- Advertisement -

Құралайдың салқыны

106

- Advertisement -

Күннің күркіреп, найзағайдың шатырлағанынан Шәкіржан селк ете қалды. Екі-үш күннен бері ызғарлы жел соғып, ауа райы бұзылып тұр. Әжесі «Астапралла, астапралла» деп күбірлеп жүріп, теледидармен, тоңазытқышты ток көзінен ажыратып тастады. «Біздің жақта мұндай алапат бола бермейтін еді, мынау дегенің бір ақырзаман ғой» деп қояды уайымға беріліп.

Үйдегілер осылай әбігерге түсіп жатқанда сырттан атасы да келді. Үсті-басы малмандай су.

– Шал-ау, мынау күнге не болды өзі? – деп кемпірі сөйлеген күйде қарсы алды.

– Не болсын. Құдайдың күні де. Бұл – Құралайдың салқыны. Осылай болады. Осылай болуы керек, – деп соңғы сөйлемін нықтап айтты. Қария осылай нығырлаған соң, кемпірі де тынышталып, сабырға келді. Тек Шәкіржанның ойы бір жерде болмай тұр.

– Ата, Құралайдың салқыны деген не?, – деп сұрады үлкен кісінің сырт киімін шешіп үлгеруіне мүмкіндік бермей.

– Қазір, балам, қазір. Әжең ыстық шайын алдымызға алып келсін. Жайланып отырайық. Сосын түсіндіріп беремін, – деп жатыр атасы немересінің сауалына қуанып. Ұрпағы білгісі келіп сұрақ қойып жатса, ол да қуаныш емес пе?

Әжесі де дайын отыр екен. Дастарқан жайылып шай да келді. Жаңа піскен бауырсақ, сары май тәбет ашады. Атасы ыстық шайдан ұрттап отырып, ауыл-аймақтың әңгімесіне көшіп кетті. Шәкіржанға керегі басқа. Атасы өзге нәрселерге назар аударып кетті. «Менің кезегім қашан?» дегендей, Шәкіржан атасының бетіне қарап қояды. Атасының бұл қызыққан тақырыпқа оралатын түрі байқалмаған соң, шыдамы таусылып:

– Жаңағы айтам дегеніңізді айтпадыңыз ғой, ата, – деді бұртиып.

– Ой, қария болған сайын осы енді. Тіпті есімнен шығып кетіпті, – деп ақталуға көшті атасы.

– Айналайын, алтыным, тыңда. Мамырдың алғашқы он күндігінде киіктер төлдейді. Күн жылы болса, төлдері шуаққа маужырап жата берер еді. Табиғат ананың мейірімі түсіп, жазықсыз жас жануарлар айдалада қалмасын деп, қатуланып, ызғарлы жел мен жауын-шашынды жібереді. Сонда әлгі төлдер ширап, орындарынан тұрып, енелеріне ілеседі. Табиғаттың осындай заңдылығы да бар, балапаным.

– Қызық, ә, – деді Шәкіржан таңданып, – жылда сөйтеді ме?

– Жыл сайын солай. Мен саған одан да қызық нәрсені айтайын ба? – деді атасы.

– Жарайды, ата. Айта беріңіз. Мен тыңдаудан жалықпаймын, – деп қойды Шәкіржан ересек кісілерше.

– Киіктер айдалада адасып қалған лақты көрсе, жанына жақындап тойғанынша емізіп кетеді. Мұндай қасиет қояндарда да бар, балам!

– Ата, жақында теледидардан баласын подъездге тастап кеткен ананы көрсетті. Соны көргенде шошып кеттім, – деді Шәкіржан аяныш сезімін жасыра алмай.

Өмірде адамды шошытатын нәрселер аз емес, балам. Ал кейбір хайуанаттарда адамға үлгі болатын қасиеттер кездеседі. Оған таңғалатын ешнәрсе жоқ. Есейіп, ержеткен соң, бәрін ой елегінен өткізесің. Өзің сараптап түсінетін боласың. Қазір көп нәрсені ажыратуға өрең жетпейді. Жассың. Бірақ, жаныңның ашығаны дұрыс, – деді атасы мейірленіп.

Шәкіржан атасының сөздерін қоштап, басын изеді.

 Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Түрксіб ауылы,

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support