Өнерім - пырағым, ақ қанат тұлпарым

Өнерім - пырағым, ақ қанат тұлпарым
ашық дереккөз
Өнерім - пырағым, ақ қанат тұлпарым
Өмір қанша жерден өткінші болғанымен, өнер мәңгілік ұғым. Сәйкесінше өнер бар жерде өмір бар. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамас ақиқат. Ал оларды ажыратпай, дәуірлерге жалғайтын дәнекер, ол, әрине, өнер иелері. Қасиетті Әулиеата жері қара қылды қақ жарған биге де, қарсыласқан жауын өз қанына тұншықтырған батырға да, қанатын құзға, азуын айға қайраған ақынға да кенде емес. Қашанда қара жерден биік тұратын қасиетті сахна сайыпқырандарының да кіндік қаны тамған киелі өлке. Олардың арасында Айша бибідей хас сұлу, Домалақ анадай дана, Ұлбикедей батыл һәм аяулы арулардың ізін жалғап келе жатқан нәзік жандыларымыз да аз емес. Солардың бірі де бірегейі, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның Халық артисі Мәкен Рахымжанова 70 жасқа толды.  Есімі өңір жұртшылығына ғана емес, ел аумағына белгілі өнер иесі өзінің бар саналы ғұмырын сахнада өткізді. Жетпіс көктемнің елуін өлмес өнерге арнады. Елу жыл бойы ел алдында, ел жадында, ел жүрегінде жаңғырды. Театр тарихында өзіндік аласармас асқақ абыройы, беделді белесі бар сахна өнерінің саңлағына айналды. – 1972 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы театр студиясын актер мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен осы шаңыраққа келдім. Содан бері де елу жыл өте шықты. Алғаш облыстық театрға келгенімде жасым жиырмада еді. Ең алғаш сол жасымда қасиетті сахнаға шықтым. Ең бірінші рөлім сол 60-70 жылдарда ел ішінде үлкен резонанс тудырған Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты туындысындағы Жәмила образы болды. Бұл негізінде жастарға арналған спектакль. Ал біз театрға алғаш келген уақытта ұжымда жастар мүлдем жоқ болатын. Басым көпшілігі өнерге сүбелі еңбегі сіңген үлкен кісілер. Біз жастардың толқыны болып келдік. Аталған қойылым біздің дипломдық спектакль еді. Осындағы аға буын өкілдері декорацияны жасап, киімін тігіп берді. Біз өзіміздің дипломдық қойылымды сахнаға алғаш осылай алып шықтық. Жарқ етіп осы қойылыммен сахнаға шыққанымызда қала көрермендері, жастар дүр сілкінді деп толыққанды айта аламын. Радио мен газеттерде де жазылып, сол қойылым туралы жақсы хабарлар таратылды. Басты кейіпкер Жәмиланың образымен көзге түсіп, сол кезде «Еңбек туы» деп аталатын облыстық басылымның «Театрға жас буын келді. Мәкен Рахымжанова деген жас қыздан болашақта зор үміт күтеміз» деп жазғаны әлі есімде, – деп еске алады өнер иесі өзінің жастық шағын. Кейінірек ол қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдени тынығу» мамандығын меңгереді. Осылайша бүгінге дейін көпшіліктің жүрегіне жол тапқан жүзден аса сахналық қойылымдарда тек қана басты рөлдерді сомдап келеді. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, С.Шаймерденов, О.Бөкеев, Ә.Тарази секілді қазақ әдебиеті марғасқаларының, классиктерінің, сонымен қатар У.Шекспир, М.Шолохов, А.Чехов сынды орыс және әлемдік ұлы қаламгерлердің туындыларындағы басты кейіпкерлерді сахнаға шығарудағы кәсіби актрисалық шеберлігі сан мәрте мойындалып, театр өнерінде қол жеткізген асу, биіктері мүйізі қарағайдай театртанушылардың да, өнерсүйер көрерменнің де жоғары бағасын алды. – Өнерге деген менің құштарлығым, сүйіспеншілігім бала күннен бар еді. Кішкентай кезімнен әртіс болсам деп армандадым. Үйдегілер қарсы болса да, ештеңеге қарамай қашып барып оқуға түскен болатынмын. Сол өнерге деген махаббатым арқылы театрға келгеннен кейін өзімнің жан-тәніммен, бар болмысыммен кейіпкерлерді сомдадым. Елу жыл театрда жұмыс істеп жүріп эпизодтық рөлдерге өте сирек түскен адаммын. Тек қана басты кейіпкерлерді ойнадым. Қазақтың Қаракөзін, Баянын, Құртқасын, ел тарихындағы барлық ардақты аруларды сомдадым. Өнер деген үлкен құдірет. Көзді ашып-жұмғанша елу жылдың өтіп кеткенін де байқамай қалдым. Жетпістің қырқасына енді шықсам да, өнерде мен ананың образына ерте түстім. 42 жасымда Әлібек Әмзеұлының «Қара кемпір» қойылымында Қали образын алып шықтым. Оның жас кезін де, егде шағын да, өлер шағының алдындағы бейнесін де ойнадым. Бұл театрдағы менің өз творчествомдағы тұғыр, шымылдықтағы шыңым болды. Менің жан жүрегіме, өміріме, тағдырыма, басымнан кешкен қиындықтарыма осы «Қара кемпір» образы дөп келді. Содан да болар, сол образ менің жаныма өте жақын болып қалды. Қазір де театрда аналардың образын сомдап келемін. Жалпы айтқанда мен жанр таңдайтын актриса емеспін. Трагедияны да, драманы да, комедияны да ойнай беремін. Маған сеніп тапсырылған рөлді абыроймен алып шығуға барымды салатын жанмын. Өте жақсы режиссерлердің қолына түстім. Ұстазым Жақып Омаровтан бастап қазақтың біртуар режиссерлері қолдау білдірді. Сол ұстазымның өзі «Халық әртісі» атағын кейін алды. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы деп ол кісі мақтанышпен айтып жүретін. Маған өле-өлгенше рухани қолдауын білдіріп кетті ол кісі. Маман Байсеркенов ағамыз да менің талантымды, еңбексүйгіштігімді бағалап, басты рөлдерді берді. Мен осындай аға буын өкілдерінің сенімін ақтап, берілген образды халықтың жүрегіне жеткізбейінше тыным таппайтынмын. Әлі де солай. Себебі жас кезімде кітапты көп оқыдым. Қазақтың үлкен жазушыларының кітаптарын іздеп оқитынмын. Қай жерде жаңа кітап бар десе, соны міндетті түрде қолыма алмайынша жаным жай таппайтын. Қазір де өзімнен кейінгі жастарға кітап оқудың маңыздылығын үнемі айтып келемін. Көп оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, жан сарайы ашылады. Бір кітапты оқығанның өзінде ондағы қаншама кейіпкерлердің жан дүниесіне үңілесің. Сол секілді сол оқыған кітаптарыңдағы кейіпкерлер өзің ойнайтын рөлді елге жеткізуде де көп көмектеседі, – дейді өнер қайраткері. Мәкен Рахымжанова актрисалық қызметімен қоса ұзақ жылдардан бері өнер саласында талантты шәкірттерді тәрбиелеп келеді. Мектеп үйірмелері мен студенттерге театр өнері туралы дәріс оқып, болашағын өнермен байланыстыруды армандайтын өскелең ұрпаққа ұлағатты ұстаздық етіп жүр. Өңірдегі өнердің қарашаңырағында жарты ғасыр бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан майталман 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, 1986 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1996 жылы Қазақстанның халық артисі атанды. Біз атап өткен бұл марапаттары сахнадағы саф өнер үшін сарқып төккен теңіздей тері мен алтын уақытына көрсетілген құрметтің тамшысы ғана. Кеше ғана өзінің жетпіс жасы облыстық театрда өнер мерекесіне ұласты. «Өнерім – пырағым, ақ қанат тұлпарым!» атты шығармашылық кеші де жоғары деңгейде өтті. Кештің басты кейіпкері ретінде өзі де сахнаның төрінде өнер көрсетті. Еңбек жолы жайында бенефис көрсетіліп, шығармашылығына жан-жақты шолу жасалды. Облыстық театрдың шығармашылық ұжымы тайлы-тұяғына дейін бір кісідей атсалысты. Сән-салтанаты жарасқан шара соңында кеш кейіпкері текті сөзді тізгіндеп, өнер жолында қатар жүрген замандастарына, ізін басқан жастарға, өнерсүйер көрерменге, әулиеаталық әріптестеріне зор алғысын жеткізді.

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар