Тізгін және жүз күн

Тізгін және жүз күн
ашық дереккөз
Тізгін және жүз күн
Ауданды үш жылдан астам уақыт басқарған Ерболат Садырқұлов облыс әкімінің кеңесшісі болып ауысқаннан кейін бір жылдай облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болған Ернар Есіркепов 27 маусымда аудан әкімі болып тағайындалды. Міне, қас-қағым сәтте өте шыққан жүз күн ішінде не істелді және алдағы уақыттың еншісінде нендей тірлік атқарылмақшы, жалпы аудан басшысының алғашқы аяқалысы мен жоспарлары жөнінде төртінші билік өкілі ретінде аз-кем сараптауды жөн көрдік. Шындығында, мемлекеттік қызметте жазылмаған заң немесе қалыптасқан қағида бар. Ол – кез келген басшының жаңа қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы жүз күніне жұртшылық тарапынан баға берілуі. Бұл заңдылық та шығар. Десе де, жүз күнде барлық мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екені тағы анық. Әйткенмен, үш айдан астам уақытта қай істің де даму бағыты айқындалып, тың бастамалар қалыптасары белгілі. Оның үстіне, қазіргідей әлеуметтік желінің әлеуеті артқан тұста қарапайым халық бәріне салыстырмалы түрде қарайды ғой. Сонымен, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің басшылығымен жүз күнде не атқарылды?

 width=

Аудан ажары айшықтала түсті

Соңғы уақытта ауданның сұлу келбеті көшелерден көрініп, өткенге құрмет көрсетудің әрі тарихи тұлғаларға тағзым жасаудың өзіндік үлгісі қалыптасып үлгерді. Бұл да бірінші басшының ұйымдастырушылық қабілеті болса керек. Үш айда 15 ауылішілік көшелердің жолдары жаңарып, ауыл көшелері диодты шамдармен алмастырылды. Сондай-ақ ауданның архитектуралық келбетіне сай келмейтін ғимараттар мен аялдамалар түрленіп, орталық базар аумағындағы қолдан жасалған көлік кептелісі де реттелген. Бұдан бөлек, ауданның шырайын кіргізу мақсатында тазалық жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Үш ай ішінде аудан аумағындағы көрнекі орындар мен табиғи аумақтар, көшелер мен арық-атыздар тазаланып, қоршаулар сырланған. Бұл «тазалық – тазаланған жерде емес, тазалық – сақталған жерде» принципінің ауданда нақты іске асқаны деп білеміз.

 width=

Әкім әлеуметтік желіде

Бүгінде әлеуметтік желінің әлеуеті артқан кезең. Осыны ескерген аудан басшысы «Фейсбук» және «Инстаграм» әлеуметтік желілеріне тіркеліп, жеке парақшасын ашқан. Қазіргі таңда аудан әкімінің қос бірдей әлеуметтік желіде үш мыңнан аса оқырманы бар. Аудан әкімі қызметіне кіріскелі бері Ернар Серікәліұлы жеке парақшалары арқылы өз атынан 75 жазба жариялап, 52 жаңалықты бөлісіпті. Парақшаларда аудан басшысының қатысуымен өткен аппарат мәжілістерінде көтерілген мәселелер, берілген тапсырламар және олардың орындалуы, жиналыстар мен кездесулер жөнінде мәліметтер бар. Бастысы, парақшаларға кез келген тұрғын өз пікірін жазып, әкімге сұрақ қоя алады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асуы да осы болса керек.

 width=

Тұрғындардың өтініштері орындалып, мәселелер оң шешімін табуда

Аудан әкімі Ернар Есіркепов 15 ауылдық округтегі 42 елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесуінде олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, мәселелерге назар аударды. Түйткілді мәселелердің бірқатары ұтымды ұйымдастыру жұмыстары арқылы шешімін тапқан. Мәселен, бұқара тарапынан ең көп көтерілген мәселелердің бірі – қаңғыбас иттерден келер қауіп еді. Ендігі жерде жабайы ит-мысықтарға арналған панажай салынып, қаңғыбас иттер қорғалатын болады. Жалпы, аудан басшысы қарапайым жұртшылықпен жүздесуінде әрбір тұрғынның өтінішін зерттеп, тезірек шешу бағытында жауаптыларға тапсырма беріп, жұмыстың нәтижесін жеке бақылауына алатынын жеткізеді. Иә, қаңғып жүрген иттердің тұрғындар үшін қаупі басым. Әсіресе мектеп оқушыларының барып-келуі алаңдатады. Осы ретте, мәселені майшаммен қарап, оны шешу жолын іздеген әкімнің еңбегін ескергеніміздің еш сөкеттігі бола қоймас.

 Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Кейінгі жылдары ауданда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артуда. Жыл сайын жүздеген аудан тұрғындарына пәтер кілті табысталып, баспанаға мұқтаж жандардың сұранысы қанағаттандырылуда. Бүгінде аудан көлемінде жалпы тұрғын үй кезегінде 2500-ден аса адам тұр. Жергілікті тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы көпқабатты 2 тұрғын үйге инфрақұрылым тарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, кезекке сәйкес ауыл тұрғындарына берілмек. Сонымен қатар ең ірі елді мекеннің бірі Луговой ауылында қараусыз қалған бұрынғы кеден қызметкерлерінің көппәтерлі үйлері жөндеуден өтіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беру жоспарлануда.

Теміржол өткелі ашылды

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің басшылығымен Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз ауылында тұрғындардың сұранысы бойынша теміржол өткелі ашылды. 1968 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан бұл мәселе қысқа мерзім ішінде Қырғыз елінің теміржол саласының өкілдерімен келіссөз жүргізудің нәтижесінде жүзеге асырылды. Айта кетейік, игілігі мол бұл іске жергілікті азаматтар ерекше атсалысты.

Әлеуметтік нысандар бой көтеруде

Жақсылық ауылында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. 1783 ауыл тұрғыны бар елді мекендегі бұл амбулатория 15 келушіге арналған. Нысан заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Бүгінде мұнда 11 адам «екі қолға бір күрек» тауып отыр. Айта кетейік, бүгінде ауданда тағы 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал жақын күндері Жаңатұрмыс ауылындағы дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілмек. Сөйтіп, аудандағы барлық елді мекендер жергілікті дәрігерлік амбулаториялармен толықтай қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Осы мақсатта ауданда да спорттық нысандардың қатары көбеюде. Қазіргі таңда Ақыртөбе, Р.Сәбденов және Көгершін ауылдарында спорттық сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары бастау алған. Бұл үш нысанның да құрылыс жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Заманауи ғимараттар келер жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, Көгершін ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 90 орынды мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталса, аудан орталығында «Арай» тұрғын үй алқабында 300 орынды жаңа мектептің құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда. Сондай-ақ келер жылы аудан көлемінде екі жаңа білім ошағы бой көтеретін болады.

Егін жинау ерекше қарқын алды

Биыл аудан диқандары астық өсiруде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Бүгінде аудан бойынша 108 685 гектар алқапқа орақ түсті. Әр гектардан 18,3 центнерден өнім жиналды. Жалпы бұл жұмыстарға 613 АШТӨ, 207 комбайн жұмылдырылды. Айта кетейік, ағымдағы жылы ауданда жалпы 136 671 гектарға масақты дақылдар себілген. Оның ішінде, 57 015 гектарға бидай, 51 670 гектарға арпа егілді. Сөз соңы Жалпы, аудан әкімінің жүз күндік жұмысы барысында атқарылған шаруалар осындай сипатқа ие. Әрине, алдағы уақытта жүзеге асар жұмыстар да аз емес. Себебі әкімнің ел игілігі үшін атқаратын жұмыстарына құландықтар зор үмітпен қарайды.  

 Есен ӨТЕУЛІ

 Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар