтын ырымшыл жан. Ол биыл үпелектің биік ұшқанын бірінші болып байқады. «Ырыс пен нәсіп мол боларда үпелектер биік ұшады» дейді ауа райын болжайтын жұлдызшы-жорамалшылар. Бұл рас болса, рас шығар, лайым солай болсынды іштей тағы қайталады бағбан. Күндегі әдетімен бау-бақшасын аралап жүрген Аташка шарбақтың шеткері жағындағы жеміс ағашын көргенде басы зеңіп, төбесіне жай түскендей болды. Қателесіп тұрған жоқпын ба деп, көзін бір жұмып, қайта қарады. Көзі алдамапты. Бір түп ағашта қанша бұтақ болса, сондағы жұдырықтай-жұдырықтай уылжып піскен нарттай қып-қызыл алманың бәріне құрт түсіпті. Біреуін алып қарап еді, ақ бас құрт өзегін кеміре кеулеп, жеуге жарамайтындай етіп, былжыратып тастапты. Бағбан алманың рәсуа болғанына опына отырып, ала жаздай аялаған есіл еңбегінің еш кеткеніне қамығып, қапаланды. * * * Күндердің күнінде апақ-сапақ қызыл іңірде тауықтың балапанындай үпір-шүпір екі шикіл сарыны ертіп, Талшын қара шаңыраққа кіріп келді. Апашка мен Аташка өз көздеріне өздері сенбей, меңіреу болғандай бір орнында сілейді де қалды. Әудем уақытқа дейін екі жақ та «өңім бе, түсім бе?» дегендей тіл қатуға мұршалары келмеді. Барлық жағдай «көзбен көр де, іштен біл» демекші, тәптіштеп айтпаса да түсінікті болатын. Апашка саусақтарын бүгіп санамалап отырса, Талшын шетел асып, оқуға кеткелі алты жылдың жүзі бопты. Алты жылдың жемісіндей ана екі шөбересіне елжірей қарады. «Кімнен болса, одан болсын, әйтеуір аман болсынды» көңіліне тоқ санап, медет етті. Егде тартқан адам қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, бірдеңені қоздатып, көңірсітіп жүретіні бар. Ойланбайын-ақ, дейді, бірақ алағзыған алаң көңілді қайтіп тізгіндеп, қалай тежеп ұстарсың? Аташканың ойына немересіне ілескен мына екі үрпек сары басқа қарап тұрып, оқшау ойлы, семсер сөзді Шерағаңның (Шерхана Мұртаза) «Смешанныйдан помешанный туады» дегені тұла бойын түршіктіріп, денесін қарып өткендей болды. Япырмай-ау, «Өскен дәннің шірігі жаман, піскен нанның күйігі жаманды» кім айтып еді, осы? Тәйірі, есіне енді түсті. Бір көне кітаптан оқыған екен ғой... Қайтерсің, өмір ғой, тіршіліктің тауқыметін тартсын деген Тәңірдің жазмышы осы шығар!
Серік Байшуақұлы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді