Жолдаудың мәні – халықтың қамы

Жолдаудың мәні –  халықтың қамы
ашық дереккөз
Жолдаудың мәні – халықтың қамы

9— Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары – еліміздің рухын асқақтатып, күш-қуатын біріктіретін құжат. Әр жылғы Жолдаудың өз жаңалықтары бар. Дегенмен, Жаңа Экономикалық Саясатқа негізделген «Нұрлы жол» бағдарламасының тарихи маңызы зор, — деді Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде. — Өйткені, Елбасы геосаяси жағдайға нақты баға беріп, алыс және жақын болашағымыздың бағдарын айқындап беріп отыр. Сондықтан, Жолдауды бәрімізді біріктіретін, болашаққа сенімді қадам деп айтуға толық негіз бар.

Жолдаудан туындайтын міндеттер ел экономикасының қуатын еселеуге бағытталады. Халыққа мемлекет тарапынан зор көмектер белгіленген. Келесі жылдан бастап дағдарыстың алдын алу мақсатында көптеген салаларға бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвестициялардан экономиканы дамытуға қомақты қаражаттар бөлу туралы Үкіметке тапсырмалар берілді. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржы бөлінбек. Мемлекет басшысы бөлінген қаржыны ұқыпты, өз мақсатына жұмсауды қатаң бақылауға алуды міндеттеп отыр. Жолдауда көтерілген мәселелерді іске асыру үшін біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, бөлінген қаражатты ұтымды және тиімді игеруіміз қажет. Мен өзімнің орынбасарларыма айтылған тапсырмаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырамын, — деді облыс әкімі. Жалпы, Жаңа Экономикалық Саясаттың өзегі – 7 бағыт бойынша инфрақұрылымдық даму болып отыр. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша Елбасы бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажеттігін айтып өтті. Соның бірі — облыс аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі. Бұл жұмыс 2015 жылы толығымен аяқталатын болады. Елбасы атап өткендей, жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Жүректен тарайтын артериялар, күннен тарайтын шұғыла сияқты. Тек жол салу арқылы ғана республика көлемінде 200 мың жұмыс орны ашылады. Бұл осынша отбасының әл-ауқаты жақсарады деген сөз. Облыс аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 8 сервистік кешеннің құрылысы үшін жер телімдері белгіленіп, 2,4 миллиард теңгеге инвестиция тартылуы күтілуде. Нәтижесінде, 160-тан астам жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, жүк және жолаушыларды тасымалдау көлемі де ұлғаятын болады. Оның үстіне сырттан келу және ішкі туризм түрлері бойынша 85 мыңнан астам келуші облыс аумағы бойынша қолайлы қозғалу мүмкіндігін алады. Міне, осыған байланысты облыс әкімі аудан әкімдеріне, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына аталмыш сервистік кешендерді салу жұмыстарын жеделдетуді тапсыратындығын атап көрсетті. Облыстағы жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 2015-2020 жылдар аралығында барлық бюджет көздерінен 16 миллиард теңге қаржы қарастырылу жоспарлануда. Соның есебінен 633 шақырым автожол күрделі және орташа жөндеуден өткізілмек.

Жолдауда тұрғын үй бағдарламасын одан әрі дамыту мәселесі де қамтылынған. Мемлекет басшысы әсіресе, еліміздің болашағы жастарға, жас отбасыларына арнап қолжетімді үй салу мәселесіне кеңінен тоқталды. Тұрғын үйді жалға алуға берілетін несие өтемін төмендету, түбі жекешелендіруге рұқсат беру — бұл жастардың болашағы үшін жасалып жатқан қамқорлық деп түсінуіміз қажет. Облыс бойынша аудандар мен Тараз қаласының бас жоспарларына өзгерістер енгізілуде. Кезекте тұрған азаматтардың басым көпшілігі облыс орталығында болғандықтан, алдағы жылдары Тараз қаласында Сабалақов көшесінің бойынан 14-ші және Автобекет аумағында 15-ші мөлтек аудандарын салу жоспарлануда. Тараз қаласындағы энергетикалық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде «Таразэнергоцентр» АҚ-ның жылу электр орталығын қайта жаңғырту және кеңейту жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемелері бойынша жобаның жалпы құны 35,8 миллиардтан астам теңгені құрайды. Жобаны мемлекет пен инвесторлардың мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік сызбасы бойынша жүзеге асыру көзделуде. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен Тараз қаласының әкімдігі аталған жобаны жүзеге асыруға инвесторлар тарту бойынша мәселені пысықтауы қажет. Сондай-ақ, Тараз қаласында жалпы сомасы 5,5 миллиард теңгеге ұзақтығы 26 километр болатын жылу желілері жаңартылатын болады. Тараз қаласы әкімі мен облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы Тараз қаласының жылу желілерін жаңалау үшін жоба әзірлеу бойынша жұмысты жеделдетуі қажет. Президент Жолдауында шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр. Ұлттық қордың қаржысы есебінен басталған жобаларды аяқтау үшін екінші траншпен 500 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Оның ішінде орта және шағын бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиелеу үшін 100 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. Бұл — тамақ, химия және машина жасау өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа инвестициялар тарту үшін 2015 жылы арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымдарының құрылысын аяқтауға 81 миллиард теңге қаржыны бағыттау тапсырылды. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын дамытуға айрықша көңіл бөлінетін болады. Шу ауданындағы аумағы 505 гектар жерді алып жатқан «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағында құны 2,7 миллиард АҚШ доллары тұратын, 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын 16 жаңа химиялық өндіріс орнының құрылысы жобалануда. Аталған аймаққа орналастыру үшін «Бірлескен химия кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы құны 80 миллиард теңгені құрайтын глифосат және сульфатты калий өндірісі бойынша 2 кәсіпорны енгізіліп отыр. Арнайы экономикалық аймақта аталған жобалардың іске асырылуы облыс аумағымен қатар, республикамыздың бүкіл оңтүстік өңірінің дамуына серпін әкелмек. Елбасы Жолдауында «ЭКСПО-2017» кешені құрылысын жалғастыруға 40 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Бұл бағытта бүгінде облыс орталығындағы жалпы ауданы 20 гектар болатын «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары (оның ішінде кешен құрылысы, инженерлік жүйелер құрылысы) келер жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Бұл ретте облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жобалық-сметалық құжаттамаларды 2015 жылдың 1 наурызына дейін әзірлеп, республикалық бюджетке енгізу тапсырылды. Жолдауда білім мен ғылым саласына да ерекше көңіл бөлінді. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерінің бірі – мектептердің жаңадан салынуы. Апаттық жағдайдағы, үш ауысымды мектептердің орнына жаңасын салу – өте маңызды жұмыс. Осы уақытқа дейін апатты жағдайдағы 36 мектептің, үш ауысымды 8 мектептің мәселесі кезең-кезеңімен өз шешімін тапты. Нақтылы кезеңде облыстағы апатты жағдайдағы мектептер саны – 21 бірлікті құрайды. Салынып жатқан мектептер есебінен жыл соңына дейін 2, ал келесі жылы 10 апатты мектептің мәселесі шешілмек. Қалған 9 мектептің мәселесі 2016-2017 жылдары шешіледі деп жоспарлануда. — Елбасы Жолдауының түпкі мәні – ел халқының қамы. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық салалары бойынша қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыру жалғаса беретін болады. Бұл мәселені Елбасы алдағы жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарауды тапсырды, — деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. — Елбасы Жолдауын облыс тұрғындары арасында кеңінен түсіндіруге үлкен көңіл бөлу керек. Бұл маңызы зор жұмысқа мекеме басшылары мен ақпараттық топ мүшелерін үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жарыссөзге шыққан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ-ның президенті Алмаз Әбжапаров Республика Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауының еліміздің таяу жылдардағы саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік саладағы дамуының басым бағыттарын айшықтайтын тарихи құжат болып табылатындығына тоқталды. — Елбасы өз Жолдауында еліміздің инвестициялық дамуына баса назар аударып, «Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын», деп инвистициялау мәселесінің маңыздылығын атап көрсетті. «Тараз химиялық паркі» басқарушы компаниясының ұжымы Елбасы Жолдауын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, екі еселенген күш-жігермен еңбек етуге құлшынып отыр. Біз арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымының құрылысын мейлінше қысқа мерзім аралығында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл — инвестордың барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген алаңда өз жобасын жүзеге асыруына мүмкіндік туғызады. Республика Президентінің Жарлығына сәйкес арнайы экономикалық аймақты жүзеге асыратын орын ретінде облыстың Шу ауданындағы жалпы аумағы 505 гектар болатын жер телімі таңдалынып алынды. Бұл — таяу орналасқан ПС-500 подстансасының электр желілеріне, Азия газ құбырының 3-інші желісіне қосылуға, Тасөткел су қоймасынан құбыр арқылы су жеткізуге, Шу қаласындағы тораптық темір жол стансасы арқылы жүк тасымалдау ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру және ЕЭА-ты дамыту үшін біз озық технология мен тәжірибені тартудамыз. Бүгінде, Сингапур еліндегі жалпы ішкі өнімнің 36 пайызын беретін химиялық паркті құрған сингапурлық Джуронг компаниясы «ХимПарк Тараз» еркін экономикалық аймағын құрудың Шебер-жоспарын жасады. «ХимПарк Тараз» ЕЭА аумағына өз өндіріс орындарын орналастыруға мүдделі отандық және шетелдік инвесторлар белсенді түрде іздестірілуде. Бүгінде, еркін экономикалық аймақтың екі қатысушысы: «Хим-плюс» және «QADAM Industries» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тіркеліп отыр. Еркін экономикалық аймаққа әлеуетті қатысушылар ретінде «Вэй Чжун» мұнай өңдеу және энергетикалық компаниясы», «Тенгир-Логистикс» ЖШС, «SinEkOil компаниясы» сияқты қытайлық және еліміздің әрқилы өңірлеріндегі отандық кәсіпкерлер қызығушылық танытуда. Барлық туындаған мәселелер бойынша бізге облыстық және Шу аудандық әкімдігі белсенді көмек көрсетіп, жобаны дамытуға және әлеуетті инвесторларды тартуға жан-жақты қолдау жасауда. Сөзінің соңында ол «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының ұжымы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігерлерін жұмылдырып, атсалысатындықтарына жұртшылықты сендіретіндігін жеткізді. Бұдан кейін шығып сөйлеген Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы Данияр Мамытбеков Елбасы Жолдауында білім саласына қамқорлық жасау мәселелерінің кеңінен қамтылғандығына, татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Амир Халиков тарихи құжатта ұлтаралық татулық, рухани келісім мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгендігіне тоқталды. Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған облыс активі жиналысын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытындылап, Жолдаудан туындайтын міндеттер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар