Онда Рио Олимпиадасына жолдама сарапқа салынады
Алматы қаласындағы дүбірлі додада бақ сынайтын қазақстандық 15 зілтеміршіге Рио де Жанейро Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік туып тұр. Ол үшін спортшылар ауыр атлеттердің аламанында атой салып, жеңіс тұғырынан көрінсе болғаны. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Өйткені, 8-16 қараша аралығында өтетін әлем біріншілігіне 75 елдің кіл мықтылары қатысады.
Нақтырақ айтсақ, 600-дей үміткердің тоғызы Олимпиада, он екісі әлем чемпионы. Әйтсе де, мақтаулы тоғыздың төртеуі қазақ спортшылары екенін ескерсек, үміт оты маздай түседі. Сонымен, спорт сарапшыларының назарына ілігіп отырған таңдаулы тоғыз кімдер? «Тоғыздың» көшінің басында тағы да қазақстандықтар тұрғанын айта кету керек. Атап айтсақ, Алматыда Лондон Олимпиадасының және екі дүркін әлем чемпиондары, жерлестеріміз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин және қытайлық Ким Ун Гук и Рим Чон Сим, польшалық Адриан Зелинский, ирандық Бехдад Салимикордашиаби өнер көрсетеді. Жүлдеден үміттілердің қатарында былтырғы әлем біріншілігінде топ жарған Тима Туриева (63 килограмм салмақта), Надежда Евстюхина (75 килограмм салмақта), Татьяна Каширина (75 килограмнан жоғары), Апти Аухадов (85 килограмм салмақта), Александр Иванов (94 килограмм салмақта) сынды Ресейдің мықтылары да бар. Дегенмен, мамандар қазақ атлеттеріне осы жолы 3-4 медаль бұйыруы мүмкін екенін айтады. «Алматыда өтетін әлем чемпионатында 15 атлеттің 3-4-еуі медаль алуы мүмкін. Дүниежүзінің 75 мемлекетінен келетін спортшылардың барлығының дерлік деңгейі жоғары. Біздің қыз-жігіттеріміз де осал емес. Бұл – лицензиялық дода. Сондықтан, басты мақсат – жолдамаға қол жеткізу. Сол үшін зілтеміршілеріміз күніне 3-4 мәрте жаттығу өткізуде», – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Алексей НИ «PROСПОРТ» сайтына берген сұхбатында.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді