Ардагер спортшының есімі ардақталды
Жуырда Бесағаш ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен волейболдан ардагер спортшылар арасында Бауыржан Бейсембиев атындағы жүлдені сарапқа салған жарыс өтті. Оған облысымыздың Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Меркі, Сарысу аудандары мен көрші Қырғыз елінің Талас қаласы мен Манас ауданынан командалар қатысты. Бауыржан Бейсембиев облысқа танымал спортшы болатын. Ол спорттың көптеген түрімен айналысқан. Ал Бауыржанның волейболдан алаңда, шахмат пен дойбыдан шаршы тақта үстінде талай тегеурінді шабуылдар ұйымдастырғанына замандастары куә болды. Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Қоғамда салауатты өмір салтын насихаттап, шәкірттерін шымырлыққа баулыды. Олардың ішінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк байрағын желбіреткендері де, отандық спортты дамытуға үлес қосып жүргендері де бар.
Жарыстың ашылу салтанатында Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сырлыбаев, ардагер-ұстаз Ж.Бөрібеков, тағы басқалар сөйлеп, Бауыржан туралы естеліктер айтып, қатысушыларға табыс тіледі. Ал Бауыржан 40 жылдай қызмет атқарған Абай атындағы орта мектептің директоры Қ.Сисенғалиев әріптес ағасының жары Райханның иығына камзол іліп, басына орамал салды. Райхан да осында қызмет атқарған ардагер-ұстаз.
Шын шеберлер бақ сынасқан бәсекеде бірінші жүлдені Қырғызстанның Манас ауданынан келген волейболшылар қанжығаға байласа, екінші орын – бесағаштықтардың еншісінде. Жүлделі үшінші, төртінші орындарды Қырғыздың Талас қаласынан келген қонақтар мен Жамбыл ауданының командасы бөлісті.
Жарысқа ауыл ардагерлері, ағайын-туыс, құда-жекжаттары демеушілік жасады.
Б.Бейсембиевтің отбасы жарысқа қатысушыларға, қонақтар мен көрермендерге дастарқан жайып, қонақасы берді. Онда Бауыржанның әруағына Құран бағышталды.
Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған бұл іс-шара өзгелерге өнеге боларлықтай деңгейде өтті.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
журналист.
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




