Әке қарғысы оқ

Әке қарғысы оқ
ашық дереккөз
Әке қарғысы оқ

Қадырғалидың маңдайын қос қолымен сығымдап ұстаған күйі қыбырсыз отырғанына біршама уақыт өтті. «Әй, бұлайша отырысыңа жол болсын, көтер басыңды, жи есіңді» деп айтар жан табылсашы. Үй ішінде өлі тыныштық орнаған. Тырс еткен дыбыс жоқ. Екі-үш күннен бері мезгілсіз келген қазаға қайғырып, жанашырлық танытып жүрген жолдас-жора, ағайын-туыс бәрі кеше тарқасқан. Енді міне, өз ойымен алысып, жалғыз қалды. Жалғыз қалған соң неше күннен бері жанын жегідей жеген мазасыз ой анталап келіп бас салғандай... 

Басы меңіп, көзінің алды бұлдырап кетті. Үйдің ішін буалдыр тұман басқандай ма, қалай? Жанарынан жылып аққан жасты алақанымен сылып тастап, ауызғы бөлмеге қараған. О, тоба, ауызғы үйде әлдеқашан о дүниелік болған шешесі пешке от салып отыр екен. Отын дегені көк талдың жас бұтағы ма қалай, бірден тұтанып кете қоймай, бықсып, түтіндеп жатыр...

– Апа, отты неге жағып отырсың? Жансеріктің қырқын да берген жоқпыз ғой әлі... Бұл үйдің оты өшті ғой енді... – Әй, балам-ай, өзің жаққан отты өзің өшірдің ғой, қайтейін. – Кәсібімді дөңгелетіп, көмекшім бола ма деп ем... Жиған-тергенімді шашқаннан басқа оңған тірлігі болмады. Ақыл кірмеді... Қадырғали оқыстан қатты шығып кеткен өз даусынан өзі шошып селт етіп, есін жиғандай болды. Көзін уқалап жіберіп, ауызғы үйге қайта қарады. Дәнеңе де жоқ. Көзіне қос көрінейін деген бе, жоқ әлде әбден қалжырап шаршағандікі ме екен... Күндердің күнінде дәл осылай сормаңдай болып қалармын-ау деген ой басына кіріп-шықсашы Қадырғалидың. Табысы тасып, үнемі жолы болып тұрған соң жалғанды жалпағынан басып жүре беремін деп ойлады ғой. Жеке меншік фирмамды үлкейтемін деп інісінің үйі мен ұлына деп әперген пәтерді кепілге қойып, несие алды. Құдайдан тілеп жүріп көрген жалғыз ұл өскенде бетіме басады демеді, Қарлығашты тастап, үйелменді-сүйелменді үш қызы бар келіншекке үйленіп, екінші отауын көтерген. Әй, адасқан пенденің алды жөн, арты соқпақ емес пе? Ақшаны ақылмен жұмсамаса болмайды екен. Міне енді, несиені қайтара алмай, інісі үйсіз қалды, ал өзі... Алла адастырған адамды кім тезге салсын. «Аузынан шыққан сөз сор, өзіне қазылған ор болды». Қадырғали жан баласына сездіруге қорқып жүрген ішкі ойын, өз үкімін өзі шығарғандай дауыстап айтты... Сол күні Қадырғали жұмыстан кеш оралған болатын. Ұлы келіпті. Күтіп отыр екен. «Әшейінде, бұл үйге аттап баспаушы еді, тағы да шұғыл ақша керек болған ғой» деді іштей күңк етіп. Жансерік ешнәрсені ашып түсіндірмеді. Бірден «ақша бер, үйленемге» басты. – Қайда асығасың, алды-артыңды ойландың ба? – Маған ақыл айтып қайтесіз, ақша тауып бер одан да. Қадырғалидың сұрағы жауапсыз қалды. Шарт кетті. Ашуға булығып: «Табыттан табылғыр, маған тап дейді ғой. Қайдан табамын!» деген. Не айтып, не қойғанын Жансерік сыртқы есікті сарт жапқанда бір-ақ түсінді. Ертеңінде туыстары көлік қағып, мерт болған ұлының мәйітін табытқа салып әкелген... Бір ауыз сөз. Жастау кезінде ауыл ақсақалдарынан естіген сөз бен тілдің қасиеті туралы әңгіме ойына оралды. «Құран кәрімде Алланың адам ақыл-ойы жетпейтін Құдіреті жайында: «...Ол «бол» десе болады...» деген сөз бар. Жаратқанның адамзаттың қолтығына қысқан төрт кітаптың бірі – Інжілде жазылғаны: «Әуелі сөз болған. Сөз Құдай еді», десетін қариялар. Сөз әлімсақтан бері құдіретті саналған ғой...

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар