- Advertisement -

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

84

- Advertisement -

«Ақ жол»

 2021 жыл

5 қаңтар. №1. ( 18954). Жыл басындағы газет нөмірі заман талабына сай жаңа форматта жарық көрді. Бұл жаңалық және өткен жылдың «Аq jol» үшін ерекше жемісті болғаны «Бас редактор бағаны» айдарымен берілген Оралхан Дәуіттің «Әр оқырман үшін қызмет етеміз » атты мақаласына арқау болған. Редакцияның шығармашылық ұжымы ағалар салған сара жолды жемісті жалғастырып, оқырман қауымға өткір де батыл, әділетті жазылған дүниелерді ұсынып келеді. Әр сала бойынша түрлі сараптамалар, зерттеулер, сын мақала, әдебиет және өнерге, мәдениетке орын беру, аудандардың тіршілігін кеңінен жазу, оқырман мен редакция байланысын арттыру газет жұмысының негізгі бағыттарына айналған. Өткен жылдан бері «Aq jol»-дың сайты әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, газетте жарияланған сын мақалалар бойынша бейнекөріністер түсіріп, әжептәуір көрермен жинаған.

Газетте «Өзекті мәселе», «Тіршілік» , «Мәселенің мән-жайы», «Бүкпесіз әңгіме», тағы басқа да айдарлармен жарияланған мақалалар оқырмандарды толғандырған өткір тақырыптарды көтеріп келеді. Сондай-ақ «Aq jol» – 100 жыл», «Тағзым», «Зерде» айдарларымен басылымға сіңірген еңбегі, айшықты қолтаңбасы бар ардагерлер туралы зерттеу мақалалар, арамызда аман-сау жүрген зейнеттегі қаламгерлердің естеліктері де тұрақты беріліп жүр.

27 ақпан. № 24 ( 18977). Бұл нөмірінде газет Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған жарияланымдар берді. Тараз төрінде өткен дәстүрлі «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысының қалай өткенін, жеңімпаздарының есімдерін жариялады. Облыс әкімі тапсырған бас жүлдені ( 2 миллион теңге) жыр додасына Алматы қаласының атынан қатысқан Жуалы ауданының түлегі Қанат Мырзахан алды. Бірінші орын жүлделеріне (750 мың теңге) түркістандық Еркебұлан Қайназаров пен шығысқазақстандық Рүстем Қайыртайұлы ие болды. Екінші орында (500 мың теңге) қызылордалық Нұрмат Мансұров пен жамбылдық Шапағат Сәбитқызы бар. Ынталандыру сыйлықтарын алғандар қатарында оралдық Бекболат Қаниев, Жамбыл облысы атынан түскен ақындар Айтмұханбет Исақов пен Алтынкүл Қасымбекова, елорда атынан додаға түскен Олжас Отар бар.

17 сәуір. № 43. (18996). М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев журналистер қауымымен жүздесті. Алғашқы болып сөз алған «Aq jol»-дың бас редакторы Оралхан Дәуіт өзі басқаратын басылымның оқырмандары болып табылатын қалалықтарды толғандырған №12 ықшам аудандағы бірқатар түйткілдердің шешімін табу мен Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту туралы мәселе көтерді. Қала басшысы бұл жайлардың назарында екенін, алдағы уақытта ретке келтіріліуіне күш салынатынын айтты.

Басқосуда қала көшелеріне облыстық «Aq jol» және «Знамя труда» газеттерінің аттарын беру туралы ұсыныс та айтылды. Қала әкімі бұл мәселені шешу жолдарын қарастыруға уәде етті.

22 мамыр № 68 ( 19013). «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің жетекшілері ғасырлық жасына қадам басқан «Aq jol» газетінің ардагерлерімен кездесу өткізіп, олардың тарапынан алдағы мерейтойды өткізуге қатысты айтылған ұтымды ұсыныс, тың ойларға құлақ түргенді жөн көрді. Басқосуды медиа-холдингтің бас директоры Нұрбек Бекен сөз сөйлеп ашып, жақындап қалған газет мерейтойы қарсаңында әр жылдарда еңбек еткен ардагерлердің басын қосып, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекпен жүздесуді жөн көргендіктерін айтып, жиналғандардан ой-пікірлерін ортаға салып отыруды сұрады. Алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекке берілді. Ол «Aq jol» газетінің 100 жылдық тойы алдында облыс қаламгерлерінің алдыңғы толқыны ардагерлермен пікірлесуге келгенін айтты.

Басқосуда ардагер журналистер Елен Әлімжан, Тұрсынхан Толқынбайұлы, Баймаханбет Ахмет, Болат Жаппарұлы, Жаңабай Миллионов және басқалар сөз сөйлеп, газет мерейтойын өткізуге қатысты ұсыныстарын да ортаға салды. Қаланың көрікті мүйісінен «Aq jol» аллеясын ашу, Арғынбай Бекбосын, Бақытяр Әбілдаұлы, Әкпарбек Доспанбетов секілді журналистерге көше аттарын беру туралы да айтылды.

«Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт ғасырлық той ас ішіп аяқ босатумен өтпеуі керектігін, іс-шаралардың тағылымы мен тәлімі мол болуына назар аударған жөн екенін айтып, қаламгерлер мен журналистер арасында байқаулар өткізу, ұсыныстарды жүзеге асыру, кітап шығару бағытында жұмыстар атқарылатынына тоқталды.

Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қорытындылап, айтылған ұтымды ұсыныстардың назарға алынатынын, мерейтойға қатысты жұмыстар әлі де пысықталып, зерделенетінін, оны тағылымды етіп ұйымдастыру үшін жұмыстар атқарылатынын айтты.

10 маусым. №78 ( 19023). Газеттің осы нөмірінен бастап «Aq jol»-дың алдыңғы толқыны еді» айдары беріле бастады. Алғашқы мақала бүгінде арамызда жоқ Ұлы Отан соғысының ардагері, Мәскеу қаласында өткен үш бірдей Жеңіс шеруіне қатысқан Исраил Керімбаевқа арналды. Авторы – Есет Досалы. Мақалада көп жасаған, артына жақсы атын қалдырған майдангер журналистке Тараз қаласынан көше атын беру туралы ұсыныс көрініс тапқан.

15 шілде. №84. (19037). Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің ұжымы «Атырау ақпарат медиа», «Қызылжар – ақпарат медиа», «Атырау» телеарнасы ЖШС, қалалық «Жамбыл– Тараз» газеті ұжымдарына челлендж жолдаған болатын. Бұл бастамалары қызу қолдау тапты.

Газеттің осы нөмірінде тағы бір жағымды жаңалық жарияланды. «Aq jol»-дың тілшісі Марат Құлибаев пен газет сайтының веб-редакторы Камила Борашова «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына қатысып, жүлделерге ие болды.

25 қараша. № 141.(19094). Бұл нөміріндегі «Зерде» бетінде « Ғасыр тойының қарсаңында» деген тақырыппен берілген фотосуреттер топтамасы басылымның жүріп өткен белестерінен сыр шертеді. Өткен жылдардың ескерткіші болып қалған әр сурет – бір тарих.

27 қараша. № 142( 19095). «AULIEATA-MEDIA» ЖШС және аталған серіктестікке қарасты «Aq jol» газетінің ұжымы басылымның жарық көргеніне 100 жыл толуы қарсаңында редакцияда бұрын еңбек еткен ардагерлер мен әріптестердің басын қосып, дастарқан жайды. Бақилық болған ардагерлердің рухына құран бағышталған жиынды «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт жүргізді. Ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, «AULIEATA-MEDIA » ЖШС-нің бас директоры Нұрбек Бекен сөз сөйледі. Газет ардагері, журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы алдыңғы толқынның өмірден озғанына құран бағыштап, көзі тірісін құрметтеп шақырған ұжымға алғысын айтып, кейінгі жас буынға батасын берді. Бұдан кейін ардагер журналистер Жаңабай Миллионов, Құрманбек Әлімжан, Бекет Момынқұл, Махамбетәлі Дүйсебаев, Болат Жаппаров, Сейсен Қожеке, Әбілдә Сәрсенбиев, Баймаханбет Ахмет, әр жылдары бас редактор болып істеген Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, редакцияда шолушы болып еңбек етіп жүрген Ақылжан Мамыт, бөлім редакторы Амангелді Әбіл және басқалар кезекпен сөз алып естеліктерімен бөлісті, ұсыныс, тілектерін ортаға салды, облыс әкімдігіне, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғыстарын білдірді.

Іс-шараны қорытындылаған сөзінде газеттің бас редакторы Оралхан Дәуіт жиынға келген ардагерлерге алғыс айтты.

23 желтоқсан. №153. (19106). Бүл нөмірінде тұтас бет «« Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналды. Тоқсан төрт жасқа келген ақсақал, облыстың Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, облыстық газеттің 1965-1985 жылдардағы бас редакторы болған Баттал Жаңабайұлының «Талай талантты шыңдаған шаңырақ» атты мақаласының айтары көп. Газет тілшісі Есет Досалының «Балалар әдебиетінің бағбаны» аталатын мақаласы «Aq jol» газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен, екі рет бас редакторы болған жазушы Әлдихан Қалдыбаев жайлы. Сондай-ақ газет тарихынан сыр шертетін фотосурет, басылымның 100 жылдығына арналып Тараз өңірлік университетінде оқытушылар мен студенттердің қатысуымен өткен тағылымды кездесуден хабар берілген.

 

Шежіре-деректі дайындаған «Аq jol» газетінің ардагері

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support