«Биогумус» тыңайтқышын өндіре бастады

«Биогумус» тыңайтқышын өндіре бастады
ашық дереккөз
«Биогумус» тыңайтқышын өндіре бастады
Тамды ауылдық окугінің әкімі Рауан Асқаровтан ауылда жауынқұрт өсіріп отырған жігіт ағасы бар екенін естіп қалдық. Бала кезімізде өзен-көлге қармақ салғанда банкіге салып апаратын кәдімгі жауынқұрттың пайдасын енді тамдылық тұрғындар да көре бастапты. Жаңалыққа елең ете қалатын журналист емеспіз бе, жаңа бір кәсіпті игеріп жатқан азаматтың тірлігін көрмекке үйіне бардық. Өзін Біржан Кәденов деп таныстырған шаруа жұмысының барысын айта бастады. Балықтың жемі болып көрініп, ажалына ұрындыратын «чербагыңның» түп төркіні алыстағы Америкада жатса керек. Мұны «Калифорния шылаушыны» дейді екен. Үй жануары сияқты зияны жоқ жәндік деседі.«Калифорния шылаушыны» дейді екен. Үй жануары сияқты зияны жоқ жәндік деседі. – Бұл кәсіптің түрін алғашқыда Түркістан облысының жігіттері қолға алды. Зерттеп, оқып көрсем, дайындаудың түк қиындығы жоқ. Арнайы жәшіктерде немесе мынадай бау-бақшада айналысуға болады екен. Қыс мезгілінде жәндікті жылы жерде ұстап, күн жылына бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдықтарының кез келген түрімен қоректеніп, оны қап-қара шіріндіге айналдырып жібереді. Шылаушынның өнімі– биогумус аталады, ол кез келген егін алқаптарымен бақшаны жайқалтып, еселенген өнім береді. Жылыжай, гүл өсіргенде пайдалансаңыз, тіпті мол өнім беретінін білдім. Екі шаршыметрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болатын көрінеді. Мен жұмысты енді бастап жатырмын ғой. Дегенмен мынаған қараңыздар, биогумус қосылған жерге егілген мына бір асқабақтан 16 түп асқабақ өніп шықты, – дейді Біржан Кәденов. Мұнымен айналысу қиын жұмыс емес екен. Қазір ауылдан мал қиын сататын жігіттер шыққан. Соларға қаншасы керек екеніне тапсырыс берсеңіз, өздері-ақ жеткізіп беретін көрінеді. Сосын оны бақшаның бір бөлігіне жайып тастап арасына жауынқұртты жіберсеңіз болды. Белгілі бір уақытта мал қиын жыбырлаған жәндіктер өздері өңдеп, тыңайтқыштың биогумус түрін шығарып береді. Бұған сонша шығын да шықпайды. Төрт түліктің қиы қай ауылда болса да үйіліп жатыр. «Калифорния шылаушыны» аталатын жәндіктің біреуі 20 теңгеден. Тыңайтылған топырақтың бір литрлік банкідегі құны бар болғаны 60-100 теңгеден өткеріледі. Жердің құнарлығы кеміп, диқандар мен бағбандар межелі өнімін ала алмай жатқанда «Калифорния шылаушыны» мен мал қиынан алынатын топырақтың құнарлығын, құрылымын және физикалық қасиеттерін жақсартатын тыңайтқыштың «биогумус» түрін өндіруді әр ауданда қарқынды түрде қолға алса, тіпті облыстан кәсіптің осы түрімен айналысатын іргелі кәсіпорындар ашылып жатса, жер жыртып, егін салатын бау-бақша өсіретін бейнетқор жұрттың еңбегі еселеп қайтары даусыз. Жыл сайын қайталанып жататын қуаңшылықтан, тыңайтқыш ретінде қолданылып жүрген улы химикаттардан тозып бара жатқан егістік және бақша өнімдері мен көкөніс өсіретін алқаптар құнарланып шыға келер ме еді...  

Амангелді ӘБІЛ Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар