«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасыл алаңда – мемлекеттік қызметшілер

Жасыл алаңда – мемлекеттік қызметшілер
ашық дереккөз
Жасыл алаңда – мемлекеттік қызметшілер
Дені сау ұлттың – болашағы жарқын. Осы бағытта Жуалы ауданында да жасалып жатқан жарқын қадамдар бар. Соның бірі шағын футболдан мемлекеттік қызметкерлер арасындағы өткен аудан біріншілігі. Біздің ауданда мемлекеттік қызметкерлер кабинетте ғана отырмай, спортты да жандарына серік еткені қуантады. Іс-шараның шешуші кезеңінде аталған аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен аудан чемпионаты екі айдан астам уақытқа созылып, аламанға 16 команда қатысып, өз бақтарын сынаған болатын. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды «Жуалы аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» командасы қанжығасына байлады. Екінші орынды «№15 мектеп-лицей» командасы иеленсе, аудандық «Орман шаруашылығы» командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар дүбірлі додада «Аудандық аурухана» командасының қақпашысы Ернар Амангелді «Үздік қақпашы», «Орман шаруашылығы» ойыншысы Мадияр Дәуітов «Үздік қорғаушысы», «№15 мектеп-лицей» ойыншысы Әміржан Құлжабаев «Үздік шабуылшы» атанды. «Үздік сұрмерген» аталымына «Бұқаралық спорт» ойыншысы Жандос Баетов, «Үздік ойыншы» аталымына «Бұқаралық спорт» ойыншысы Жеңісбек Өмірзақов ие болды. Сонымен қатар «Жуалы газ» командасының ойыншысы Сәбит Мейірманов «Ардагер ойыншы» ретінде ел құрметіне бөленді. Жарыс жеңімпаздары арнайы кубок, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ чемпионаттың өз дәрежесінде өтуіне қолдау көрсеткен мекемелердің басшыларына Алғыс хаттар берілді.  

 Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар