«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кубок өзімізде қалды

Кубок  өзімізде қалды
ашық дереккөз
Кубок өзімізде қалды

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған команда жеңіске жетті

Жеңіс салтанаты! Жамбылдық жанкүйерлердің сол бір сәттегі көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу қиын. Қуанатындай реті бар, волейболдан халықаралық деңгейдегі турнирде тараздықтардың топ жаруы – әрине, үлкен жетістік! Әрі облыс әкімінің кубогы өзімізде қалды. Ендеше, қалайша шаттанбайсыз?!

Жалпы, турнир тартысты өтті. Әсіресе кезінде даңқты «Буревестник» командасының белді ойыншылары болған – атақты ақын Олжас Сүлейменовтың, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевтың сынға түсуі жарыс көрігін қыздыра түскендей. Облысымыздың 75 жылдық мерейтойы аясында өткен волейболдан ардагерлер арасындағы облыс әкімінің кубогын сарапқа салған турнир осылай мәресіне жетті. Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев бастаған жергілікті команда намысты қолдан бермеу үшін барын салды. Финалда «Тараз ардагерлері» алматылық «ҚазҰАУ» құрамасымен кездесті. Аса тартысты өткен ақтық сында тараздықтар жеңіске жетіп, облыс әкімінің кубогын иеленді. 1 миллион теңге сыйақыны және еншіледі. «Үш күнге созылған турнирде 12 команда сынға түсті. Солардың арасынан суырылып шығып, Тараз волейболшылары жеңіске жетіп отыр. Бұл – ауыз толтырып айтар жетістік», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанатында. Соңғы минуттарға дейін жеңіске жетуге үмітті болған генерал-лейтенант, волейболдан КСРО спорт шебері Амангелді Шабдарбаев өнер көрсеткен «ҚазҰАУ» командасы екінші орыннан көрініп, 500 мың теңге қаржылай сыйлықты иеленсе, талдықорғандық «Жетісу» құрамасы үшінші орынға берілген 300 мың теңгені қанағат тұтты. Доданың басты фавориттері саналған алматылықтар мен талдықорғандықтар «Тараз ардагерлерінің» бұл турнирге үлкен дайындықпен шыққанын мойындады. «Тараздықтардың тактикалық әрі техникалық тұрғыда мықтап дайындалғаны байқалып тұрды» дейді қарсыластар. Біздің команданың тағы бір басымдығы – бойшаң ойыншылардың көптеу болғанында.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар