Мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім береді

Мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім береді
ашық дереккөз
Мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім береді
Білім беру саласындағы оқу бағдарламасында үлкен серпіліс бар. Осыған дейін білім саласында басты мақсат оқушыға нақты білім, ғылым негіздерін оқыту болып келген еді. Ендігі кезекте балаларды елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей отырып олардың бойындағы рухани танымы қалыптасқан, Отанын сүйетін патриот, жеке тұлға етіп тәрбиелеу мәселесі тұр. Яғни еліміздің ертеңі қандай болатыны жастарымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Жалпы патриотизм – өзіңнің кіндік қаның тамған жерге, өскен ауылыңа, қалаң мен аймағыңа деген сүйіспеншіліктен басталып, ол ұлттық мәдениетіңмен, әдет-ғұрып, салт-дәстүріңмен астасып жатуға тиіс.  Оқушыларды тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық құндылықтар болуы қажет. Ол үшін нені білуіміз керек? Атап айтсақ, біріншіден, өз тарихымызды жастарға үйретуіміз керек. Екіншіден, өз тілімізді білуге міндеттіміз. Тіл – тарихымыздың жабулы құлпын ашар әмбебап кілті екендігін ұрпақ санасына жеткізу міндет. Үшіншіден, атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты дәріптеу. Бұл ұлттық санамыздың қалыптасуына апаратын төте жол. Төртіншіден, өткен тарихымыздың жақсылықтары мен игі тағылымдарын сақтау, дамыту әрі жаңа сапа беру. Бесіншіден, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру. Міне, осының барлығы да жастар бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бастамашы болатын бес бағыт деп білген дұрыс. Осыған орай мектебімізде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары шеңберінде іс-шаралар ұйымдастырылды. Бастысы біз жас ұрпақтың арасында ұлттық кодымызды жаңғыртуға деген ұмтылысты арттыруға күш салдық. Бұдан бөлек, сыныптар арасында рухани жаңғыру аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері, «Атқа міну мәдениеті», «Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны», «Тарихи сананы жаңғырту», «Түркі әлемінің бесігі» және басқа да тақырыптар бойынша танымдық сағаттар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілді. Біз осылайша Елбасымыздың «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деген міндетін орнындадық. Рухани жаңғыруға қосатын әр саланың өз үлесі бар. Ұстаздар қауымының қосатын үлесі, ол – оқушыларды тәуелсіз еліміздің белсенді мүшесі, білімді, тәрбиелі азаматы етіп тәрбиелеу. Қазіргі таңда білім беру мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас пайда болып, оқытудың жаңа технологиясы өмірге келді. Яғни педагогикалық технология ұғымы іс-әрекетімізге кеңінен еніп, қолданылуда. Қай уақытта болмасын, біліммен қаруланған, бойында рухани күш-қуаты мығым жас – ешқашан елдіктің туын жықпайды. Біздің басты байлығымыз, ол – білім. Сондықтан да қаладағы барлық білім ошақтарында «Тәрбие және білім», «Кітап – білім бұлағы», «Буккроссинг» жобасы, «Кітап оқу терапиясы», «Туған жерге туыңды тік», «Ғажайып алаң» атты сыныптан тыс іс-шаралар өткізілді. Сөзімнің қорытындысында айтарым, «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім-нәр егеді», деп ежелден тәмсілдеген дана халқымыз «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деген секілді талай ұлағатты ой қорытқан. Сондықтан бүгінгі таңдағы кез келген көзі қарақты ата-ана ұл-қызының білім алып, қатарынан кем болмағанын ойлайтыны белгілі. Мұндай көзқарас бұрынғы өткен замандарда да, қазіргі кезде де, алдағы уақытта да қайталанып отыратын игілікті құбылыс, өмір заңдылығы.

Гүлнәр ҚҰЛИБАЙ,

№30 Ш.Мұртаза атындағы

мектеп-гимназия мұғалімі.

Ұқсас жаңалықтар