«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ДОСТЫҚ ДӘНЕКЕРІ

ДОСТЫҚ  ДӘНЕКЕРІ
ашық дереккөз
ДОСТЫҚ ДӘНЕКЕРІ

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының қолдауымен «Гуонлен» жастар орталығы Қордай ауданының Масаншы және Ауқатты ауылдарының тұрғындарымен кездесулер өткізді. Онда діни экстремизмнің, лаңкестіктің алдын алу және қоғамдағы конфессияаралық және ұлтаралық келісімдерді нығайту мәселелері талқыланды. Ауқатты ауылы әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға қонақтармен қатар жергілікті мектептің жоғары сынып оқушылары, мешіт имамдары қатысты. Жиналғандар алдында «Гуонлен» жастар орталығының мүшесі, ТарМУ-дың оқытушысы, профессор Рашид Бакиров сөз сөйледі. – Қазіргідей әлемдегі тұрақсыздық жағдайында кез-келген мәндегі діни қақтығыстар бүкіл елді сілкіндіретін зардапты оқиғаларға ұрындыруы мүмкін. Біздің көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетімізде әртүрлі ұлттар мен олар ұстанатын түрлі діндер арасында толеранттылық, өзара құрмет пен төзімділік айрықша мәнге ие. Еліміздің мұсылмандары негізінен исламның бейбіт жүйесі – ханафи мазхабын ұстанады. Ұлттық татулықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Елбасымыз айтпақшы, біз қазақстандықтар – бір отбасындаймыз, – деді ол. Кездесу барысында қатысушыларға дінге, дін өкілдерінің кейбір іс-әрекеттеріне көзқарастары туралы анонимдік анкеталар таратылды. Ал мектеп оқушылары әр ұлттың тілінде Отанға деген сүйіспеншіліктерін білдіретін өлеңдерін оқыды. Мерекелік шара Масаншы ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығының президенті Руслан Исмазовтың айтуынша бұл күнгі іс-шаралар «Этнос күніне» орайластырылып, дүнген жастарының «Біз – қазақстандықтармыз!» фестиваліне ұласып отыр. Оған ауданның дүнгендер мекендейтін алты ауылынан жастар қатысуда, сондай-ақ, Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылынан өкілдер келген. Фестиваль аясында «Вынхуа» қауымдастығының жастар қанаты мен әйелдер кеңесінің дөңгелек үстел жиындары да өткізілді. Әйелдер жағы «Дүнген әйелдерінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі», ал жастар «Қазақстандық патриотизмді және этносаралық келісімді нығайтудағы жастардың рөлі» тақырыптары аясында пікір алмасты. Облыстық «Вынхуа» қауымдастығы әйелдер кеңесінің төрайымы Сара Даузова жүргізген дөңгелек үстелде дүнгендерге тән болып отырған жастардың тым ерте некелесуі, жақын туыстарымен некеге тұруы, әйелдердің ерлермен тең дәрежеде білім алуына қойылған шектеулер, жиі ажырасулар тәрізді бүгінгі таңда тұрмысқа дендеп еніп кеткен ащы шындықтары ашық айтылды. – Мұндай кездесулер дүнген әйелдерінің көп нәрсеге көздерін ашып, белсенділігін арттыра түседі. Бұрын айтыла бермейтін көптеген жайлар қазір осылай ашық талқылануда, – дейді Сара Минкизовна. Ал жастар бас қосуында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілі Ұлтуар Бабақұлова барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруінің маңыздылығын атап көрсетті. «Вынхуа» қауымдастығы жастар қанатының төрағасы Зайнутдин Махусев бұл мәселеге дүнген жастары айрықша мән беретінін, олардың көпшілігі мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатынын айтты. Бүгінгідей жан-жақты кездесулердің аз ұлт өкілдері үшін пайдалы жақтары бар. Әсіресе, жастар басқа өңірлердегі қандастарымен де қауышып, өрістерін кеңейтуге мүмкіндік алады. Фестиваль соңы сан ұлттың әуезді әндері мен мың бұралған билерінен тұратын концертке ұласты.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар