Дара биігіндегі Дәутайұлы
«Жазу – өмірімнің мәні. Онсыз, өзгені қойғанда, өзің үшін де «шіріген жұмыртқасың» деп көзі тірісінде көркем әдебиеттің көкжиегіне көкірек көзімен қарап, қасиетті қазақ әдебиетіне өміршең әрі бағасы өмірдің өзіндей қымбат, сұлбасы сұңғақ сом кейіпкерлер мен соны ойларды, қазыналы шығармаларды қалдырып кеткен қаранар қаламгер, белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының жылдық асы өзінің кіндік қаны тамған Қордай төрінде аталып өтті. Мазмұны терең, мәні биік басқосуға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған елімізге аты мәшһүр қаламгерлер де келіп, олжалы ой, ұстанымы биік ұсыныстарымен бөлісті. Қазақтың рухани абызы Шерхан Мұртаза «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп атаған жазушының жылдық асында еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі ақын-жазушылар төбе көрсетіп, төбелі ойларын ортаға салды. Басқосуды талантты ақын, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс жүргізді. Текті сөзді тізгіндеген көкірегі көмбе көзкөргендер Несіпбек Дәутайұлы жайлы естеліктерін тебіреніспен жеткізді.
– Мұқағалидың Қарасазы іспетті Несағаның Қордайы да әдебиетте қалды. Жазушының мақсаты – ақиқатын айту. Ақиқаты жоқ шығарма шығарма болмайды. Осыдан бірер жыл бұрын Қытайдың «Жаңа жұлдыз» деген баспасы Жібек жолы бойындағы жүз қалаға жүз кітап арнаймыз деген ұсыныс айтты. Осылайша олар жүз қаланың тізімін жасаған кезде оған біздің елшілік араласып, Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы қазақ азаматтары атсалысып, біздің үш қаламыз сол тізімге енді. Олар Түркістан, Тараз және Алматы. Қырғыздың бір-ақ, өзбектің екі-ақ қаласы кіргенде, дүние жүзі бойынша жүз қаланың ішіне бізден үш бірдей тарихи шаһарымыздың енуі де үлкен жетістік. Ізін ала осы қалалар жөнінде кітап жазатын адам іздедік. Сол кезде Тараздың тарихын бір жазса Несіпбек Дәутайұлы жазып береді деп, ол кісімен келістік. Бұл жауапкершілікті де Несағаң абыроймен орындап кетті. Жазушының шынардай шығармалары туралы айтар әңгіме көп. Оны бір ғана басқосуда айтып тауысу мүмкін емес. Десек те бұл Несағаң туралы сөздің басы. Мұндай игі шаралар міндетті түрде алдағы жылдарға созылуға тиісті. Несағаның өмір сүруі сонда жатыр. Оған барлығымыз жауаптымыз, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Көзі тірісінде ешқандай тобырға қосылмай, «Жазушының жалғыз досы – жалғыздық» деп өтті ол. «Осы сөзім ылғи алдымды орай береді. Өзіме тиесілі шыным еді. Таңдаған тағдырым болатын. Талай-талай қалтаң-селтеңнен сақтап қалған сабырым. Өзімді өзіме танытқан ақылшым. «Ертеңде шапса, төсте озған» ерік-жігерім. Оның қадіріне білгендер ғана жетеді» деп түсінгенге тұғыры биік, тұнығы тұңғиық тұжырым айтып кеткен Несіпбек Дәутайұлының жалғыз емес екеніне де осы басқосуда көпшіліктің анық көзі жетті.
– Несағаң балалық шағын көп айтпауға тырысатын. Қой бағып жүрген кездегі қорлықты ешқашан жазбайтын. Қой бағып жүрген кездегі қиялын ол поэтикалық тұрғыда көркем дүниеге айналдырып жіберген секілді. Осылайша қазақ әдебиетіне ерекше құбылысты алып келді. Соңғы уақыттарда жазған дүниелері де әдебиеттегі үлкен құбылыс болды. Әдебиетке жазушы болып бару және жазушы болып қалу деген ұғым бар. Өмірден өтіп кеткен кейбір жазушылардың кітаптары да өзімен бірге өмірден өтіп кеткен жағдайлар орын алып жатады. Несағаның екінші өмірі басталды деп айтып жүрміз. Ал сол екінші өмір үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл ретте Несіпбек Дәутайұлының ұпайы түгел деп айта аламын. Себебі Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жастар Нәкеңнің шығармаларын іздеп оқиды. Сондықтан Несағаның рухани өмірі ұзақ болатынына сенемін, – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жұмабай Шаштайұлы.
Сондай-ақ естіген жанның ет жүрегін елжіреткен естеліктер арасында қабырғалы қаламгерлердің ұсыныстары да ұмыт қалмады.
– Соңғы екі жылда біраз биік тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Қабдеш Жұмаділов, Жәркен Бөдеш, Шөмішбай Сариевтар кетті. Соның ішінде біздің қатты қиналып, жүрегіміз ауырған, өлімге қимаған екі адамның бірі Есенғали Раушанов, екіншісі Несағаң болды. Адам баласы дүниеге келген соң шамасы келсе бірдеме істеуі керек қой. Сол шамасы келіп-кеткен қазақтың азғантай ғана жазушысының ішінде Несіпбек Дәутайұлының орны бөлек. Нәкең кетті. Тараздан әрі-бері өткен кезде оның кабинеті бар еді. Барлығымыз соған баратынбыз. Сол кабинет қазір жоқ. Дұрыс па сол. Қайда сол кабинеті? Ол соның көзіндей болып қалуы керек еді. Қазақ әдебиетінде біреу бүкіл жан-дүниесімен еңбек етсе соның бірегейі осы Нәкең. Сондықтан осы мәселе өзінің лайықты және әділетті шешімін табуы тиіс, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов.
Несағаның шығармашылығының шыңырауына шартараптан бойлап, ең жиі жазған белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек те өз ойы мен ұсынысын жеткізді.
– Жастар жақсы көрген жазушы – ең бақытты жазушы. Кейде бір алатын сыйлықты ала алмай қалған шығар. Бірақ облыста тұрып сондай жазушылық бақытқа бөлену екінің біріне бұйырмаған бақыт. Мен ол кісінің барлық шығармаларын оқып шыққанмын. Кейбір шығармаларын тіпті жатқа білемін. Елі құрметтеп жатыр. Одан артық не керек? Бір ғана мәселе, егер Несіпбек Дәутайұлы басқа елде туып-өскен азамат болса қазіргі таңда сол жазушы жүрген көше деп тіпті көшелеріне тақтайша іліп қояр еді. Ең құрығанда өзінің кабинетін ретке келтіріп, ұрпаққа мұра етсек, одан ұтпасақ ұтылмас едік. Жазушыларды қазіргі заманда модаға, брендке айналдыру қажет. Қолдан келіп жатса осы Қордайда Айғыркісіге арнап ескерткіш орнатса да болар еді, – деп ұсынысын іркіп қалмады.
Несаға көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді. Шераға айтқандай кем дүниеден, кең дүниеге кетсе де артына мол мұра қалдырған қаламгерді өскелең ұрпаққа жан-жақты насихаттау жөнінде де ұсыныстар талқыланды.
– Несаға кеткенде шын мәнінде зиялы қауым, оның ішінде қаламгерлер қауымы қабырғалары қатты қайысып, күңіреніп тұрып жоқтадық. Қордайдан, қасқа жолдан ары-бері өткенде бұрын Кенен атамыз еске түсетін. Қазір Несағаң еске түседі. Бұл кісінің әрбір кейіпкері біздің санамызға, жүрегімізге тайға таңба басқандай жазылып қалған. Өйткені қазақ прозасының биіктерінің бірінен айырылып қалғанын әлі біздің қазақ халқы сезіне қоймаған секілді. Халыққа, әдебиетсүйер оқырманға да біз әлі күнге Несағаның шығармаларын лайықты түрде жеткізе алмай жатқан секілдіміз. Өз басым Несағаңа деген бала кезден бастап үлкен құрметім болды. Екінші рет қайталанбайтын жазушы. Жүріс-тұрысының өзі ерекше. Жерлестерінің ас беріп, іздеп жатқаны, оған облыс әкімінің орынбасарынан бастап, аудан әкімі, барлығы арнайы келіп қатысып жатқанына алғыс айтамыз. Шын мәнінде ол қазақтың классик жазушысы. Оралхан Бөкей ағамыздың да көзін көрдік. Ол кісі Алтайдың қоңыр құлжасы сияқты болса, Несаға осы Қордайдың қоңыр құлжасы. Сондықтан арыға бармай-ақ, қасымыздағы көршіміз орыстарда Есенин мына жерде түстеніп, тамақ ішті деп, сол жүрген жерлерді әспеттесе, Несаға күллі халықтың ішінде, Тараздың ортасында отырып небір керемет шығармаларын жазып кетті. Сондықтан қалай дегенмен туған жерден кетпей, ел ішінде әдеби үздік туындыларын жазған Несағаның кабинетін мұражайға айналдыру керек, – деді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов.
Аталған мәселеге орай Ұлықбек Есдәулет былтыр Бердібек Сапарбаевқа одақтың атынан арнайы хат жазылғанын, биыл облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке де хат жолданатынын жеткізді. Сонымен қатар Несіпбек Дәутайұлының көзі кеткеннен кейін жарық көрмей қалған «Жамбыл» журналының тағдыры да сөз болды.
– Несіпбек ағамыздың тойы Тараздың қақ төрінде аталып өту керек. Себебі Несіпбек Дәутайұлы секілді жазушылар қазақта шашылып жатқан жоқ. Қазақта көзі тірі екі ұлы жазушы бар болса, соның бірі – Несіпбек Дәутайұлы. Басқа елдерде ақын-жазушылардың кабинеттері, үйлері тіпті өртеніп кетсе де сол күйі тұратын еді. Мұндай жайлар әлем әдебиетіндегі небір керемет жазушылардың басынан өткен. Біз дайын тұрған Несағаның кабинетін мұражайға айналдыра алмай отырмыз. Осы мәселе бойынша мен сол кезде облыстың басшысы мен министрлікке хат жаздым. Бірақ ол аяқсыз қалды. Тараздағы Несаға отырған ғимаратқа қасқайып Шерағамыз да, жарқырап Арғынбай Бекбосын ағамыз да кіріп-шығып жүретін еді. Ол үлкен шаңырақ. Қаншама жастар болып сол шаңырақта Несағаның қасынан табылатынбыз. Қоғамнан таппаған мейірімді Несағаның кабинетінен, сол кісінің жанынан табатынбыз. Сондықтан осындай орындар тарихта қалуы тиіс. Себебі әкімдер елдің иесі болса, Несағамыз халықтың киесі, – деді ақын Маралтай Райымбекұлы.
Жиын барысында белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан бастаған әулиеаталық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері де өз ойларымен бөлісті. Басқосу соңында Ұлықбек Есдәулет пен облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің тікелей қолдауымен жарық көрген «Қордайдың қоңыр құлжасы» атты кітаптың тұсауын кесті. Дөңгелек үстелден кейін мейрамханада ас беріліп, Несіпбек Дәутайұлының рухына Құран бағышталды. Несағаның ізін басқан Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбек, Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлілер естеліктерін айтып, арнау өлеңдерін оқыды.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақ намысын қырық палуан қорғамақ
- Бүгін, 03:43
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді