Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы аясында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды деп ешкім күтпеген болатын. Сондықтан да бұл қазақстандықтар үшін көңіл аударып, құлақ түрерлік елеулі оқиға болды. Жолдаудың парасатты пайымға толы әр сөзін Елбасының ел деп соққан үлкен жүрегінің жыры мен сыры деп ұғуға болады. – «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз, – деді Елбасы. Сонымен, Мемлекет басшысы ұлғайып келе жатқан әлемдік экономикалық дағдарыстың ел жағдайындағы қаупінің алдын алу үшін жедел іске көшіп, «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатының басымдықтарын жария етті. Ұлт мүддесі үшін сары майдай сақтап жүрген Ұлттық қор қаражатынан қомақты қаржы бөліп, ел әлеуетін арттыра түсуге Үкіметке тапсырма беріп, Ұлықтық танытты.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Отырысқа Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі басшылығындағы Саяси кеңес мүшелері, «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшылары қатысты. Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 15 жыл толады. Алғашқы құрылған күнінен бастап біздің партия тың бастамалар көтеріп, мемлекеттік жауапты шешімдердің қабылдануына ұйытқы болып жүр. Ол елдің мүддесін қорғайтын, халықтың керегін жоқтайтын нағыз халықтық партия екенін көрсетіп келеді. Сол себепті де өткен сайлаулардың бәрінде көпшіліктің сеніміне ие болды. Біз осы бағытта жұмыс істей беруіміз керек, деп бастады Президент өзінің кеңейтілген отырыстағы сөзін. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылға дейінгі кезеңге белгіленген міндеттердің 70 пайызы екі жарым жылдың ішінде орындалғанын айтты. Мәселен, партия 2017 жылға қарай кедейшілік деңгейін 6,1 пайызға төмендетуді мақсат еткен еді. Бүгіннің өзінде бұл көрсеткіш 2 есе төмендеп, 3 пайызға жетті. Жұмыссыздық 5 жылда 5,4 пайызға дейін қысқарады деп жоспарлаған едік, ол қазір 5 пайыздық деңгейде, деді Н.Назарбаев. Одан әрі Елбасы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе – 2011 жылдан 2017 жылға дейінгі мерзімге қабылданған «Ұлттық іс-қимыл жоспары» тұғырнамасын орындаудың кезеңдік нәтижелері және екінші мәселе – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын талқылауға арналатынын айтты. Біз партияның Сайлауалды тұғырнамасының бүгінгі күнге дейін атқарған және алдағы уақыттарда атқаратын жұмыстары жөнінде халықтың алдында есеп беруіміз керек, дей келіп, бірінші мәселе бойынша сөзді Саяси кеңестің мүшесі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа берді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша көптеген оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Соның ішінде партия тұғырнамасында белгіленген 70 көрсеткіштің 49-ы бойынша оң нәтижеге қол жеткізіліп, 16-сы мерзімінен бұрын орындалды, деп бастады бірінші вице-премьер өзінің сөзін. Одан әрі Б.Сағынтаев үстіміздегі жылдың экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Соның ішінде күрделі экономикалық және геосаяси қиыншылықтарға қарамай, ІЖӨ-нің 10 айдағы өсімі 4 пайыз болғанын айтты. Ал инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде болды. ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 13,6 мың АҚШ доллары көлеміне жетті. Елдің халықаралық активі де сызбадағы көрсеткіштерден артығырақ көлемде өсті. Ұлттық қордың үлесі 2017 жылы ІЖӨ-нің 30 пайызына жетеді деп көзделсе, ол қазірдің өзінде 34,7 пайыздық үлеске жетіп отыр. Индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде 3 трлн. теңгені құрайтын 673 жоба іске асырылып, 69 мың тұрақты жұмыс орындары ашылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңдеу кәсіпорындарының өсімі тау-кен өндірісінің алдына шықты, деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Алайда, қуат тасымалдаушылар бағасының өскендігіне байланысты оның қаражатқа шаққандағы үлесі ІЖӨ-нің 2011 жылғы 11,3 пайызын құрағаннан 2013 жылы 10,3 пайызға түскенін атап өтті. Одан әрі бірінші вице-премьер жол салу бағытындағы жетістіктер туралы айтты. Соның ішінде партия Үкіметтің алдына 2017 жылға дейін 453 шақырым жол салу жөнінде міндеттеме қойған болса, бүгінгі күннің өзінде бұл көрсеткіш 1250 шақырымға жетті және оны ұзарту одан әрі жалғасуда. Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіншіліктері де жоғарылады. Жыл сайын 12 млрд. АҚШ доллары көлемінен астам инвестиция тартылып, ол Ресей, Түркия, Бразилия секілді алып елдерден асып отыр. Отандық бизнесті дамыту жолындағы кедергілерді жою бағытында маңызды шаралар қабылданды, деді ол. Жыл аяғына дейін барлық рұқсат беру жүйесі электронды пішімге ауыстырылатынын, Елбасының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті дамыту үшін Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд. теңге толығымен игерілгенін атап көрсетті. Банктер 4,5 мың жұмыс орындарын ашқан 437 жобаны қаржыландырды. Бұған қосымша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша құны 1 трлн. теңгені құрайтын 4464 жоба субсидияланды, деді Б.Сағынтаев. Одан әрі шешен «Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде АӨК мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері іске асырылып жатқанын жеткізді. Экономиканың өсуі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жан басына шаққандағы ақшалай табыстар үш жыл ішінде 22 пайызға, нақты жалақы 21 пайызға өсті, деді әрі қарай ол. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы іске асырылып, 400 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі күні 36500 ауыл тұрғынына шағын несие берілді. Оның 25 мыңнан астамы өздерінің ісін ашып, қосымша 29 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Білім беру саласына қатысты айтсам, 1755 жаңа балабақша ашылды. Еліміздің 13 өңірінде «Назарбаев зияткерлік мектебі» бой көтерді. Барлық мектептердің 67 пайызы кең жолақты Интернетке қосылды. Бағдарламаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері бойынша Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева баяндама жасады. Ол аталған мерзімде қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді көздеген 258 заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жіберілгенін және оның 240-тан астамы күшіне енгенін жеткізді. Соның ішінде бала туғанда төленетін бір реттік жәрдемақының, Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккендерге берілетін өтемақының өскенін және халықты зейнетақымен қамту жөніндегі заңның жетілдірілгенін атап өтті. Жалпы айтқанда, әлеуметтік бағдар бойынша 31 заң қабылданғаны жеткізілді. Соның 8-і парламентарийлердің бастамасымен әзірленді, деді вице-спикер. Одан әрі Д.Назарбаева мемлекеттік қызмет көрсету, кәсіподақтар, еңбек мигранттары туралы заңдардың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды. Нұротандық депутаттар балалардың дамуына және денсаулығына зиянды ақпараттардан қорғау, қайырымдылық және демеушілік істерін қолдау, ең төменгі стандарттар мен кепілдіктер жөніндегі және т.б. заң жобаларына бастамашы болды, деді Д.Назарбаева. Сонымен қатар, оның баяндамасынан қазіргі уақытта Мәжілістің қоржынында халықтың денсаулығын сақтауды жақсарту, мемлекеттік жастар саясаты және т.б. заң жобалары жатқаны белгілі болды. Үшінші сөз «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке берілді. Ол партия жұмысын ұйымдастырудың негізгі бағыттары туралы баяндады. Алдымен ол тұрғындармен жұмыс істеудің жанданғанын тілге тиек етті. Осы жылдың бірінші жартысында лауазым иелерінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы 4 есеге артып, 9 мыңнан асты. Өтініштердің 70 пайызы бойынша нақты шаралар қабылданды. Сөйтіп, ағымдағы жылы 500 мыңдай адам партияның қабылдауына келді. Мұның өзі халықтың ішкі тынысын сезуге үлкен жәрдемін тигізді, деді ол. Одан әрі Б.Байбек Мәжілістегі партия фракциясы мүшелерінің қатысуымен жыл сайын Үкімет отырысы өткізілетінін айтты. Сондай-ақ, Мәжілістегі фракция мен барлық деңгейдегі партия депутаттарының өзара ықпалдастығы күшейгені жеткізілді. Тұғырнаманың орындалуын бақылауды күшейтуге азаматтық сектордың қатысуы да тиімді болған. Одан әрі Б.Байбек партияның ардагерлерге, жетім балаларға, 2 мыңдай мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткенін айтты. Сондай-ақ, жасалған нақты шаралар туралы да айтып өтті. Соның ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік рухты ояту бойынша кешенді жұмыстар атқарылғаны айтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған шаралар да үнемі өткізіліп тұрған, соның ішінде, оларға арналған 400-ге жуық жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде 8800 жан жұмысқа орналастырылыпты. Сөзінің соңында Б.Байбек «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында партия тұғырнамасын түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, тек мәслихат депутаттары ғана бірінші жартыжылдықта 8 мыңдай кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді және есептер берді, деді ол. Бұдан кейін сөз алған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов елдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде ой қозғады. Кәсіпкерлікті дамыту – «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасының ең негізгі басымдықтарының бірі. Қазіргі таңда халықаралық нарықтағы тұрақсыздық жағдайында отандық бизнеске мемлекет тарапынан қолдау таныту, қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру – кәсіпкерліктің жандануына, жалпы алғанда, ұлттық экономиканың нығаюына жол ашуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін Сіздің арнайы тапсырмаңызға орай, ел кәсіпкерлерін тексеруге мораторий жариялануының нәтижесінде рұқсат беру құжаттарының саны 30%-ға дейін азайды. Ал «Нұр Отан» партиясы фракциясының қолдауымен «Рұқсаттамалар мен ескертулер туралы» арнайы заң қабылданды, деді Абылай Исабекұлы Елбасыға айтқан сөзінде. Бұл орайда, Мемлекет басшысы: «Бірақ, мораторий мерзімінің бітуіне де аз ғана уақыт қалды. Одан кейінгі жағдайға сендердің дайындықтарың қалай? Еліміздің азаматтарына кәсіпкерліктің қыр-сыры мен бүге-шігесін үйретіп, оның көзін табуға қаншалықты бағыт-бағдар бере алдыңдар?» деп сұрақ қойды. Бұл сауалға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы А. Мырзахметов: «Біз кәсіпкерлердің құқын қорғауда және осыған тұрғындарды тартуда жергілікті жерлерде өте белсенді жұмыстар жүргізіп келеміз. Келесі жылдан бастап орын алуы мүмкін құзырлы органдар тексерісіне қатысты да тиісті дайындықтарды қолға алдық. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес өнімдерінің өсімі соңғы жылда 1,5 триллион теңгеден артық қаржыны құрады»,– деп жауап берді. А.Мырзахметов, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий үшін алғыс айтты. Сізге жарияланған мораторий үшін алғысымды айтқым келеді. Ол дер кезінде жарияланды, деді ол бұл турасында. Елбасы: «Ол мораторий жақында бітеді. Сосын тағы да шабуылдайды. Жаңа күшпен, демалып алған соң», – деді бизнесті тексеретін мемлекеттік органдарды меңзеп. Бұған қатысты өз ойын білдірген А.Мырзахметов Ұлттық палата мен кәсіпкерлер мораторийдің аяқталуына өздерінің дайын екенін жеткізді. Барлық жерде Ұлттық палатаның өкілі бар. Бұл бағытта Бас прокуратура белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда біз бұл мәселелерді бақылап, қадағалай алатын, ал егер қандай да бір тәртіп бұзушылық орын алып жатса, кері байланыс жасай алатын жағдайдамыз, деді ҰКП басшысы. Отырыста «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр де сөз алды. Екі жарым жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасы қандай экономикалық жағдайда қабылданғанын білесіздер. Әрине, сол кезде әлемдік қоғамдастық экономикалық дағдарыс артта қалды, ешқандай қауіп жоқ деген болжам айтқан еді. Ал Елбасы, керісінше, қаржылық дағдарыстың қарқыны қатты және созылмалы болатынын айта келе, оның алдын алудың жолдарын қарастырған еді. Сол себепті, «Нұр Отан» партиясының алдына ауқымды міндеттер қойылып, оны шешу жолдары көрсетілді. Бұл міндеттер өз кезегінде нәтижелерін де бере бастады. Уақыт өте келе, мемлекет тарапынан экономиканың басым салаларын қаржыландыру жағы көбейді. Мәселен, біздің агрофирмамызда тек осы биылғы жылдың өзінде еңбек өнімділігі 17 пайызға өсіп, 43 мың АҚШ долларын құрады, деді И.Сауэр. Ол, сондай-ақ, Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ отандық бизнестің дамуына, кәсіпкерліктің кеңеюіне жол ашады деген ойын жеткізді. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін азаматтар үшін де қолайлы болып отыр. Сондықтан, осыны ұғуымыз керек, деді ол. «Родина» агрофирмасының директоры бүгінгі таңда ел экономикасының дамуына жан-жақты жағдай жасалғанына, демек, азаматтар да соған сәйкес жұмыстар атқаруы керектігіне назар аударды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзі де көкейге қонымды шықты. Ол өзінің сөзінде Елбасының басшылығымен «Нұр Отан» партиясы саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, мемлекеттің іргелі дамуына жағдай жасауда. Әлемдік дағдарысқа сәйкес, қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасының маңызы үлкен. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиясын орындау мақсатында барлық деңгейдегі әкімдер экономиканың даму қарқынын сақтап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға еңбек етуде. Тек қана Шығыс Қазақстан облысында, болжам бойынша, жылдың аяғына дейін экономиканың даму қарқыны 5,5 пайыз болады. Біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі міндеттерінің біреуі – шағын және орта бизнесті қолдау. Абылай Мырзахметов айтып кеткендей, тек қана Шығыс Қазақстан облысында осы 9 айдың ішінде 212 шағын және орта кәсіпорын ашылды, 2000 кәсіпкер қосылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, орта бизнесті дамыту картасы әзірленді. Жалпы, экономикалық белсенді жұмысшылардың 32 пайызы осы салада жұмыс істейді, деді Бердібек Сапарбаев. Оның айтуынша, дағдарыс кезінде Мемлекет басшысы жүктеген мәселелердің бірі – әлеуметтік мәселелерді шешу болғанын, осыған сәйкес, қазір әлеуметтік міндеттемелер орындалып жатқанын, мәселен, тек қана биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысында 21 білім саласы нысандарының құрылысы аяқталғанын, жылдың аяғына дейін 15 нысан пайдалануға берілетінін жеткізді. Облыста соңғы кезде 83 жаңа балабақша, 38 шағын орталық ашылды. Қазіргі таңда, өңірде балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 98 пайызды құрап отыр. Ал техникалық оқу орындарын бітіргендерді жұмысқа орналастыру – 60 пайыз. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Мәселен, биылғы жылы жаңадан 20 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. Ананың өлімі 3,4 пайызға, нәрестелердің шетінеуі 19,7 пайызға, туберкулез ауруы 20 пайызға төмендеді. Ал бала туу 12 пайызға артты, деді Бердібек Мәшбекұлы. Сондай-ақ, ол өңірде атқарылған басқа да жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, бұл жұмыстардың бірінші кезекте, ел әлеуетін көтеруге бағытталып отырғанын айтты. Бүгінгі біздің негізгі мақсатымыз – «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуын қамтамасыз ету. Демек, партияның Саяси кеңесінің отырысы осыған серпін береді деп сенеміз, деді Б.Сапарбаев. Партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еліміздің Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин де сөз сөйледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз электронды декларациялауға көшу бағытында үлкен жұмыстар атқардық. 2014 жылы салық декларацияларының 94 пайызы электронды түрде өткізілді. Бұл көрсеткіш бойынша біз Америка Құрама Штаттарын басып оздық. Бүгінде 32 салық қызметінің 23-і толығымен автоматтандырылды. Ағымдағы жылдың 10 айының ішінде ғана электронды түрде шамамен 17 млн. қызмет көрсетілді. Бұл олардың жалпы санының 75 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша біз Еуропалық одақтың кей елдерінің де алдына шықтық. Біз атқарып отырған жұмыстарымыздың барысында әрдайым «2050» Стратегиясының мақсаттары мен міндеттерін негізгі бағыт ретінде ұстанамыз. Бұл кәсіпкерлікті өркендету, кәсіпкерлерді қорғау, бизнес ахуалын жақсарту үшін де қажет. Демек, алдағы уақытта да мемлекет алдында тұрған міндеттерді орындауға тырысатын боламыз, деді Д.Ерғожин. «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын қорытындылаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз өзіміздің атқарып жатқан жұмысымызды екі жарым жыл бұрын талқыға салып жатырмыз. Яғни, партияның Сайлауалды тұғырнамасы 5 жылға белгіленген. Қазір сол 5 жылдың жартысы өтті. Бұл жерде біз не атқардық, Сайлауалды тұғырнама кезінде халыққа берген уәдеміз қаншалықты орындалды деген сауалдар туындайтыны белгілі. Бұл ретте, екі жарым жылдың ішінде істелген шаруаның барлығын айтып қана қоймай, әрі қарай не істеу қажеттігіне мән беруіміз керек. Өздеріңіз азаматтардың сөзінен, жасаған баяндамаларынан көріп отырсыздар, көп шаруа атқарылды, көп дүние орындалды. Ең алдымен, партияның жұмысына, оның ішінде Мәжілістегі фракциясының жұмысына, Сайлауалды тұғырнаманың тиісті деңгейде орындалуына мән беруіміз керек. Жалпы алғанда, бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтиже беріп келеді деуге болады, деді. Елбасы өз сөзінде екі жарым жыл ішінде партияның 2017 жылға дейінгі қойылған мақсат-міндеттердің 70 пайызға жуығы орындалғанына, барша қазақстандықтың жұмыла еңбек етуінің арқасында еліміздің экономикасы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Бүгінде Қазақстанның экономикалық қуаты Орталық Азияның барлық елдері экономикаларының жиынтық көлемінен 2 есеге асып түседі. ІЖӨ адам басына шаққанда 13,5 мың доллардан асты, бұл Шығыс Еуропаның көптеген елдерімен, Түркиямен, Малайзиямен, Бразилиямен деңгейлес, деп атап өтті Елбасы. Елімізде экономиканың Қазақстанда бұған дейін болмаған салалары дамып келеді. Оларға вагондарды, локомотивтерді, электронды техникаларды өндіруді жатқызуға болады. Міне, мұндай нәтижелерге партия мүшелерінің, барша қазақстандықтардың бірлесе атқарған жұмыстары арқасында қол жеткізіп отырмыз. Дегенмен, Президенттің айтуынша, «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасын сыбайлас жемқорлық көріністерге белсене қарсы тұру іс-қимылдарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді стратегия – «Нұр Отанның» «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысындағы көшбасшылығының түбегейлі мәселесі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – экономикалық өсім үшін қажетті елеулі ішкі резерв. Менің тапсырмам бойынша, партиялық бағдарламаның жобасы әзірленді. Онда 2025 жылдарға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу іс-шаралары көрініс тапқан. Бүгінгі таңда жемқорлықпен күрес қатаң түрде іске асырылып жатыр. Бұл жұмыстарға министрлер, облыс әкімдері, барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары қатыстырылып жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы көтерілуде, қолайлы жағдайлар жасалуда, сондықтан, осыдан қорытынды шығару керек. Демек, партияның жұмысына атсалысу қажет», деді Мемлекет басшысы. Елбасы, сонымен қатар, Қазақстанның ТМД елдерінің ішінде мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң қабылдаған бірден-бір ел екендігін, Қазақстанда жемқорлыққа қарсы жүргізілген іс-шаралар халықаралық сарапшылар тарапынан да жоғары бағаға ие болғанын, сондықтан, «Нұр Отан» партиясы біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына ықпал етуі тиіс екендігін атап өтті. Қазақстан Президенті, сондай-ақ, халық пен биліктің бірлігі елдің барлық жетістіктері мен болашаққа деген сенімінің табан тірейтін негізгі іргетасы болып саналатынын айтты. «Нұр Отан» Парламентте көпшілік орын алатын, Үкіметті құрап отырған халықтық партия ретінде осы бірлікті қамтамасыз етуші басты тетік рөлін атқарады. Біздің әрқайсымыз, әрбір нұротандық, белгілі бір нақты орында міндеттерді орындай отырып, бүкіл ел үшін жұмыс істейміз, деді Мемлекет басшысы. Сонымен, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2025 жылға дейінгі іс-қимыл бағдарламасы, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысының қорытындысына сәйкес қаулы қабылданды.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді