1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР
ашық дереккөз
1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

«АҚ ЖОЛ»

 (2009 жыл) 12 мамыр, №74. (16.454). Басылым «Колхозшы» атанған кезінде 1939 жылы қызметке келіп, зейнетке «Еңбек туының» бас редакторының орынбасарлығынан 1963 жылы шыққан кәсіби журналист, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Төленді Оңғарбаев тұрған Тараз қаласындағы, Әйтиев көшесіндегі үйдің қабырғасына ескерткіш сынтас орнатылды. Оны орнатуға журналист туып-өскен Байзақ ауданы «Қызыл жұлдыз» ауылдық округі әкімдігі демеушілік жасады. Шағын митингке қатысушылар алдында «Ақ жол» газетінің бұрынғы және қазіргі редакторлары Арғынбай Бекбосын, Мақұлбек Рысдәулет, абыз ақсақал Арыстан Өтеулин сөз сөйлеп, Төленді Оңғарбаевтың облыс баспасөзінің қарашаңырағында өткен жемісті қызмет жолы, сандаған шәкірттер тәрбиелегені жайлы тағылымды естеліктер айтты. Сынтастың ашылу салтанатына ұзақ жыл редакцияда бірге еңбек еткен қаламдас - әріптестері Баттал Жаңабаев, Ахмет Қазыбаев пен газетте еңбек етіп жүрген журналистердің қазіргі буыны қатысты. 28 мамыр. №95-96. (16.903—16.904). «Ақ жолдың» тарлан журналисі Бақытяр Әбілдәұлының «Шапырашты Наурызбай батыр» атты тарихи-деректі романы жарық көрді. «Ақ жол» газеті облыстың рухани өміріндегі бұл оқиғаға арнаулы бет арнады. Онда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, абайтанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтің, журналист, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Әлдихан Қалдыбаевтың, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиевтің мақалалары берілді. 17 қазан. № 191-192. (16.999—17.000). Бірінші бетіне «Бас редактор лебізі» айдарымен жарияланған «Ақпараттың ағынды арнасы» мақаласында сексен жеті жылдан бері Жамбыл өңірінің шежіресін жазып келе жатқан «Ақ жол» газетінің 17 мыңыншы саны шыққаны хабарланды. Ал «Оқырманмен жүздескен 17000 дастан» деген тақырыппен берілген айқарма бетте Арғынбай Бекбосын, Жақсылық Сәтібеков, Бақытяр Әбілдаев, Рахметілдә Құдабаев, Тоба Момынәлиевтердің естеліктері берілді. Алдында газеттің бұрынғы редакторлары Баттал Жаңабаев, Әлдихан Қалдыбаевтардың естеліктері берілген болатын. Айқарма бетте газет тарихына, онда еңбек еткен журналистерге арналған мақалалар, достық әзілдер бар. 5 желтоқсан. № 227-228. (17.035—17.036). Облыстық «Знамя труда» газетінің 90 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. «Ақ жол» бұл туралы «Байырғы басылымға құрмет» деген мақала жариялады. Газет мерейтойына 30 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған Қ.А.Бозымбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. (2010 жыл) 1 қаңтар.№1. (17.053). Газеттің жаңа жылдық саны мазмұнды да, қызықты жарияланымдарымен ерекшеленді. Бірінші бетте «Бас редактор мінбері» айдарымен берілген шағын мақалада оқырмандар өз газеттерінің таралымы 22.561-ге жеткенінен хабардар болды.Ал газет жанынан шыға бастаған «Алтын шырақ» журналының таралымы бір жылда 800-ден 3 мыңға жеткен. 19 қаңтар. № 9-10. (17.083-17.084). Ұлт мақтанышына айналған даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының туғанына жүз жыл толуына орай Тараз қаласындағы «Бауыржантану» орталығы жоспарланған көп томдығының алғашқы он бес томын республикалық «Өнер» баспасынан шығарды. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан кітаптарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі демеушілік жасады. 9 ақпан.№ 28. (17.080). Бұл нөмірінің бірінші бетінде жақсы жаңалық жарияланды.Тақырыбы – «Баукең жайлы жаңа кітап», авторы – Мәскеудегі «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова. Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойы қарсаңында Мәскеуде «Легендарный батыр» атты кітап басылып шығып, ақпанның бесі күні Қазақстан елшілігінің ғимаратында тұсаукесері өткізілген болатын. Кітапты баспаға Тараздағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Мәскеудегі «Ескерткіш» қоры дайындаған. Екі тілде жарық көрген кітап Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ мәдени орталығының президенті Жәнібек Елекбаевтың жеке демеушілігімен баспадан шыққан. Тұсаукесер шарасына елден Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметов, облыс әкімінің сол жылдардағы орынбасары Мейрамбек Төлепберген, іскер азаматтар Аманкелді Момышев, Аманкелді Бектай барды.Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының қызы Елена Коркина, генерал Панфиловтың қызы Майя Панфилова, ғалымдар, соғыс және еңбек ардагерлері, Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Газеттің осы нөмірінде Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай Жамбыл облыстық әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп драмалық шығармаларға жариялаған жабық конкурс қорытындысы да жарияланды. Бірінші орын «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» драмасы үшін жазушы-драматург Елен Әлімжанға берілді. Жазушы Мағрипа Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» драмасы – екінші, ақын Жәркен Бөдешовтің «Жұлдызтас» поэтикалық драмасы үшінші жүлде алды.

Дайындаған

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар