Шаршы тақтада бақтарын сынады

Шаршы тақтада бақтарын сынады
ашық дереккөз
Шаршы тақтада бақтарын сынады
Облысымызда балалар мен жасөспірімдер арасында шахмат өнеріне қызығушылық арта түсуде. Бұл зияткерлік ойынды дамыту бағытында едәуір істер қолға алынып келеді. Осы орайда жалпы білім беретін мектептерде шахмат үйірмелерінің жұмыстары біршама дұрыс жолға қойылғандығын айтсақ та жеткілікті.  Облыс әкімдігі білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен Тараздағы №4 орта мектебінің спорт залында жылдам шахматтан жалпы білім беретін мекемелер арасында облыстық командалық жарыс болып өтті. Бұл бәсеке даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлын еске алуға арналды. Шу және Тұрар Рысқұлов аудандарынан екі-екіден 4 команда қатысса, қалған аудандар жарысқа бір-бірден команда алып келді. Тараз қаласынан 4 команда бақтарын сынады. Айта кету керек, жас шахматшылардың бапкерлері, яғни дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері де осы сайысқа қатысып, өз командаларын жеңістерге жетеледі. Шахмат өнерінің жеке тұлғаны қалыптастыруда алатын орны ерекше.Осыны мықтап түсінген білім беру мекемелерінің бұл саладағы тындырымды істері айтуға тұрарлық. Бұған тұрақты жұмыс істейтін шахмат үйірмелерінің жеткен жетістіктері дәлел. Аталған шахмат додасында қала мектептерінің ойыншылары мерейлерін үстем етті. Тараздағы №40 мектеп-гимназия командасы шаршы тақтадағы шайқасты қыздырып, 1-орынды жеңіп алды. Шу ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектеп 2-орынды, Тараздағы №125 «EDUCATION» білім беру орталығының командасы 3-орынды иеленді. Тұрар Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Жандос Адибаев өз тақтасында үздік көрінді. Шу ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектебінің мұғалімі Жандос Садықов 2-ші жүлденің иесі атанды. Ұлдар арасында Тараз қаласындағы №40 мектеп-гимназиясының оқушысы Раул Нурмухаметов өз тақтасында жеңімпаз атанса, №125 білім беру орталығының оқушысы Айбек Тұраров 2-орынды иеленді.Қыздар арасында №40 мектеп-гимназиясының оқушысы Юлия Финько ешкімге дес бермей дара шықса, №125 орта мектебінің оқушысы Анелия Тұрар 3-орынды қанағат тұтты. Жамбыл облыстық шахмат федерациясының төрағасы Әлібек Өтеулиев жеңімпаз командаларды құттықтап, кубоктар мен дипломдар тапсырды. Өз тақталарында топ жарған мұғалімдер мен оқушылар да дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Мақұлбек БІЛӘЛБЕКҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар