Біз білетін Мәзбаевтың шәкірттері «ТАРАЗДЫ» ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ

Біз білетін Мәзбаевтың шәкірттері «ТАРАЗДЫ» ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ
ашық дереккөз
Біз білетін Мәзбаевтың шәкірттері «ТАРАЗДЫ» ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ
Жамбылдықтар Нұркен Мәзбаевты бапкерлігінен бұрын кәсіпқой футболшы ретінде жақсы таниды. Оның «Тараз» футбол құрамасы сапында жасындай жарқыраған сәттерін жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ. Еске салар болсам, Мәзбаев доп тепкен жылдары «Тараз» қарсылас шақ келтірмей, ел чемпионы атанды. 1996 жылы клуб құрамына кіл мықтылар жиналған-ды. Солардың қатарында әр ойын сайын жаңа қырынан танылып, командаластарына жігер берген Нұркен жергілікті клубтың жүрегі секілді болды. Сырт алаңда да көсіліп, қарсыластар қақпасына кейде екі-үш гол тоғытып кететін. Қарап отырсам, «Тараз» футбол клубындағы жемісті де жеңісті жылдар Нұркеннің кезінде өткен секілді. Сол деммен тараздықтар ел кубогы мен ел чемпионатын бір жылда жеңіп алды. Білікті футолшының жасыл алаңдағы шеберлігі, командаластарымен ұғысуы сынды қабілеттерін тізбектей берсек, айтып тауыса алмаспыз. Жергілікті клубтың жанкүйері ретінде тараздық таланттың өз командасына бапкер болып қайта оралса деген ой бұрыннан мазалайтын. Енді жыл басында көптің тілегі орындалып, Мәзбаев өзі жеңіске жетелеген клубтың тізгінін ұстады. Несін жасырамыз, кейінгі жылдары клубтағы қаржылық қиындық және басқа да қайшылықтардан «Тараз»-дың ойыны алға баспай-ақ қойды. Тіпті, жоғары лигадан шығып қалған сәтсіз маусымдарын да көрдік. Болмаған соң, шетелден ойыншылар мен бапкер тарттық. Енді қарап отырсақ, Мәзбаев келгелі «Тараздың» ойыны түрленіп сала берді. Тараздықтар 11 ойында 6 рет ұтып, 3 рет тең ойнаса, тек 2 ойында қарсыластарына есе жіберді. Осылайша, өңірдің білікті жастарынан құралған клуб турнирлік кестеде 21 ұпаймен топ бастады. Ол-ол ма, біздің жігіттер жуырда Оралдық «Ақжайық» клубын өз алаңында 2:0 есебімен тізе бүктіріп, жанкүйерлерін тағы желпіндірді. «Тараз» футбол клубы маусым соңына дейін осы жетістігінен танбай, жеңісті жорығын жалғай берсін дейміз!

 Әшен ҚЫРҒАБАҚОВ,

еңбек ардагері.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар