«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тартысты турнир: нәтиже қандай?

Тартысты турнир: нәтиже қандай?
ашық дереккөз
Тартысты турнир: нәтиже қандай?
Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналған еркін күрестен ересектер арасында дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Аталған жарысқа Америка Құрама Штатынан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Мажарстан, Бахрейн, Қырғыз мемлекеттерінен және елімізден үздік балуандар қатысты. Байрақты бәсекеде білекті де жүректі балуандар түрлі дәрежедегі салмақтармен қатар, аса ауыр 125 килограмм салмақта жүлделерді сарапқа салды. Турнир өте тартысты өтті. 57 килограмда алтын медаль жолында атыраулық Мейрамбек Қартбаев қырғыз балуаны Алмас Сманбетовтен басым түсті. Бұл салмақтың бір қола медалі моңғолиялық балуанға бұйырса, тағы бір қола жүлде жолында отандасымыз Бердақ Пірімбаев қырғыз балуанын ұпай санымен ұтты. 70 килограмм салмақта қырғыз балуаны Ерназар Ахмедалиев америкалық Танер Бергерден ұпай санымен басым түсті. Отандасымыз Санжар Досжанов пен өзбекстандық Новер Рохманов қола жүлдегер атанды. Рохманов жүлдеге жету үшін отандасымыз Радион Анчукинді қапы қалдырды. Ал 79 килограмда тараздық жерлесіміз, 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ергештің шоқтығы биік болды. Ол финалда жетісулық Рүстем Мырзағалиевті ұпай санымен ұтты. Отандасымыз Шамсат Байыровты ұтқан Бахрейн елінің спортшысы Кедер Сайпудинов пен ақтөбелік Бейбарыс Нуруллаұлы қола жүлдегер атанды. Бейбарыстың қарсыласы Болат Сахаев қола жүлде үшін жекпе-жекке шыққан жоқ. Сахаевтың өз салмағында ел чемпионы екенін де айта кетейік. 86 килограмм салмақтың финалында Азамат Дәулетбеков отандасы Бекзат Жұманалыдан басым түсті. Қола жүлде үшін таласта Исламбек Ілиясов отандасы Байбосын Құрманбековті ұпай санымен қапы қалдырды. Жарыстың соңғы күні де бес салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Атап айтқанда, 61 килограмда қырғыз балуаны Тайырбек Жұмашбекұлы финалда отандасымыз Құрбановты қапы қалдырды. 65 килограмм салмақта Моңғолияның балуаны Тимур Тулга-Очир атағы алысқа кеткен америкалық балуанды финалда ұтып, алтыннан алқа тағынды. Америкалық балуан Кенна әлем чемпионатының жүлдегері. Сондықтан бұл жекпе-жектің қалай өткенін шамалай беруге болады. 74 килограмда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов қарсылас шақ келтірмеді. 92 килограмм салмақта Бахрейн елінің спортшысы чемпион атанды. Финалда ол венгриялық Миша Курамагомедовты ұтты. 97 килограмм салмақтың финалында Ахмет Таджудинов жерлесіміз, тараздық Юнус Гафуровты жеңді. Ал 125 килограмм салмақта жерлесіміз, жамбылдық Әлішер Ерғали қарсыластарын еркін жүріп ұтты. Ол жартылай финалдағы қарсыласын 10:0 есебімен айқын ұтып, финалда отандасы Юсуп Батырмурзаевты жеңіп, алтыннан алқа тағынды. Командалық есепте бес салмақта алтын жүлде иеленген Қазақстан құрамасы бірінші орыннан көрінсе, Бахрейн, Қырғыз, Моңғолия мемлекетінің құрамалары да үздіктер қатарынан табылды. Еркін күрестен дәстүрлі халықаралық турнирде әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған балуан 4000 АҚШ долларын иеленсе, күміс жүлдегер 2000, ал қос қола медаль иегерлері 500 АҚШ долларын қанжығалады. Сондай-ақ чемпионның бапкеріне 500 АҚШ доллары берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді еркін күрестен ересектер арасында Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жарыстың бас демеушісі, «Альтаис-Групп» компаниясының бас директоры Әлімбек Жұмабаев, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров марапаттап, медаль, диплом, ақшалай сыйлықтар тапсырды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне арналған дәстүрлі турнир осылайша жоғары деңгейде өтті.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар