«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараз» тығырықтан шыға ала ма?

«Тараз»  тығырықтан  шыға  ала  ма?
ашық дереккөз
«Тараз» тығырықтан шыға ала ма?

Осы жексенбіде футболдан ел чемпионаты аяқталады. Соңғы ойынның нәтижесін күтпей-ақ, елордалықтар жеңіс тойын тойлап жатыр. Рас, «Астана» клубы чемпиондық атаққа қол жеткізу үшін әлі екі кездесу өткізуі керек. Оның бірі – күміс жүлдеден үмітті «Ақтөбе» командасы. Өйткені, «Астана» мен «Ақтөбенің» 24 турдағы кездесуі белгілі себептермен кейінге шегерілген болатын. Дегенмен, астаналықтар өздеріне қажетті ұпайды олжалап үлгерді. Ақтөбеліктер қалған екі матчта жеңіске жеткен күнде де «Астана» сұрмергендері соққан гол айырмасын қысқарта алмайды. «Қайрат» ойыншыларының басында да дәл осындай жағдай. Ұпай санын қысқартқанымен, доп айырмасы бойынша есепте оларды қуып жете алмайды. Қысқасы, «Астана» клубы биылғы ел чемпионы атанарына ешкім шек келтіре алмайды. Ал «Тараз»... Отыз бірінші турдан кейін тараздықтар өз жағдайларын мүлдем қиындатып алды. Қарашаның 1-і күні өткізген кездесуде өз алаңында керекулік «Ертіс» командасына 0:3 есебімен жеңіліп, жанкүйерлерінің жігерін құм қылды. Енді, міне өздері де Премьер- Лигада қалар-қалмасын да білмей дал. Керекуліктер 31 турда «Тараз» футболшыларын жеңіп, екінші алтылықтың көшін бастады. «Өлім» тобындағы өз мәселесін шешіп қойған командалардың бірі – осы «Ертіс». Турнир кестесінде жетінші сатыда тұрған атыраулықтардың да мұртын балта шаппайды. Олар да өздеріне қажетті ұпайларын түгендеп алған. Ал «Тараздың» ахуалы мүшкіл. 9 қараша күні өз алаңымызда өтетін ойында семейлік «Спартакты» ұтпаса, Премьер-Лигадан шығып қалуы мүмкін. Десе де, бұл матчта барлық мәселе аса қажетті үш ұпайды алумен шешілмейтінін айта кеткен жөн. Соңғы турда «Жетісу» өз кездесуін сәтті өткізсе, тараздықтардың жағдайы қиындай түседі. Себебі, «Тараз» бен «Жетісудың» жинаған ұпай саны бірдей. Талдықорғандықтар доп айырмасы бойынша ғана алда тұр. «Соңғы матчта барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Бірақ, өткен кездесуде жігіттер өздерінің жағдайын қиындатып алды. Шынын айту керек, қарсыласымыз осал команда емес. Оның үстіне біздің бір ойыншымыз кем болды. Төреші Эдуард Сергиенконы алаңнан қуғаннан кейін жағдай қиындай түсті. Жігіттер соңына дейін тырысып бақты. Әйтсе де, «Ертіс» қақпасына бағыттаған доп дарымады. Әрине, мұнымен ақталмаймыз. Шегінерге жол жоқ, біз алдағы ойынды қалайда өз пайдамызға шешуіміз керек», – дейді бас бапкер Евгений Яровенко. «Спартак» – былтыр Бірінші Лигада өнер көрсеткен команда. Кейде ойын тең жағдайда өткенімен, «Тараз» футболшылары семейліктерден аса ірі есеппен ұтылып көрген емес. Биылғы біріншілікте ұзақ уақыт сәтсіздіктен кейін тараздықтар «Спартакты» 2:0 есебімен ұтып, жанкүйерлеріне қайтадан үміт сыйлаған еді. Жексенбі күнгі кездесуде де жерлестеріміз барын салып, осы тығырықтан шығар деген сенімдеміз.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар