«Тараз-Арена» төрінде өткен турнирде осыған куә болдық
Өңіріміздің 75 жылдық мерейтойы аясында облыс әкімінің кубогы үшін ардагерлер арасында ұйымдастырылған жарыста әкім де, ақын да волейбол ойнады. Ойнағанда да... допты қабылдау, соққы жасау, әдіс-айла қолдануларынан кәсіпқой волейболшылардың қимылын көрдік. Көрдік те саламатты өмір салтын насихаттаудың, жастарды спортпен шұғылдануға шақырудың бұдан асқан үлгісі бола қоймас деген ойда қалдық...
Үш күнге созылатын дүбірлі доп додасының ашылу рәсімі кеше салтанатты жағдайда өтті. Оған облыс әкімі, облыстық волейбол федерациясының президенті Кәрім Көкірекбаев, Алматы облысының әкімі, Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының вице-президенті Амандық Баталов, ақын, халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов, қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболов, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов қатысты.
«Жуырда облыстың 75 жылдығын атап өттік. Мерейтой аясында көптеген мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Волейболдан ардагерлер арасында өткізіліп жатқан турнир де сол мерекелердің жалғасы. Волейбол – әлемде кеңінен дамыған спорт түрі. Баршаға қолжетімді. Бұл спортпен тұрғындардың әрқайсысы шұғылдана алады. Волейбол тарихындағы есімдері елге белгілі спортшылар: Октябрь Жарылқапов, Заңғар Жәркешов, Марат Мәденов, Амангелді Сұлтанов, Валерий Кравченко, Олег Антропов бар. Олар бүгінде ұлттық спорттың мақтаныштары. Осындай майталман волейболшылар шыққан «Буревестник» командасында ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов те ойнаған», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев турнирдің ашылу салтанатында. Ақын екі міндетті орындау үшін доп додасына арнайы келіпті. Бірі – еліміздегі бейбітшілік пен саламаттылықты үндеп жүрген халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенді жақтаушыларын аталған қоғамдық ұйымның 25 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапаттау болса, екіншісі ардагер волейболшы ретінде жарысқа қатысу. Олжас Сүлейменов Алматы және Жамбыл облыстарының әкімдері Амандық Баталовқа, Кәрім Көкірекбаевқа, қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболовқа мерекелік медальдарды тапсырды. Жалпы, спорт жанкүйерлері волейболдан ардагерлер арасындағы жарыс бұрнағы жылдарда Талдықорған мен Шымкентте ғана өткізілгенін, сол турнирлерде Олжас Сүлейменов Алматы облысы волейболшыларының команда капитаны болғанын жақсы білуі тиіс. Ақын әлі де бабында екен, турнирде тамаша өнер көрсетті. Алматы және Жамбыл облыстарының әкімдері де жолдастық кездесуде өз командаларына аса қажетті ойыншы екенін көрсете алды. Жарыс тартысты өтуде. Әр өңірден және көрші қырғыз, өзбек елдерінен келген командалар жеңісті қолдан бермеу үшін барын салуда. Доп додасы жексенбі күні аяқталады.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді