Ескі тәсілмен жұмыс істеу енді тиімсіз

Ескі тәсілмен жұмыс істеу енді тиімсіз
ашық дереккөз
Ескі тәсілмен жұмыс істеу енді тиімсіз
Біз көбіне тек салдармен күресіп әдеттенгенбіз. Кез келген сала басшысынан атқарылған істер жайлы сұрай қалсаңыз, алдымен өткізген акция, іс-шаралар, жылда қайталанатын жиындарының тізімін түзіп, сандарды «сөйлете» жөнелері сөзсіз. Кеше облыс әкімдігінде өткен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында да солай болды. Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – жастар және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар 9 айда басқарманың ұйымдастыруымен 6602 іс-шара өткендігін баяндады. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмауға, суицидтің алдын алуға бағытталған 447 іс-шара мәресіне жеткен. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов те 1116 іс-шара ұйымдастырылып, 46464 оқушы қатысқан сауалнама жүргізілгенін, 334 бейнеролик түсірілгенін, бұл бағытта 1026 өкілден тұратын 93 мобильді топ жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Тәрбие сағаттары, апта сайын ата-ана күні ұйымдастырылғанын айтуды да ұмытпады. Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов: – Соңғы бір аптада өңірімізде жасөспірімдер арасында суицидтің екі фактісі тіркеліп отыр. Облыс мектептерінде 600-ден астам психолог және соншама социолог, әр мектепте осыған жауапты тәрбие-ісі жөніндегі орынбасарлар бар. Бас-аяғы екі мыңға жуық адам осы мәселемен айналысады. Бірақ проблема әлі шешілмей жатыр. Шешілгені былай тұрсын, статистика 31,6 пайызға өскен. Атқарылып жатқан істердің нәтижесі жоқ. Бәрі сол жылда қайталанатын акция, жиын, сауалнама сынды шаралар. Нәтиже жоқ болған соң, жұмыс істеудің басқа әдіс-тәсілдеріне көшкен дұрыс. Орын алған әрбір жағдай жеке зерделену керек. Балалармен де жеке-жеке жұмыс жасалсын. Мәселен, қай мекеменің басшысы мектептерге немесе жоғары оқу орындарына, колледждерге барып, жастармен еркін форматта тілдесті? Мүмкін ол сіздей басшыны көріп, сізге еліктеп, оның дұрыс жолды таңдауына себепші боларсыз. Білім саласында шешімін таппай келе жатқан проблемалар өте көп. Құрылған комиссия жұмысында да жүйелілік жоқ. Жомарт Дүйсенұлы, сізді жастар саясаты басқармасына басшы етіп тағайындағанда тура осы талапты қойған болатынбыз. Нәтиже бермейтін іс-шараларды доғару керек. Қазір облыста 25 мың жас не оқымайды, не жұмыс істемейді. Солармен жұмыс жасау керек. Сіздер белсенді, жақсы оқитын студенттерді жинап іс-шара өткізесіздер, ол қалай нәтиже береді? Жаңа пилоттық жоба ойлап табыңыздар. Қаражат қажет болса, ұтымды жобаларға ақша бөлуге дайынбыз. Былай қарасақ, білім, жастар басқармалары, полиция, мектептегі социолог, психолог, бәрі де жұмыс істеп жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз болып тұр,– деп, тиісті мекеме басшыларына жұмыстарын ширатуды тапсырды. Күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған азаматтарға қатысты профилактикалық және қолдау шаралары жөнінде болды. Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Жарылғаповтың сөзіне сүйенсек, облыс бойынша департаментке қарасты мекемелерде бүгінгі күні 3467 сотталған азамат жазасын өтеуде. Ағымдағы жылы түзеу мекемелерінен 452 сотталған азамат босатылған. Осы жылдың 9 ай қорытындысы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалардың жұмыспен қамтылу жағдайына талдау жүргізілген. Нәтижесінде есептен өткен еңбекке қабілетті 2485 сотталғандар арасынан 1339 тұлға жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 938 сотталған еңбекпен қамтылыпты. Оқитын және өздігінен жұмыспен қамтылғандар 322 болса, 79 адам әлі еңбекке тартылмаған. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Микрокредит беруді кеңейту» бастамасын іске асыру шеңберінде пробация қызметінің 12 сотталушысы шағын кәсіп ашу үшін несие алуға ниет білдіріпті. Бүгінгі таңда «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірлесіп 5 сотталған адамға «Бизнес бастау» оқыту сабағы ұйымдастырылған екен. Қанат Шамарданұлы мұнан соң террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар үшін сотталған адамдармен жұмыс барысына да тоқталды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен жыл басынан бері облыс бойынша 533 адамға қатысты хабарлама түскен. Оның ішінде 9 айда осы санаттағы азаматтар қатарынан халықты жұмыспен қамту орталықтарына 281 азамат қайырылған. Оның 118-і тұрақты жұмысқа орналасып, 85-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 8-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 10-ы қысқа мерзімдік оқытуға жолданып, 20-сы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытылыпты. 3-еуі жастар практикасына, 1-еуі «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасып, 5-еуі қайтарымсыз грант алған. Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу бойынша күн тәртібінде сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Тайбеков ағымдағы жылдың 9 айында адам саудасына қатысты 4 қылмыстық іс тіркелгенін баяндады. Аталған қылмыстық істің 4-еуі де жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарға қатысты көрінеді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы: – Ескі тәсілден арылып, жұмыстың нақты нәтиже беретін жаңаша бағытын іздеуге тырысу керектігін тағы да қайталап айтамын. Балалармен, жастармен өз деңгейінде сөйлесіп, ой бөлісу маңызды. Біз жастармен жасалынатын, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарды болдырмауға барынша ден қоюға тиіспіз. Осы тұрғыдағы мәселелерді күн тәртібіне жиі шығарып, жекелей қарастырып отырғанымыз дұрыс, – дей келе қажеттілігіне қарай комиссия жұмысын тоқсан сайын емес, ай сайын өткізудің маңыздылығын да атап өтті.  

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Ұқсас жаңалықтар