Жеңісін «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арнады

Жеңісін «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арнады
ашық дереккөз
Жеңісін «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арнады
Алматы қаласында кіші футболдан өнер және медиа саласы өкілдері арасында республикалық біріншілік аяқталды. Бұл сайыста еліміздің әр аймағынан жиырмаға жуық команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жамбылдық БАҚ өкілдері және ақындардан құралған «Taraz press» командасы топтық кезеңде 5 ұпай жинады. Бұл жетістік олардың play off кезеңіне өтуіне мүмкіндік берді. Play off бәсекесінің ¼ финалында «Taraz press» атыраулық «Аманат» командасын ұтып, жүлденің ауылына жақындай түсті. Ал жартылай финалда жерлестеріміз қарағандылық «Никулин» командасымен негізгі уақытта 2:2 тең ойнап, тек пенальти сериясында ғана қарсыластарына есе жіберді. Ал финалда қызылордалық өнерпаздардан құралған команда қарағандылық «Никулин» командасын ұтып, жарыстың жеңімпазы атанды. Сыр бойынан келген команда сапында «Алтын домбыра» республикалық айтысының үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов, күміс жүлдені иеленген қарағандылық команда сапында Айтбай Жұмағұлов, Дидар Қамиев секілді елімізге танымал айтыскерлер өнер көрсетті. «Taraz press»-тен бөлек тараздық асабалардан құралған «Ернұр» командасы да жартылай финалға дейін сүрінбей жетті. Үшінші жүлде үшін жамбылдық қос команда өзара ойнаудан бас тартты. Ұйымдастырушылар ақылдаса келе әулиеаталық қос команданы да қола жүлдеге лайық деп тапты. Сөйтіп, біздің қос командамыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Taraz press» командасының шабуылшысы Қайрат Анарбаев осы чемпионаттың «Сұрмерген ойыншы» аталымын иеленді. Ол былтыр Ақтау қаласында өткен «Жұлдызды лига» атты турнирдің де үздік ойыншысы атанған еді. Одан бөлек жерлестеріміздің сапында белгілі өнер өкілі Арман Жаналиев, журналист Нұржан Туғанбай, айтыскер Нұрлыбек Құрманов секілді танымал азаматтар бар. Осы турнирге қатысушы «Taraz press» командасына «AULIEATA – MEDIA» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және кәсіпкер Нұрлан Жүзбаев қолдау білдіріп, демеушілік танытқан екен. Біз жүлдегер команданың ойыншыларына хабарласып пікірін білген едік. «Біз осы жеңісімізді облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арнаймыз», – дейді айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов.

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар